Қоғам

Ауызсумен қамту ісі ілгері басты

 

Облыс әкімдігінің мәжілісінде таяу жылдарға жоспарланған орталықтандырылған сумен қамту жобаларын іске асыру мәселесі талқыланды. Жалпы, облыста орталықтандырылған сумен жабдықтау 92,8%-ды құрайды, оның ішінде қала халқы – 98,6%, ауыл – 83,2%. Алайда Үржар, Ұлан, Көкпекті, Бесқарағай, Алтай аудандарында мәселе өзекті, халықты қамту орташа облыстық деңгейден төмен.

Бүгінде төрт жоба пайдалануға берілді. Бұлар: Катонқарағай ауданы, Ақсу ауылындағы су құбырының құрылысы, Өскеменнің солтүстік кентіндегі өздігінен ағатын коллекторды және сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту, Тарбағатай ауданы, Қызылжұлдыз ауылындағы ұңғыманы қалпына келтіру жұмыстары.

– Жоспарымыз бойынша 2024 жылға қарай облыс тұрғындарын сумен қамту мәселесін толық шешуіміз керек, – деді аймақ басшысы.

Облыста соңғы алты жылда сумен жабдықтау проблемасын шешуде оң өзгеріс болды. Мәселен, бүгінде облыс бойынша орталық суға қол жеткізу 92,8%-ды немесе 1265,9 мың адамды құрайды. 2015 жылдан бастап «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында өңір елді мекендерінің тұрғындары үшін орталық су мәселесі біртіндеп шешілді.

Қазір 683 ауылдың 529-ында ауызсу бар. Халықты ауызсумен қамту көрсеткіші алты жылда 65,1%-дан 83,2%-ға ұлғайды. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Алмат Ақышев өткен жылы 152 жоба іске асып, қазіргі уақытта 88 жоба аяқталғанын айтты. Оның ішінде 16 сумен жабдықтау, 51 блок-модульдік станса салынды, сондай-ақ ауыл-қалаларда 21 сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.

– Мұндай қарқын 2020 жылы 17,5 мың адамды орталықтандырылған сумен қамтуға мүмкіндік берді. Осы жылы 98 жобаны іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 30 құрылыс жобасы мен 17 жаңғырту жобасы бар, 51 блок-модульдік станция орнатамыз. Бұл ретте 49,6 мың адамды таза сумен қамтимыз, – деді басқарма басшысы.

2015 жылы сегіз жоба пайдалануға берілді, нәтижесінде 703 адам таза сумен қамтылды. 2016 жылы 14 жоба пайдалануға берілді, оның алтауы – жаңа құрылыс. Қосымша 5622 адам орталық суға қол жеткізді. 2017 жылы бұл сан 28 жобаға өсті, нәтижесінде 16323 адам сапалы сумен қамтылды. 2018 жылы 50 жоба жүзеге асты. Оның 18-і аяқталды, 246 километр желі салынды және жаңартылды, ал 32 жоба 2019 жылға көшті. Ірі елді мекендерде сумен жабдықтау нысандарын салумен қатар, жергілікті бюджет есебінен халқы аз ауылдарда 2345 адамға арналған 15 ұңғыма қосымша орнатылды. Барлығы 6470 адам қосымша сумен қамтылған. 2019 жылы 20 жоба пайдалануға беріліп, 4453 адам үйіне су алды. Бұдан басқа, халқы 200 адамнан кем ауылдарда 77 блок-модульді су тазарту және тарату стансасы орнатылды. Барлығы 15923 адам қосымша ауызсумен қамтылды.

– Облыс соңғы жылдары сумен жабдықтаудағы бұрыннан келе жатқан проблемаларды шешуде айтарлықтай ілгерілеп келеді. Бұл көрсеткіш қуантады, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

2022-2024 жылдары 40 мың адам үшін 73 ауылда сумен жабдықтау құрылысы жоспарланып отыр. Жоспарды іске асыру 2024 жылы облыс тұрғындарын орталықтандырылған сумен жүз пайыз қамтуға мүмкіндік береді.

 

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button