Ауылдар әлеуметтік желіні нашар жүргізіп отыр

«Катонқарағай – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ауыл әкімдіктері мен аудандық бөлімдердің әлеуметтік желілерде аккаунттарының болуына, сондай-ақ халықпен кері байланыс орнатуына талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде, Instagram әлеуметтік желісінде жеті бөлімнің, Facebook әлеуметтік желісінде сегіз бөлім мен тоғыз ауылдық округте аккаунт жоқ екендігі анықталды.
– Instagram әлеуметтік желісінде ауылдық округтердің әкімдіктері 100% тіркелгенмен, жұмыстар нашар жүргізілуде. Мысалы, Үлкен Нарын және Катонқарағай ауылдық округтерінде көптеген жағымсыз пікірлер мен хабарламалар жазылып жатыр. Алайда, мемлекеттік ұйымдар тарапынан халық сұрақтарына жиі жауап берілмеген. Мониторинг қорытындысы бойынша бағалау критерийі әзірленді, оның негізінде ай сайын рейтинг шығарылатын болады.
Аудан әкімінің орынбасары Жанар Сыдықованың қатысуымен жауапты қызметкерлермен семинар өткізілді, анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті ұсынымдар берілді, – деп жазылды аудан әкімдігінің ресми парақшасында.
Тасқын Болатұлы