Ахмет оқулары өтті
Катонқарағай аудандық Мәдениет үйінде ұлт ұстазы, ағартушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, әдебиеттанушы, ақын және аудармашы, саяси публицист, алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының рухани көсемі» атты А.Байтұрсынұлы оқулары өтті.
Алаш арысының ғылыми әрі шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған байқауға ауданның 12 ауылдық округінен келген өнерпаздар қатысып, бақ сынады.
Қатысушылардың өнерін аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бейімбет Болаев, аудандық мәслихат депутаты, Шығармашылық үйінің директоры Шынар Құрманова, аудандық мәдениет үйінің қызметкері Айгүл Бұхарбаева және аудандық «Арай»-«Луч» газеті бас редакторының орынбасары Тимур Смағұлов қатарлы қазылар алқасы бағалады.
Алғашқы кезеңде өнерпаздар А.Байтұрсынұлының әдеби шығармашылығынан бір поэзиялық туындысын жатқа әрі мәнерлеп оқудан сайысты. Бұнда Катонқарағай, Үлкен Нарын және Новополяковка ауылдық округтерінің атынан шыққан сайыскерлер үздік өнер көрсетті. Екінші кезеңде, яғни, ақынның мысалдарын сахналауда тағы да Катонқарағай мен Үлкен Нарын, сондай-ақ Өрел ауылдық округтерінің қатысушылары үздік өнерімен көзге түсті. Үшінші кезеңде сайыскерлер А.Байтұрсынұлының публицистикалық мақалаларын мәнерлеп оқыды. Бұнда да Катонқарағай мен Өрелдің, сондай-ақ солдатовалық және үлкеннарындық өнерпаздар мықты дайындықпен келгенін байқатты.
Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар ұлт ұстазына арналған өз өлеңдерін оқыды. Көпшілік алдында арнау өлеңін оқыған Катонқарағай ауылдық округіне қарасты Жаңа Үлгі негізгі орта мектебінің мұғалімі Елдос Бұланбек, Көкбастау ауылынан Медет Әділханов, Белқарағайдан келген Құралай Қайырғазинаның өнеріне көрермендер тәнті болып, зор қошемет көрсетті.
Мазмұнды шараны қорытындылаған қазылар алқасының төрағасы Бейімбет Болаев қатысушыларға Ахмет Байтұрсынұлының өнегелі жолы мен шығармашылық мұрасын насихаттап, дәріптеуге атсалысқаны үшін алғысын білдірді.
Байқаудың бірінші кезеңі бойынша бірінші орынды Катонқарағай ауылдық округінен Ләйлә Қанатова жеңіп алса, Үлкен Нарын ауылдық округінен Елена Құсайынова екінші, новополяковкалық Әсел Кеңесқазина үшінші орынды иеленді. Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша бірінші орынды Катонқарағай ауылдық округі, екінші және үшінші орындарды Өрел мен Үлкен Нарын (Қ.Дамитов атындағы орта мектебі) өзара бөлісті. Үшінші кезең бойынша бірінші орыннан катонқарағайлық Гүлүзім Мәжинова көрінсе, өрелдік Роллан Ахметов екінші, Үлкен Нарыннан (аудандық агротехникалық колледжден) Айдын Әнуарбек үшінші орынды еншіледі. Төртінші кезең бойынша Катонқарағай ауылдық округінен Елдос Бұланбек үздік деп танылса, жүлделі екінші және үшінші орындарды Көкбастаудан (Үлкен Нарын а.о.) Медет Әділханов пен Белқарағайдан Құралай Қайырғазина иеленді.
Ал байқаудың бас жүлдесін сайыс кезеңдерінің түгеліне дерлік қатысып, үздік өнерімен танылған Катонқарағай ауылдық округі жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ оларды байқауға дайындаған жетекшілеріне ұйымдастырушылар атынан грамоталар мен естелік сыйлықтарды аудан әкімінің орынбасары Динара Қожанова табыстады.
Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.