Қоғам

«Ауыл хикаялары» байқауына қатысыңыз

Сіз әңгіме, эссе, монолог жазғанды жақсы көресіз бе? Олай болса, «Ауыл хикаялары» атты Оралхан Бөкей атындағы республикалық әдеби байқауға қатысып, қаламыңыздың қарымын сынап көріңіз.

Өскемен қаласының әкімдігі, «Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту» мемлекеттік мекемесі мен Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапхананың ұйтқы болуымен өтетін байқаудың негізгі мақсаты – болашақта Оралхан Бөкейше жазатын дарындарды анықтау және ынталандыру; ауылды және ел құндылықтарын дәріптеу; ауылды өркендетуге және туған жерді Оралханша сүюге үндеу; бұқараның ана тілінде сөйлеу, жазу көркемдігі мен сауаттылығы төмендеп бара жатқан қазіргі кезеңде жастарды қазақ тілін түлетуге және сөйлеу мәдениетін сақтауға шақыру; көркем әдебиет арқылы жандүниені рухани байыту; жас буынның қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді түйсініп, өз ой-пікірлерін пайымды жеткізе алуларына көркем шығарма арқылы ықпал ету. Республикалық байқауға 20-40 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады.  Байқау жұмыстары 2022 жылдың 20 қыркүйегіне дейін қабылданады. Жеңімпаздар қазылар алқасының дауыс беруі арқылы анықталмақ. Жеңімпаздарды марапаттау  рәсімі 2022 жылдың 28 қыркүйегіне Оралхан Бөкейдің туған күніне белгіленіп отыр.

Ұсынылған шығарманың қаріп өлшемі – 14, Times New Roman; 1,5 арақашықтығында болуы; 10-15 беттен аспауы, бұрын ешқайда жарияланбаған; сауатты, көркем тілде жазылуы және тәрбиелік маңызы болуы керек.

Қазақстан Республикасы Заңына қайшы келетін, яғни ұлтараздықты, дінаралық алауыздықты тудыратын, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, адамның ар-ожданына тиетін және тағы басқа теріс пиғылдағы шығармалар байқауға қабылданбайды.

Байқауға қатысушылар шығармаларын ukcbs@mail.ru электрондық поштасына жіберулері немесе баспа түрінде кітапханаға әкеліп тапсырулары тиіс.

Байқауға облыстық Didar газеті ақпараттық қолдау көрсетеді.

Осы айдарда

Back to top button