Қоғам

Ауылдастарының сый-құрметіне бөленген

  Ақсулық Мырзахмет Өркенов ауданымыздағы мемлекеттік қызметшілер арасындағы аға буын өкілдердің бірі. Биыл оның осы бір жауапты салада еңбек етіп жүргеніне 28 жыл. Мырзахмет Өркеновті осыған дейін Ақсудағы, онан бөлек, аудан орталығында өтетін көптеген жиындар мен қоғамдық іс-шараларда сырттай көріп жүргенмін. Кейіннен Ақсу ауылдық округіне журналистік іс-сапармен барып жүргенде, ол кісімен жақынырақ танысудың сәті туды. Соңғы жылдары шалғайдағы Ақсу ауылдық округіне әкімдікке тұрған азаматтар көп тоқтай алмады. Қазіргі жас әкім Данияр Кәсеновтің алдында айналдырған екі-үш жылда екі әкім түрлі себептерге байланысты басқа қызметке ауысып кетті. Бүгінгі округ басшысының келгеніне де бір жарым жыл боп қалды. Жергілікті тұрғындар жас әкімнің атқарып отырған қызметіне риза. Ендігі кезекте олар осы әкімдерінің Ақсуда ұзағырақ жүргендігін қалайды. Жарайды, әңгімеден ауытқымайық. Айтайын дегенім, қайбір кездерде ауылдық округте әкімі болмаған уақытта, оның міндетін үнемі Мырзахмет ағамыз атқарып жүреді. Тіпті жаңадан келген әкімдердің барлығы да осы ағамыздың тәлім-тәрбиесінен өтті десек артық айтқандық емес, себебі Мырзахмет Нұрғұмарұлы  Ақсу ауылдық округінің әкімшілігіндегі мемлекеттік қызметкерлердің ардагері. Мырзахмет Нұрғұмарұлы 1959 жылы Ақсуда дүниеге келген. 1976 жылы осындағы онжылдық орта мектепті бітіргеннен соң, «Верх-Катунь» кеңшарындағы құрылыста шебер болып еңбек етеді. Кейіннен совхозда жүргізуші боп жұмыс істеді. 1991 жылы Мырзахмет ағамыз құрылыс-жол техникумын аяқтап шығады. 1993 жылы оны ауылдастары жергілікті кеңеске Чаловка ауылдық округінен депутат етіп сайлайды. Халық қалаулысы ретінде жарты жыл еңбек еткеннен кейін М.Өркенов сол кездегі Белое ауылдық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалады. Кейіннен бұл қызмет ауылдық округ әкімі болып өзгертіледі.

Депутаттыққа сайланған кезде менің жасым 32 жаста еді. Артынша көп уақыт өтпей, ауылдық әкімшілікке басшылық қызметке тұрдым. Сөйтіп, 1993 жылдың тамызынан бастап менің мемлекеттік қызмет саласындағы өмірім басталды. Ауылдық округтің әкімі ретінде 2001 жылға дейін еңбек еттім, бұдан кейін бас маман болып ауыстым. Сол кезден бастап қазіргі уақытқа дейін осы жұмысты атқарып келемін. Қызметімде негізгі міндеттер ретінде жер, төтенше жағдай, салық, санитарлық тазалық мәселелері бойынша жұмыстар атқарамын. Енді міне, зейнет жасына да жақындап қалыппыз. Бұйыртса, жаңа жылдан кейін құрметті демалысқа да шығамын, дейді Мырзахмет Нұрғұмарұлы.

«Мемлекеттік қызметтен кетіп, басқа салаға ауысу туралы ой болған жоқ па?» деген сауалымызға Мырзахмет ағамыз ондай ойдың мүлдем болмағандығын айтады.

Басқа жұмысқа ауысқым келген жоқ. Осы сала кейбір қиыншылықтарына қарамастан өзіме ұнайды. Осында өмірімнің көп бөлігі өтті. Басқа жұмыстарға шақырды, бірақ мен бас тарттым олардан. Мемлекеттік қызметке үйреніп, төселіп алғандықтан, жұмыс ауыстыруға ыңғайы да, уақыт та, ниетім де болмады, дейді ол.
Аға буын демекші, Мырзахмет ағамызбен кездесу барысында біз кезінде Ақсуда түрлі жауапты қызметтерде еңбек еткен, бүгінде отбасымен Нұр-Сұлтанда тұрып жатқан Тілеуберді Тұңғышбаев ақсақалмен танысқан едік. Ол да кейіпкеріміз жайында тек жақсы пікірде екендігін айтып, бірер ауыз тілегін білдірді.
Бұл жігіттен бұрын, мен бұның әкесі Нұрғұмар ақсақалмен де ерте кезде бірге жұмыс істедім. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері еді. Кеудесі ордендер мен медальға толы болатын. 1963 жылы мен ауылда комсомол хатшысы болдым. Сол кезде Нұрғұмар ақсақалмен бір кабинетте отырып, бірге еңбек еттік. Ол өткір кісі еді, сөзі де, ісі де түзу адам болатын. Бет-жүзің демей, шындықты турасынан айтатын. Ол кісі дүниеден өткенде, мен Солтүстік флотта әскерде едім, жақынымнан айырылғандай қайғырдым. Мінеки, осындай атпал азаматтан Мырзахмет сынды ұл туды. Оны жас кезінен бастап жақсы білемін, көз алдымызда өсті, жетілді. Ауылдастары мен қызметтестері, достары, ағайынның арасында абырой-беделі жоғары азамат деп айта аламын. Осындағы кез келгеннен сұрасаңыз, бұл жігіт туралы бірде-біреуі жаман пікір айтпайды. Халықтан бұдан асқан бағасы бар ма?!  дейді Тілеуберді Тұңғышбаев.

1984 жылы Мырзахмет ағамыз өмірлік серігі, Ақсудың тумасы Теңлік Қабдуәлиқызымен шаңырақ көтереді. Ерлі-зайыптылар өмірге Салтанат, Таңгүл есімді қыздары мен Олжас дейтін ұл әкеліп, ел қатарлы тәрбиелеп өсірді. Олар бүгінде үйлі-баранды, қалалық жерде қалаған кәсіптері бойынша еңбек етеді.

Мемлекеттік қызметші ретінде алғаш еңбек жолымызды бастар кезде осындағы аға буын өкілдері өздерінің көп қолдауын танытты. Соларға рахметімді айтамын. Мемлекеттік қызмет немесе басқа жұмыс болсын, берілген істі адал, таза атқару керек деп ойлаймын. Сонда ғана оның оң нәтижесін көресің, халыққа сыйлы боласың. Мемлекеттік қызмет деген билік пен халық арасындағы көпір сынды ғой. Бұнда түсіндіру жұмысымен көп айналысасың. Мемлекеттік қызметте еңбек етудің өзі қаншалықты жауапты болса, соншалықты мәртебелі дер едім. Бүкіл жұмысың, жүріс-тұрысың елдің алдында. Өсіретін де, өшіретін де халқың. Сондықтан берілген сенімді әркез ақтауға тырысу керек. Қазіргі ауылдық округтің жас басшысына да мен осыны тілер едім, дейді Мырзахмет Нұрғұмарұлы.

Тимур Смағұлов, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button