
Катонқарағай ауданының шекара шебінде орналасқан Аршаты ауылы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды.
Аршатыда шешімін таппаған екі мәселе болса, соның бірі ауызсу еді. Биыл аталмыш мәселе оң шешімін тапты. Орталық ауызсуға ауылдағы медициналық пункт, мектеп, орман шаруашылығы мекемесі, ауылдық Мәдениет үйі қосылды. Су құбырларын тарту жұмыстарын осы салада тәжірибесі мол «BUILDER GOLD» кәсіпорнының мамандары жүргізіп, барлық құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінен бұрын аяқтады.
Айта кетсек, аталған ауылды көркейтуге бағытталған жұмыстар жалғыз бұл ғана емес. Аршатыда екі ай бұрын жаңа мешіт ашылған болатын. Бүгінде ауылдағы Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілуде. Құрылыс жұмыстарын көзімен көріп қайтқан аудан әкімі Ділдар Қалиқан Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне беру жөнінде тапсырма берді.
Ауылда шешімін таппаған тағы бір мәселе – жол сапасы. Бұл бағыттағы жұмыстар да аудан басшылығының назарына алынып, алдағы уақытта шешімін таппақ.