Ауылының атын етік тігіп шығармақшы

«Еңбек етуші халықтың 60 пайызы шағын және орта бизнесте жұмыс істеген кезде Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізеді» деп еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының көзі кәсіпкерлік саласы екенін Елбасы баса айтқан болатын. Бүгінде кәсіпкерлікті еркін меңгеріп, мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмысын жүргізіп отырған жандар біздің өңірде де баршылық.
Осы орайда кәсіптің ерекше түріне зер салып, туған ауылының қақ төрінде жұмысын қызу жүргізіп отырған кәсіпкермен әңгімелескен едік. Ол Жарма ауданы, Үшбиік ауылында аяқ киім тігу ісін бастаған, өз ісінің шебері – Жұмағалиев Марат Ерсайынұлы. Жеке кәсіпкер негізінен Семей қаласының тұрғыны, бірақ кәсібін туған өлкесінде бастауында үлкен мән бар. Осы уақытқа дейін де түрлі салада еңбек етіп, жұмыстың қыр-сырын меңгерген маман болашақта ауылының атын өзі тіккен аяқ киім арқылы таныту арманы екенін жасырмады. Ауылының орталық көшесінен жалға алған үйін аяқ киім тігу шеберханасына айналдырған. Қарамағында бір жұмысшысы бар кәсіпкер біраз уақыт аралығында тұтынушыларының сұранысын ойдағыдай орындап отырғанын жеткізді. Ерлер мен әйелдерге арналған жылы да жайлы ұнты, уги, саптама етік пен басқа да аяқ киімдер тізбегін көбінде таза теріден, сапалы материалдардан тігеді.
– Бүгінде аяқ киім тігуге қажетті барлық материалды арнайы қаладан әкеліп отырамын. Шеберханамызда аяқ киім тігуге қажетті құрал-жабдықтар бар. Енді етік тігетін іс машинасын алу ойымда бар. Бұл істі ешқандай бағдарламасыз аштым. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсібім қолдау тауып жатса, ары қарай ұлғайту жоспарда бар. Аяқ киім тігу ісі өзіме ұнайды, жұмысымды құлшыныспен бастап, әрбір бөлшегіне мұқият назар аударып отырамын. Соның нәтижесінде екі-үш күнде бір пар аяқ киімді дайындап қоямыз, – дейді Марат Ерсайынұлы.
Аяқ киімнің түр-түрін тігетін шебер ұзын қонышты ескі саптама етіктерді қайта жөндейді әрі дәл сондай үлігіде жаңалап тігуді де бастап кеткен.
Кәусар Арықханқызы