Қоғам

АХМЕРДЕН ЖАҢА ЗАУЫТ АШПАҚ

Өскемендік кәсіпкер Айдын Марат елге таңсық экологиялық жобаны жүзеге асыруға бел буып отыр. Тың жобаның  экологиялық, экономикалық тиімділігі сонда, күн сайын қоқысқа тасталып, жер жүзін жайлап алған пластик, полиэтилен құтылар, қапшықтар, басқа да дүниелер қайтадан кәдеге жаратылып, жаңа өндірістен халыққа аса қажетті өнім алынып, жұмыс орындары ашылмақ.

ЦЕЛЛОФАННЫҢ ОРНЫНА ҚАҒАЗ ҚАПШЫҚ

 

 Алдымен экологиялық қағаз қапшықтар шығарып, дүкендерге тегін таратуды көздеп отырған кәсіпкер жаз шыға Ахмер  ауылы аумағында  пластик құтылар мен қапшықтарды қайта өңдейтін  мини зауыт ашпақ.

Айдынның басына бұл идея 2008 жылы «Бизнес -Кеңесші» жобасы курсын оқығаннан кейін келген екен. Содан бері бар ойы тек экологиялық жоба  төңірегінде ғана болады. Бұған дейін металлургия өндірісінде технолог болып жұмыс  істеп келген ол жобасын жүзеге асырудың сәті енді туғанын айтады:

-Өткен жылы Президентіміз өзінің Қазақстан халқына Жолдауында экологияны оңалтатын уақыт келіп жеткенін мәлім еткенде маған осы үрдіске қатысатын уақыт туғанын ұқтым. Осылайша, ғаламтордан экологияны жақсартуға үлес қосатын өндіріс  түрін ашудың амалдарын, жолдарын іздестіре бастадым. Ақырында  ЭКОпакеттер шығару туралы ұсынысқа тоқталдым. Халыққа тегін таратылатын қағаз қапшықтардың нан сапасын сақтауға да айтарлықтай әсері бар. Биылғы жылдың қаңтарында біз қазақстандық «Home Info» компаниясынан Семей, Өскемен қалалары бойынша франшиза (бизнес-модель құқығын сатып алу.ред) сатып алдық. Бұл компания 2015 жылдан бері Қазақстанның және  ТМД-ның 20 қаласында жұмыс істеп жатыр. Компанияның өзі Алматыда.  Біз  онлайн түрінде компанияның оқыту семинарларына қатысып, тренингтерден өтіп, франшиза бойынша қажеттіліктердің бәрін алдық.

Кәсіпкердің өзі айтқандай,  жаңа бастамасын жүзеге асыруға облыс кәсіпкерлерінің палатасы үлкен қолдау көрсеткен. «Көз – қорқақ, қол – батыр» десек те, жаңа жобаны  бастау оңай емес. Оның үстіне қазіргідей карантин кезінде. Көпшілік мекемелер қашықтан жұмыс істеуге көшкен. «Boss company» ЖШС басшысы Айдын жобаға кіріспес бұрын облыс кәсіпкерлері палатасына хабарласып, палата мамандары ЖШС ашуға қажетті құжаттардың тізімін жібереді. Кәсіпкерді моральдік жағынан қолдап, сұрағанының бәрін тәтпіштеп  түсіндіреді.

– ЭКОпакеттер бір орталықтан  шығарылады. Алматыдағы өндірісте  осындай өнімдерді шығаруға  арналған станок бар. Қазір біз Өскемендегі, Семейдегі жергілікті супермаркеттермен, сауда үйлерімен ЭКОпакеттердің сыртына солардың жарнамаларын беруге келісімшарт жасап жатырмыз. Жаңа экологиялық заңнамаларға сәйкес 2025 жылдан бастап елде полиэтилен пакеттерінің өндірісі жабылады, дүкендерде, барлық сауда орындарында полиэтилен пакеттер берілмейтін болады. нанды бүгінгідей целлофан дорбаға салып беруге тиым салынады.  Еліміздің Экология кодексінде полиэтилен қалдықтарын полигондарда сақтауға тыйым салынған.  Полиэтилен пакеттердің орнына қағаз қапшықтар-ЭКОпакеттер беріледі. Бірақ біз осы өзіміз өндіріп жатқан ЭКОпакеттерді сауда орындарында тегін тарату үшін кәсіпкерлерді осы  пакеттердің сыртына жарнама беруге тартуымыз керек. Алайда әзірге кәсіпкерлерден : «Алдымен, сіздер жасап, жүйелі жолға қойыңыздар, біз сосын қосыламыз» деген жауаптарды ғана естіп жатырмыз. Менталитетіміз солай ғой. Алдын ала есептеліп, болжанып отырғандай, 10 мың пакет шығарсақ,сол он мың пакет арқылы  жарнама беруші туралы ақпаратты 50 мың адам көре алады. Дәл қазіргі күні осы мәселемен-жарнама жинаумен айналысып жатырмыз. Егер іс бірден жүріп кетпей жатса, басқа жобадан ақша құйып, пакет өндірісін бәрібір жолға қоямын. Адамдардың қағаз қапшықтарға үйрене бастауы үшін бізге өндірісті бастап кету маңызды, дейді ол

Айдынның айрықша әлеуметтік жобасы кедергісіз жүзеге асуы үшін облыс кәсіпкерлерінің палатасы жергілікті атқарушы органдарды, бизнес қоғамдастықтарын «Boss company» серіктестігінің жобасын, бастамасын қолдауға шақырып отыр.

Мәріпбек Шәкербек, Шығыс Қазақстан облысы кәсіпкерлері палатасының директоры:

  • Әлемде жыл сайын 350-400 миллион тоннадай пластик бұйымдар шығарылады. Солардың тең жартысы қалдыққа кетеді. Бұл қалдықтардың азғана бөлігі ғана қайта өңдеуге жіберіліп жатыр. Сондықтан бүгінгі күні пластиктерді қайта өңдеуді жолға қойып, қоршаған ортаны қорғау мәселесі өткір тұр. Егер елімізде осындай экологияны жақсартуға, қоршаған ортаны оңалтуға қатысты бизнес жобалар қолға алынып жатса, біз мұндай бастамаларды жан-жақты қолдаймыз.

60 СЕКУНДТА ӨНДІРІЛЕТІН ТАУАР

Еліміздегі  «Jasyl Arystan» экоқорының есептеуі бойынша  Қазақстанның әр тұрғыны жылына 42 келі пластикалық  қалдық лақтырады екен, сонда жылына 760 млн. келі пластикалық қалдық шығарылып жатыр. Қазақстанда ресми жұмыс істеп тұрған 15 қайта өңдеу кәсіпорыны бар. Жылына  6 млн. келі қалдық қайта өңделсе, шамамен бір кәсіпорынға 51 млн. келі пластикалық қалдықтан келеді. Сонда жылына 90 млн. пластикалық қалдық қана  өңделеді, бұл барлық  шығарылатын қалдықтардан 8 есе аз. Өскеменде және оған жақын елді мекендерде жылына 17 млн. келі пластикалық, полиэтиленді қалдықтар шығарылады. Олардың ыдырап, жойылуына 100 жылдан 500 жылға жуық уақыт кетеді. Экологиялық кодекстің 301 бабына сәйкес полигондарда полиэтилен қалдықтарын сақтауға тиым салынған.

«Boss company» ЖШС ашқалы отырған пластик қалдықтарды  қайта өңдеу зауытында өзіміз күн сайын дүкендерден  алып келіп жатқан целлофан қапшықтар, полиэтилен, полипропилен қораптар, пластик құтылар тәрізді тұрмыстық қалдықтар қайта өңделіп, олардан өзге дүние жасалып шығарылады. Ол қандай зат екендігін алда айтамыз. Кәсіпкер пластиктерді  қайта өңдеу технологиясының Еуропада, Оңтүстік-Шығыс Азияда, Жапонияда, АҚШ та, Ресейдің өзінде  кеңінен қолданылып жатқанын айтады.

– Бізге сол дайын технологияны қолдану ғана қалды. Біз Италия мен Германияның, Ресейдің пластиктерді қайта өңдеу құрал-жабдықтарын зерттеп, қарап шықтық.  Әлемдік тәжірибеде  мұндай цехты іске қосуға 130 миллион теңге кетеді екен. Біз Ресейден бұдан төрт есе арзан технологияны таптық. Қайта өңдеу цехының құны  30 миллион теңге. Сегіз айдан соң жоба рентабельділігін көрсете бастайтын  болады және ол көрсеткіш 105 пайызға жетеді,-деген кәсіпкер Айдын Марат қайта өңдеу цехын ашуға қажетті қаражатты «Даму» қоры арқылы алуды ұйғарып отырғанын айтты.

Жаңа жоба иесіне өкінішке қарай,  бір ғана банк қолдау білдіріпті. Өзге банктер кәсіпорынның ең аз дегенде бір жыл жұмыс істеуін талап еткен екен. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры өңірге қажетті экологиялық жобаның жүзеге асуына, мини зауыт ашуға қолдау көрсетіп отыр. Аталған қор арқылы  «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша  алатын несиеге кәсіпкер  құрал-жабдықтар сатып алмақ. Қор  құжаттарды бір ай көлемінде қарап, мақұлдамақ. Құрал-жабдықтарды өндірушімен келісім жасалынған. Қайта өңдеу өндірісі қалтарысы көп, қиындығы жетіп, артылатын күрделі сала. Бизнестерінің тоқтап қалмай, өркендей түсуі үшін кәсіпкер Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Денис Федченкоға мемлекеттік тапсырыс алуға, тұтыну нарығын қалыптастыруға қолдау көрсетуге орай өтініш-хат жолдаған.

Бастапқыда мини зауытта жылына 100 мың  келі пластик құтылар қайта өңделмек. Одан әрі шағын кәсіпорын қалалармен қатар аудандарда пластик бұйымдар қалдықтарын  жинау бекеттерін ашып, өндіріс көлемін ұлғайта түспек. Кәсіпорындармен пластик қалдықтарды  жинауға келісімшарт жасаспақ. Пластиктерді жинау жұмыстары жүйелі жолға қойылған соң  басқа да облыстарда  Өскеменде ашылғалы отырған мини зауыт сияқты қайта өңдеу өндірісін ашпақ.

-Қазіргі күні Серікбаев атындағы ШҚТУ-да пластиктерді қайта өңдеу жөнінде лекциялар өткізіп жатырмын. Адамдар, тұрғындар бұл бағыт таяу жылдары бірден-бір  басым бағыт болатынын білуі керек.  Мен осы бағытта жұмыс істеуге ниет еткендер табылып жатса оларды да оқытуға, үйретуге дайынмын. Әр өңірде мини зауыттар ашуға инвестор іздеймін, бизнес қоғамдастыққа осы жобаға қатысуды ұсынамын. Біз бухгалтерлік жағын өзімізге алып, өндірісті, бизнесті жүргізумен  кәсіпкерлердің өзі айналысқанын қалаймыз. Бұл да франшиза іспетті.

«Boss company» ЖШС мини зауытта қайта өңделетін пластик қалдықтардан тротуар плиталарын шығармақ.

–  Бұл – көлемі 30 х 30 см, қалыңдығы 3,2 см полимерқұмды плитка. Мұндай плитка кез –келген ауа райына төзімді. Бір шаршы метрінің бағасы 500 теңге, кафельден арзан. Плитка 70 градус аязға, 70 градус ыстыққа дейін шыдайды. Аязға шыдамдылығына қатысты 500 циклден өткен. Өнімге 50 жылға кепілдік береміз,-деп отыр өскемендік кәсіпкер.  -Алғашқы өнімімізді  алдымыздағы маусым айында шығаруды жоспарлап отырмыз. Себебі, бұл мерзімге үлгере алмасақ, мемлекеттік тапсырыстың  конкурстары мен тендерлері өтіп кетіп, кеш қаламыз.

Кәсіпкерде пластикалық қалдықтарды жинайтын арнайы көліктер бар. Ал мини зауытқа Ресейден әкелініп қойылғалы отырған қос камералы балқыту-қыздыру агрегаты пластикті бірінші камерада  50 градустық  температурада, екіншісініде 250 градустық температурада балқыта алады екен. Екінші камерада пластик құммен араласа отырып біртұтас қоймалжың массаға айналады. Содан соң алынған масса гидравликалық нығыздалудан, престеуден өтіп, одан  дайын өнім-плитаңыз 60 секундтың ішінде-ақ  алынады екен.

Ахмер кентінен ашылғалы отырған  цехтың құрал-жабдықтарын  орналастыруға Айдынның бизнес серіктесінің әкесі өзінің гаражын беріп отыр. Бизнес-серіктесі өзінің жолдасы, бауыры, бұрынғы шекарашы Мирхат Балықов деген азамат. Отан алдындағы қызметін абыроймен атқарып, биыл зейнеткерлікке шыққан Мирхат та  кәсіпкерлікпен шұғылдануға кіріскелі отыр. Ол шағын кәсіпорынның директоры, барлық бухгалтерияны, қағаз жұмыстарын, әкімшілік жұмыстарды Мирхат жүргізсе, Айдынның жұмысы – бас жоспардың жүзеге асуына қаржы тарту, қарастыру.

Жаңа өндіріске жазда төрт жұмыс орны ашылып, 5-6 жүргізуші жұмысқа алынбақ. Пластик қалдықтарды өңдеу өндірісі күткендегідей нәтиже беріп, сәтімен жүзеге асып, қуантып жатса, кәсіпкердің Қазақстан бойынша ашқалы отырған бірнеше  мини зауыттар өндірісі желісіне  10 мың адам жұмысқа тұра алады.

Шикізатты қайта өңдеу технологиясының бүге-шігесін жақсы меңгерген, кәсіби технолог Айдын Марат  қалдық коллапсын азайтуға арналған өз жобасын жүзеге асыруда жергілікті билікке, бизнес-қоғамдастыққа, тұрғындар қолдауына үміт артып отыр. Іске сәт дейік!

Жанаргүл Мұқатай 

Осы айдарда

Back to top button