Ауылдан шыққан тракторшы жігітке Парижді мойындатты

Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының дизайн кафедрасының профессоры, академик Құрманғазы Жеделов Аягөз өлкетану мұражайына қомақты сыйлық тарту етті.
Ол тартудың ішінде жас талапкерлер мен қалың көпшілік үшін қажетті ғалымның жетпістен аса ғылыми еңбегі (кітаптары, монографиялары, мақалалар мен зерттеу, ғылыми жобалары) бар. Байқотан би, Шара билігі, киелі аталар бейнесі, әртүрлі тәсілде салынған сурет және дизайн туындылары бар.
Осы шараға байланысты мұражайда жасақталған арнайы бөлменің ашылу салтанатына аудандық білім, мәдениет бөлімдерінің өкілдері мен әншілері, өнер мектебінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
Соңғы жылдары мемлекет қамқорлығының нәтижесінде аясы кеңейіп келе жатқан Аягөз аудандық мұражайы туралы айтқан осы мекеменің директоры Аңсаған Жүзжасарова жерлес ғалымның иығына шапан жауып, аудан әкімі Сейілбек Ысқақовтың Алғыс хатын табыстады.
Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өтіп жатқан аудандағы игі шаралардың бәріне де сипаттама бергіміз келеді, бірақ мүмкін емес. Ауданда өзге бағыттарда да атқарылған оңды істер аз емес. Десек те, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының мәні бәрінен де биік екенін көпшілік енді ұғына бастағандай.
Аягөз өңірінде өз тұсында елі үшін еңіреген ерлер баршылық. Біреулер сөзімен, ақылымен ел қорғаны болса, енді біреулері қарумен, күшімен қорған болған. Тағы бірі – елге өнерімен рух берген рухани тұлғалар. Бұл – көбіне көзге түсе бермейтін қасиетті де құдіретті дарын. Ондай адамдар арамызда аз болмаған. Қазір де сурет салу, мүсіндеу, әсемдеу, безендіру саласында қазақ елін шетелге танытып жүрген және осы өнер құдіретін ұрпаққа үйретіп, ізбасарларын тәрбиелеп жүргендер бар. Солардың бірі – Құрманғазы Оразұлы. Осы бір алшысынан түсіп тұрған арқардың асығындай ғана шымыр денелі, орта бойлы адамның бойына көптеген өнердің сыйып тұрғанына таңғаласың. Ол өзінің кәсіби өнерінен басқа күрестің бес түрінен спорт шебері де атанған екен. Қарапайым отбасында туып-өскен. Жастайынан жетімдіктің де ащы дәмін татқан. Ол өзі туған Алғабас – Малкелді ауылында балалығын өткізіп, кейін К-700 тракторын тізгіндеп, еңбектің бел ортасында жүрді.
Тек Шұбартау өңірінен шыққан кейінгі тұлғаларды көз алдарыңыздан тізбектеп көріңіздерші. Марқұм Еркеғали Рахмадиевтен кейінгілерін елестетсеңіздер де жетеді. Дегенмен біз әлі де арамыздан шыққан ардақтыларымызды жете бағаламай жатқан сияқтымыз. Ал ондай адамдар Аягөз – Шұбартауда баршылық. Олардың өмір жолы мен ісі жас ұрпақ тәрбиесі үшін ауадай қажет.
Мұны айтып отырғаным – «Ізденген жетер мұратқа» дегендей, еңбектену мен көп ізденудің арқасында небары отыз жылда қарапайым жұмысшыдан академик деңгейіне дейін жеткен жерлес ініміз Құрманғазының өнегелі өмір жолын көпшілікке үлгі ретінде ұсына кету. Сонымен, оның өмір дерегін сөйлетейік.
Құрманғазы Оразұлы Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Малкелді ауылында 1961 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Сол ауылда мектеп бітіріп, одан кейін Семейдегі №25 СПТУ-да тракторист-машинист К-700 мамандығы бойынша оқиды. 1980-1983 жылдары алған кәсіби мамандығы бойынша өскен жері Алғабас совхозында және әскер қатарында еңбек етеді.
1983 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет факультетінің күндізгі бөліміне оқуға түсіп, 1987 жылы бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. 1986-1992 жылдары аралығында Алматы қаласының №4, №5 теміржол мектеп-интернаттарында және теміржол «Пионер» үйінде мұғалім-әдіскер қызметін атқарған. 1989 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің көркемсурет факультетінің живопись кафедрасына жұмысқа орналасады. Осы оқу орнында еңбек ете жүріп педагогика ғылымдарының кандидаты атанады.
2002-2006 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің психология және педагогика факультетінің деканы, деканның оқу ісінің орынбасары қызметін атқарады. 2005 жылы педагогика мамандығы бойынша доцент атағын алған. Жоғары оқу орындары мен арнайы мектептерге арналған үш монография, бір оқулық, бес томдық «Қазақ өнер» альбомын, бес оқу құралын және жалпы орта мектеп оқушыларына, арнайы сурет мамандығына бағытталған мектеп, колледж, лицейлерге арналған 24 «Бейнелеу өнері» оқулығын, 30 оқу әдістемелік құралын жазады. Сонымен қатар кескіндеме, графика, сәндік-қолданбалы өнер түрлерінен республикалық, шетелдік көрмелерге қатысып, көрме каталогтарында, кітаптарда, «Қазақстан мектебі», «Бастауыш мектеп», «Ақиқат», «Қазақ әдебиеті» және көптеген журнал-газеттерде шығармашылық жұмыстары басылып шыққан.
Шетелдік «Scopus» рейтингтік ғылыми журналында, халықаралық-республикалық ғылыми конференция, симпозиумда, радио, телеарна ақпарат құралдарында екі жүзден астам ғылыми еңбектері жарияланған.
2010 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған.
2005-2009 жылдар аралығында кафедра меңгерушісі қызметінде болған.
Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі. Франциядағы «КОНКОРД» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі, «Қазақстан ғалымдары» қоғамдастығының мүшесі, «Қазақстанның Мәдениет қайраткері», Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының дизайнд кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, магистратура бөлімінің тәлімгері болып қызмет етеді.
«Туған жерге туыңды тік» деген. Биыл қараша айының басында 60 жасқа толған ғалымға әріптестері «Еңбегіңді насихаттап, академияның мұражайынан бөлме ашайық» деп ұсыныс айтқан екен. Ол Аягөз қаласындағы мұражайға өзінің туған жеріне өнер жәдігерлері мен мұраларын, еңбегін табыстауды жөн санапты.
– Бәрі де көз алдымда. Шұбартау – Алғабас, Аягөз. Өскен елімді бір сәт те есімнен шығарған емеспін. Байқотан би туралы еңбек жаздым. Бейнесін жасадым, зерттедім. Мына сурет содан кейін қылқаламнан туды. Байқотан бидің ақ патша заманында халыққа жасаған еңбегі өз алдына бір төбе. Мынау – Шара Жиенқұлова апамыз, – деп еңбектерін жиналған көпке таныстырған ғалымның осы бір кездесудегі әңгімелері де керемет. Оның күні кеше қазақ халқының көмескілене бастаған қолөнері мен бейнелеу өнерін жақсы білетіндігі байқалады.
– Мен қалай аяқ астынан Франция елінің «КОНКОРД» халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі атағына ие болдым? Айтып берейін бе? – деп жымиды ол өзара әңгімелескенде жай ғана.
– Айтыңыз, айтыңыз, – деп қолпаштап кеттік.
– Ана жылы Қазақстан атынан суретші-дизайнер ғалым ретінде Париж қаласына барған едім. Көптеген елдердің өнер туындысынан ғылыми байқау болды. Бір аптаға созылған осы байқау соңында іріктеліп, Ресейден, Оңтүстік Африкадан және тағы бірнеше елден еңбегімізді қатысушы елдердің ғалымдары мен Францияның суретші, сәулетші, дизайнерлері алдында таныстыру керектігі айтылды. Әр елге ағылшын, француз тілдеріне аудару үшін аудармашы тағайындалды. Маған бір керемет қазақтың қара торы қызы аудармашы болды. Мен «таза қазақ тілінде жақсы жазамын» дедім. Ол: «жаза беріңіз, аударып, трибунада өзім аудармасын француз, ағылшынша оқып тұрамын», – деді. Мен талап бойынша жеті түрлі қазақ халқының туындысына сипаттама беріп, мінбеге шыққан кезде Әміре Қашаубаевтың ертеде партияда орындаған әндерін баяу қоюды өтіндім. Он беттен аса сипаттама жазып, аудармашы қызға апардым. Ол мұны көріп шошып кетті:
– Ағасы-ау, сізден басқа қаншама ғалым сипаттамасын таныстырады. Мынауыңыз кемі жарты сағаттық. Оны мен жарты сағат аударамын. Олай бомайды. Сіз ертеңге дейін осы жеті сипаттамаңыздың әрқайсын жеті сөзбен қысқартып, тұжырымдап әкеліңіз, мен әдемілеп аударамын. Бәрін ұғып тұрмын, – деді.
Солай жасадым. Ертеңінде менің алдымдағылар баяндамаларын оқыды. Әрқайсы біткеннен кейін қол шапалақтау. Мінбеге шықтым. Аудармашы қызым: «Аға, залда Франция президенті, Академия басшылығы, қала мэрі отыр. Сасқалақтамай оқыңыз», – деді. Мен бірауыз сөзбен еңбегімді сипаттаймын. Қол соғу, шапалақ. Жеті ауыз сөзіме жеті рет шапалақ соғылды. Мінбеден түсе, аудармашы қызыма: «Қалқам, мыналар мені мазақ қып қайта-қайта шапалақ соқты ма? Не болды?» – деп сұрадым. «Жоқ, аға, бұлар слайдтан сипаттамамен бірге көрсетілген киіз басу, оған өрнек салу, безендіру сияқты қазақ халқының өнеріне қатты риза. Мұндайды бұрын көрмей таңғалып отыр. Ғажап болды», – деді қуанып.
Артынан қорытынды шығарылып, риза болған Франция басшылары маған бірден осы академияның корреспондент-мүшесі атағын берді. Оны қала мэрі өз қолымен табыстады, – деп күлімдейді сол атақ төсбелгісін көрсетіп.
Бұл жай ғана айтылған аңызға бергісіз шындық. Оның ортасында қаншама еңбек, маңдай тер жатыр…
Міне, таяуда ғана алпысқа толған суретші-дизайнер, ғалым жерлесіміздің жұрт білмейтін баянды өмірінің бір сәті осындай.
Ол маған телефон шалып: «Бәке, «Бұлақ көрсең көзін аш» деген. Біз академия жанынан дарынды жас суретші-дизайнерлер мектеп-интернатын ашпақпыз. Соған көмек көрсетіңіз, дарынды балалар болса, байқай жүрерсіз», – деді. Ойы – ауылдағы дарынды балаларды тәрбиелеп, жолын ашу. Ұстаздан шәкірт озбасына кім кепіл. Бір кездері трактор айдап, мал баққан ауыл баласын сол кезде осынша дәрежеге жетеді дегенге кім сенеді? Құрманғазы сияқты ысылған ғалым кез келгенге жол сілтеп, биікке самғауына ықпал етері анық.
Бақытөмір Шалғынбай,
Аягөз қаласы.