ТОП

Ауылдың баласы АҚШ-қа неге кетті?

 Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы көптеген қазақ жастарының шетелде білім алуына мүмкіндік берді.  Осы бағдарлама аясында Америкада білім алғандардың бірі   шығысқазақстандық жерлесіміз – Есімхан Тоқтарбекұлы Оралбаев. Мұхиттың арғы жағындағы Калифорния штатының Йрвайн қаласындағы университеттердің бірінде докторантурада оқып жатқан  Есімханмен  сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Бір кездері қазақтың қара домалақ баласы шетелде білім алсам деп армандай алатын ба еді? Армандаған күннің өзінде мұхиттың арғы жағындағы Америкаға барудың өзі мүмкін емес еді ғой. Қазақ жастарының бұл мұраты еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана шындыққа айналды. Сонау 1993 жылдың 5 қарашасында еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жарлығымен құрылған «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бұл күнде Қазақстанның брендіне  айналып үлгерді. Ел экономикасының басым секторлары үшін кадрлар даярлау мақсатында құрылған осынау бағдарлама шығысқазақстандық   Есімхан Оралбаевтың да жарқын болашағына  жол ашқаны рас.

Есімхан Тоқтарбекұлы  Глубокое ауданында дүниеге келген.  Кейін ата-анасы жұмыс бабымен Катонқарағай ауданының орталығы Үлкен Нарын ауылына қоныс аударады. Кішкентай Есімхан осы ауылдағы Қабдеш Дамитов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, осы мектепте төртінші сынып бітіргенше білім алады. Ол 5-6 сыныпты Өскемендегі №3 мектеп-гимназиясында, ал 7-11 сыныпты сол кездегі қазақ-түрік лицейінде жалғастырады. «Менің мектепте оқып жүргендегі арманым – дипломат болу еді» дейді Есімханның өзі. Сол арманына сәл де болсын жақындау үшін ол Өскемендегі Достық үйінің жанынан ашылған қытай тілі курсына жазылады. Арманшыл жас 2004 жылы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне оқуға түседі. Группаластары оны  староста етіп сайлайды.  Өзі де қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады.  Студент жастар конгресі қауымдастығының мүшесі болады.  Десе де Есімхан өзінің бойындағы қарым-қабілетін, білімін дамыта түсу үшін ары қарай «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен білім алуды мақсат тұтады. Сөйтіп, ол бағдарлама иегері атанып, АҚШ-та білім алу мүмкіндігіне қол жеткізеді. 2005 жылы Есімхан Оралбаев Америкадағы Мичиган мемлекеттік университетінің мемлекеттік басқару факультетіне оқуға түсіп, 2008 жылы оны қызыл дипломмен аяқтайды. Университетте оқып жүргенінде Есімхан сенатор Ирма Клак Колеманның кеңсесінде тәжірибеден өтіп, Мичиган  штаты губернаторының қолдауымен ұйымдастырылған Көшбасшыларды дамыту бойынша бағдарламасының иегері атанады.

–Бұл бағдарламаға біздің университеттен екі жігіт таңдап алынды. Оның бірі швед жігіті болса, бірі мен, – дейді Есімханның өзі. Бағдарлама нәтижесінде, губернатор Дженнифер Гранхолм мен сенатор Ирма Клак Колеманның арнайы алғыс хатымен марапатталып, ұсыныс хатына ие болады.

–«Болашақ» бағдарламасына құжаттарымды жинап жүрген кезімде таныс балалар маған «Сенің жоғарыда отыратын туысың жоқ болса, бәрі  бекер. Бағдарлама бойынша оқуға түсу мүмкін емес» дегенді айтты. Бірақ мен жолдастарымның бұл сөздеріне онша назар аудармай, құжаттарымды жинап, тапсырдым. Бірақ ата-анама бұл жайында айтпадым, түсе алмай қалсам, олар қобалжымасын дедім. Ал бағдарлама иегері атанған кезімдегі қуанышымды көрсеңіз! Тіпті, мұндай жетістікке жеткеніңе сенудің өзі де қиын екен. Ал бұл қуанышымды ата-анама қалай жеткіземін? Нұр-Сұлтаннан Өскеменге билет алып, осынау жаңалығымды жеткізуге асықтым. Әрине, ата-анам да қатты қуанды. Бұл бағдарлама менің болашағыма жол ашты. Мен АҚШ-тың ең үздік университетінде білім алу мүмкіндігіне қол жеткіздім, шетелде алған білімімді Қазақстанға әкелдім, – дейді Есімханның өзі.

Ол оқуын бітіріп Қазақстанға оралған соң жұмысқа орналасу қиын болғанын айтты. Шамамен алты айдай жұмыс іздеп жүріп қалады. Әйтеуір, алты айдан соң Президент жанындағы Мемлекеттік басқару акедемиясында сыртқы байланыстар қызметінің маманы болып жұмысқа орналасады. Кейін сыртқы байланыстар қызметі директорының орынбасары, кеңесші қызметтерін атқарады.   Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттігінде қызмет істейді.

Кейін Италияның мемлекеттік грантын жеңіп  алып, Милан техникалық университетінің Инженерлік басқарма магистрі атанады. Магистратураны тәмамдаған соң, Милан қаласында бірнеше жыл жұмыс істейді.

Бүгінде жерлесіміз Американың Калифорния штатының Ирвайн қаласындағы университеттерінің бірінде бизнес басқармасы бағдарламасы бойынша докторантурада оқып жатыр. Инновациялық технологиялар тақырыбы бойынша диссертациялық еңбегін жазу үстінде.  Докторантураны бітіріп, бірнеше жыл  АҚШ-та кәсіби тәжірибе жинаған соң, Қазақстанға оралу ойында бар.

–  Өз елімнің болашағының жарқын екендігіне сенімдімін. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсы болып, елдің ішкі және сыртқы саясаты әділетті, ашық және тұрақты болса, әлі де талай биікті бағындыратыны сөзсіз. Ең бастысы, ұрпақ тәрбиесіне, олардың сапалы білім алып, тәрбиелі болып өсуіне көңіл бөлу керек. АҚШ пен Қазақстандағы білім беру жүйесін салыстыруға келмейді. Ол үлкен бір диалогтың тақырыбы. АҚШ-тағы білім беру үдерістері жүздеген жылдар бойы қалыптасқан. Ал біздің Қазақстанның өз тәуелсіздігін алғанына енді ғана отыз жыл болды. Қазақстандағы жоғары білім беру саласында ілгерілеу бар. Елбасымыз айтқандай білім сапасының жақсаруына ұдайы мән берілуі керек. Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылғанын мен де армандаймын, – дейді Есімхан Оралбаев.

Есімхан өзінің ана тілінен басқа,  түрік, итальян, испан, орыс, ағылшын тілдерін жақсы біледі.

Иә, алыстағы Америкада жүрген Есімхан өзі өскен Өскеменін, Шырайлы Шығысын сағынып жүргенін де жасырмады.  Әлемді жайлаған індетке байланысты биыл туған жеріне келе алмады.  Дегенмен қазір интернеттің заманы ғой. Туған-туыс, жақындарымен күн сайын хат-хабар алмасып, сөйлесіп отырады.  Алыста жүрсе де, ата-анасының қолдауын үнемі сезініп келеді.  Ата-анасының «балам» деген жылы сөзінің өзі  Есімханға үлкен күш, қажыр-қайрат береді.  Әрбір бастамасын қолдап, қолпаштап отыратын ата-анасына деген Есімханның ризашылығы, алғысы шексіз.

  • Америкада «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан қазақстандық жастар көп, бір-бірімізбен араласып, мейрамдарда бас қосып тұрамыз. Ұлттық тағамдарымызды да жиі әзірлейміз, – дейді ол.

Иә, «Болашақ» талай жастың арманына қанат бітірді, болашағына жол нұсқап, өмірден өз орнын табуға көмектесті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған бағдарлама Қазақстанның брендіне айналды. Бүгінде осы бағдарлама бойынша шетелде білім алған жастар  ел болашағына қызмет етуде. Алыстағы Америкада білім алып жатқан Есімханның да арманы – еліне қызмет ету.  Жалынды жастың бұл арманына жетері  сөзсіз.

Мейрамтай Иманғали

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button