Ауыл шаруашылығына қомақты инвестиция салынады
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес», – деді. Осы орайда өңірдің агросекторын дамытуға ерекше назар аударылуда.
Мысалы, былтыр егіс алқабы 185 мың гектарға жетті. Осы жылы өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 110 миллион теңгеге, егістікті 187 мың гектарға жеткізу межеленіп отыр. Шаруа қожалықтары мемлекеттік қолдау арқылы 190 агротехника сатып алмақ. Биыл өңірдің ауыл шаруашылығына 3,8 миллиард теңге инвестиция тарту көзделуде.
– Асыл тұқымды ірі қарамен 46 қожалық, асыл тұқымды қоймен бес қожалық айналысады. Ауданда асыл тұқымды ірі қараның үлесі – 5,5 (6248), асыл тұқымды қойдың үлесі – 4,2 (7149) пайыз. Былтыр аналық ірі қара селекциясымен 274 қожалық айналысып, тауарлық табындарда 795 бас асыл тұқымды бұқа қосылды. Нәтижесінде, аналық ірі қара 19826 басқа жетіп, өсу қарқыны 118,5 пайыз болды. 2020 жылы 16730 бас ірі қара болған, – дейді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерзат Болатов.
2021 жылы ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында барлығы 1433,2 миллион теңге субсидия төленді.
Биыл ірі қараны 117 мың, жылқыны 35 мың, қой-ешкіні 198 мың басқа, ет өндіруді 26 мың тоннаға, сүт өндіруді 93 мың тоннаға жеткізу жоспарда бар.
– «Сыбаға», «Іскер», «Агробизнес», «Қарапайым заттар экономикасы», «Мал шаруашылығын дамыту», «Еңбек», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Мемлекеттік грант» секілді мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қожалықтар мен кәсіпкерлерді қаржыландыру жалғасады. Сондай-ақ өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемін осы жылы 3,9 миллиард теңгеге жеткізу, 30-ға жуық кәсіпкерлік нысанын іске қосу жоспарда бар, – дейді бөлім басшысы.
Ара шаруашылығы да дамып келеді. Ауданда омарташылықпен 130-дан астам шаруашылық айналысады. Оның ішінде 13 кәсіпкер асыл тұқымды арамен шұғылданады. 7215 ара ұясынан жылына 290 тонна бал өндірілуде.
Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы.