Қоғам

Ауырмайды жүрек…

Шығысқазақстандық дәрігерлер жүрек ырғағының бұзылуын жоюға бағытталған инновациялық әдісті алғаш рет қолдана бастады.Бұл жоғары технологиялық көмек жүректің радиожиілікті катетерлі абляциясы деп аталады.

Адам ағзасындағы ең маңызды орган – жүрек. «Жүрегім дүрсілдейді» деген сөз романтикалық тұрғыдан өте әсерлі естілуі мүмкін. Алайда дәрігерлер үшін жүректің тарсылдауы, қағысының бұзылуы –шұғыл емдеуді қажет ететін симптомдардың бірі.

Бұрын осыған ұқсас ауруға шалдыққан науқастар емделу үшін Нұр-Сұлтан қаласына немесе шетелге кетуге мәжбүр болған. Қазір өңірімізде бұл медициналық көмек енді МӘМС аясында тегін,қолжетімді.

Өскемен қаласының тұрғыны Оралбек Мамырқанов есімді азамат екі жылдан бері жүрек соғысының жиілегеніне шағымданып жүріпті, алайда өзі бұл дерттің қайдан жабысқанын түсінбейді, көзге көрінердей себеп болмағанын айтады. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет ауруханаға жатып шықты, дәрі-дәрмекпен де емделді. Бірақ аурудың себептері анықталмағандықтанешқандай нәтиже болмады.Екі жылда ер адамның денсаулығы нашарлап, тыныс алуы ауырлап, әлсіздік, ісіну пайда болды, үнемі қорқыныш мазалап, жүрек қағысы кенеттен өзгеріп кететін жағдайға жетіпті.

Жақында 65 жастағы ер адам облыстық мамандандырылған медицина орталығының инновациялық медицина бөліміне түскен еді. Онда дәрігерлер науқасқа электрофизиологиялық зерттеулер жүргізіп, содан кейін жүрек ырғағын бұзатын жүрек нервтерінің радиожиілік абляциясын жүргізу туралы шешім қабылдаған-ды.

Радиожиілікті абляция жіңішке икемді микрокатетер-өткізгіштің көмегімен жүзеге асырылады.

– Ол қан тамырлары арқылы енгізіліп, аритмияға себепші болған жүректегі дұрыс емес ырғақтың көзіне жеткізіледі. Әрі қарай осы өткізгіш арқылы радиожиілік импульсі жіберіледі, – деп түсіндірді  инновациялық медицина бөлімінің меңгерушісі Жандос Уап.

Ал пациент болса, отадан кейін өзін жақсы сезінетінін айтады.

–Мен небәрі 65 жастамын. Мен әлі күнге дейін қоғамға, отбасыма пайдалы болғым келеді. Туыстарым мені қатты уайымдаған еді. Қазір отадан кейін өзімді жақсы сезінемін, ауруханадан шығуға дайындалып жүрмін. Инновациялық медицина бөлімінің дәрігерлеріне үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Ал медициналық сақтандыру маған бұл көмекті отбасылық бюджетке салмақ салмай, тегін алуға мүмкіндік берді,– дейді пациент.

Орталық мамандары келешекте инновациялық медицина бөлімінде жүрек аритмиясын емдеуде интервенциялық аритмологияны дамытуды көздейтіндерін жеткізді.

–Осындай пациенттерге уақтылы көрсетілген көмек миокард инфаркті мен ишемиялық инсульт қаупінің алдын алады, сонымен қатар кардиологиялық препараттарды үнемі қолданудың қажеті болмайды,– деп нақтыладыдәрігерлер.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button