ҚоғамТОП

Ауыл шаруашылығы саласында 13 ірі инвестжоба іске асып жатыр – ШҚО

ШҚО-ның ауыл шаруашылығы саласында 53 млрд теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жобалардың көпшілігіне мемлекеттік қолдау көрсетілуде, деп хабарлайды Didar ақпарат тілшісі.

Бұл туралы облыстық мәслихат сессиясында өңірді дамыту жоспарының іске асырылуы және 2023 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы баяндама жасаған ШҚО әкімі Ермек Көшербаев мәлім етті.

Өткен жылы ауыл шаруашылығына 48 млрд теңге, азық-түлік өндірісіне 8 млрд теңге инвестиция салынды. 437 млн АҚШ долларының өнімі экспортталды, өңделген өнімнің үлесі 43 пайызды құрады.

– Агроөнеркәсіптік кешендегі міндетіміз – ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару мен өңдеуді ұлғайту. Осы жылы 53 млрд теңгенің 13 инвестициялық жобасы іске асуда. Бұл ретте жобалардың көбі жеңілдетілген несие беру бағдарламаларымен, сондай-ақ инвестициялық салымдарды субсидиялаумен қолданды, – деді ШҚО әкімі. – Агроөнеркәсіптік кешен азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты, облыстың барлық сауда орындарында негізінен сырттан әкелінетін өнімдер сатылатынын ескере отырып алдымызға өз өндірісімізді және қайта өңдеу саласын дамыту міндетін қойып отырмыз.

Сонымен қатар ШҚО-да былтырдан бері 6 ірі сүт фермасы салынып жатыр. Жалпы құны 21 миллиард теңге болатын бұл фермалар жылына 40 мың тоннадан астам сүт өндірмек.

Сүт фермалары Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша салынуда. Жобаларға мемлекет тарапынан 11 миллиард теңгенің қолдауы көрсетілді. Фермалар іске қосылған соң жергілікті сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 66 пайызға дейін ұлғаяды. Сондай-ақ импортты алмастырамыз, халық өз сүтіміз бен сүт өнімдерімізді тұтынатын болады, ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылады.

Ауылда бизнесті дамытудың бір тетігі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Өткен жылы осы бағдарлама бойынша 1,5 млрд теңге бөлінді және қаражат негізінен мал басын сатып алуға жұмсалды. Биыл қаржыландыру 5,6 млрд теңгеге ұлғайтылды.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 22 ауыл шаруашылығы кооперативі мен мыңнан астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Осы айдарда

Back to top button