ӨзектіТОП

Ауыл тұрғындары жол жөндеп жатыр

Аягөз ауданындағы бір ауылдың тұрғындары орталыққа апаратын жолды өз күштерімен жөндеп жатыр.

– Ауыл Майлин деп аталады. Аудан орталығына дейін – 24 шақырым. Оның 12 шақырымы – «Өскемен – Алматы» бағытындағы республикалық жол, қалған 12 шақырымы – ауылға дейінгі жол. Біз сол, 12 шақырымды ауылдың азаматтары, мұғалімдер, ауыл әкімшілігі – бәріміз ұйымдасып, уақытша жөндей тұрайық дедік. Технология бойынша жамап жатқан жоқпыз, әрине, – дейді ауыл әкімі Ержан Нұрғалиев.

Оның айтуы бойынша, бұл жолға «шұңқырларды жөндеу» 2017 жылы жүргізілген.

– Ой-шұңқырымыз көбейіп кетіпті. Өзіміздің жүретін жол болған соң бюджеттен ақша бөлініп, іске асқанға дейін қарап отырмайық дедік. Қазірше біраз бөлігін істедік, қалғанын алдағы сенбіде жөндеп, республикалық жолға дейін апарамыз ғой. Жылда-жылда шұңқырларға топырақ төгетінбіз, оны жел ұшырып кететін. Биыл бетон құйып жатырмыз. Көреміз енді, қаншаға шыдаса да, – дейді Ержан Нұрғалиев.

Жаңалық фейсбук пен инстаграм желісінде таралды. Желі қолданушыларының кейбірі лауазым иелерін сынап, кейбірі ауыл тұрғындарын мақтап жатыр.

«Онда билік не керек? Халық өз жағдайын өздері жасап алса. Халықтың ақшасына жол жөндеп, өкіметтің ақшасын жеп қарындарын қампайтқандардың құны көк тиын», – дейді Гүлназ Қабдікәрімова.

«Сол Аягөзден «сайланған» депутаттар ай бағып жүр ме??!» – дейді Қуаныш Мұхитұлы.

«Жарайсыңдар, ауылымыздың жігіттері! Алла разы болсын», – дейді Еркін Жұмажанов.

«Жарайсыңдар, ауылдың азаматтары!», – дейді Дархан Садуов.

Шығыстың тумасы, әнші Еркін Шүкіман да пікір қалдырған: «Әй, әкең… әдейі жөндемей, жол жасаған боп көп-көрім навар жасап, башлять етіп біраз тиын-тебенді қалтаға басайық деп жүрген еді. Мыналардың жолды жөндеп тастағанын қарашы-ей…».

Біз ауыл тұрғындарымен де тілдестік.

– Әр жылы туғандар ауылына қайырымдылық істеп жатыр ғой қазір. Біздің де әр кездегі түлектер бірігіп, ауылдағы жағдайы төмен отбасылардың балаларына белесебет пен басқа да қажетті құрал-жабдықтар алып беруге ақша жинаған. Адамдар әлінше бес, 10, 20 мыңнан берді. Міне, содан артылғанын, халық ақылдаса келе, жол жөндеуге жұмсады, – дейді ауыл тұрғыны Бақытбек Тұрысбеков.

Оның айтуы бойынша, ауылда 80-ге тарта үй бар. Негізінен адамдар мектепте жұмыс істейді немесе мал шаруашылығымен айналысады. Зейнеткерлер көп тұрады.

– Ең өзекті мәселеміз – жол. Басқасын мемлекет істеп береді. Бәрі халықтың қолындағы нәрсе емес. Жуықта мемлекет бағдарламасымен балаларға футбол қорабы салынды. Ақырындап реттеліп келеді, – дейді Бақытбек Тұрысбеков.

Тағы бір тұрғын Алмас Қайырбекұлының айтуы бойынша, жол жөндеген халықтың «бөтен» ойы болмаған.

– Ешкім әкімдік жұмыс істемей жатыр деп көрсетуді ойлаған емес. Кім де болса, туған ауылынан қолынан келген көмегін аямайды ғой. Балаларға белесебет пен ұялы телефон алу үшін әр жылғы түлектер ақша қосылған. Одан қаражат артылып қалған. Біз кеңесе келе, артылған соманы жолға салуды құп көргенбіз. Шамамен, екі жарым тонна цемент алынды. Бар-жоғы – осы. Ешкімнің бөтен ойы жоқ. Кейбіреулер мұны басқаша көрсеткісі келеді екен, – дейді Алмас Қайырбекұлы.

Тұрғындар нақты қанша қаражат жиналғанын білмейді.

Бұған ұқсас жағдайлар облыстың басқа да ауылдарында болған. Мысалы, былтыр Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғындары ауылға аспалы көпір салып алған болатын.

Заңгер Алексей Божковтың айтуы бойынша, адамдар Конституциялық құқығын білмей отыр. Салық төлеп отырғандықтан, олар жолды жөндеп беруді талап етуге құқылы.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button