Қоғам

Ауыл жұртының талап-тілегі орындала ма?

Газетіміздің №81 санында (14.07.2022ж.) «Қойтаста қордаланған мәселе көп» деген мақала жарық көрген. Мақалада көтерілген мәселелердің мәнісін біліп, оның шешілу жолдарын қарастыру мақсатында Күршім ауданының жауапты сала басшылары Қойтасқа барып, тұрғындармен кездесіп қайтты.

Оқырманның есінде болса, жоғарыдағы мақалада Абай ауылдық округіне қарасты Қойтастың халқы «жайылым жеріміз тарылды, ауылда ұялы байланыс жоқ, клуб, қатымхана мен ауызсу мәселесін кім шешіп береді?» деп жанайқайын жеткізген еді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, мәселелерін шешу жөніндегі тапсырмасына және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес 18 шілде күні Қойтас ауылына аудан әкімінің орынбасары Қ.Әзімбаев бастаған тиісті сала басшылары келді. Ауыл тұрғындарымен кездесу өтіп, көпшіліктің көкейіндегі проблемалар талқыланды. Күні бұрын хабарланған кездесуге жиналған жұрттың қарасы аз болса да, негізгі мәселелер түгел айтылды. Жиында Е.Наурызбаев, Б.Қабілмажинов, Б.Ареков, К.Наурызбаева, А.Нұрахметова, Г.Сағидолдина сөз алып, өткір мәселелерді тілге тиек етті. Сұрақ, сауалдарға қанық мамандар өз құзыреті шегінде жауап беріп, себептерін жіліктеп көрді. Сонымен былай…

Жер мәселесі

Жер мәселесі былтыр басталған. О баста ауыл тұрғындарынан «Маңайымызды қоршап жатыр, ауылды жердің мал жаятын аумағы тарылды» деген арыз-шағым түскен. Тұрғындар бұл мәселені облыстық, республикалық деңгейде көтеріп, биыл журналистер шақырған. Аудандық жер бөлімінің басшысы Е.Ашимовтың айтуынша, «Визол» ЖШС-не қарасты «Ордабасы-Восток» ЖШС 2017 жылы  аталған жер учаскесін 49 жылға жалға алған. Ол аумақ егістік жер учаскесіне жататын болғандықтан мақсатты пайдалану қажет. Биыл аталған жерге А.Қабдуллин деген жергілікті кәсіпкер (сол округтің тұрғыны) көпжылдық шөп (жоңышқа) егіп, сыртын қоршап қойған. Осыдан келіп ауылды жердің жайылымы тарылды деген мәселе туған. Елді мекеннің жалпы жер қоры 1492 га. Аталған мәселені шешу үшін былтыр арнайы комиссия құрылып, нәтижесінде елді мекеннің жайылым жеріне мемлекет тарапынан 3500 га жер (жайылымдық) тағы қосып берілген. Алайда ауыл тұрғындары бұл жер бұрынғы (қоршалған) жерден нашар деп көңілі толмай отыр. Егер егістік жер мақсатты пайдаланылмай бос жатса, оны мемлекет қайтарып алуға құқылы. Оны жақсы білетін кәсіпкер де жерді өңдеуге мүдделі. Ал оған ауыл тұрғындары қарсы. Осыдан келіп келіспеушіліктер орын алған. Сала мамандарының айтуынша жер-ана құнарына қарай егістік немесе жайылымдық деп бөлінеді. Аталған учаскенің егістік жер деген статусы бар. Яғни егістік деп танылса, міндетті түрде игерілуі тиіс, әйтпегенде ревизия жасалып, мемлекет меншігіне қайтарылады.

Ауыл тұрғыны К.Наурызбаева: «Бұрынғы егістік алқаптарын игеру дұрыс емес деп ойлаймын. Ол жерден ешқандай өнім алынбайды, себебі су жоқ. Жер бөлінісіне ауыл тұрғындары неге қатыспайды? Біздің жайылымға нашар жерді бердіңдер», – десе, тағы бір ауыл тұрғыны Г.Сағидолдина: «Кәсіпкер өз қоршауын алып тастап, мал жайылуға жағдай жасасын, егістігін өз жағына неге екпейді, біздің ауылда несі бар?» деген өкпесін жеткізді. Бұл сұрақтарға ауыл әкімі Т.Бақтияров жауап берді.

– «Ұлан» шаруа қожалығының иесі А.Қабдуллин – округімізде тіркелген кәсіпкер. Ал кәсіпкердің жұмыс істеуіне жағдай жасап, заң аясында сұраған жер телімін беруге міндеттімін. Егістікке су шығару мәселесін кәсіпкер өзі шешеді. Болашақта 1050 га жерді игеріп, тауарлы-сүт фермасын құруды жоспарлап отыр. Сіздерге жайылым жер ретінде мемлекеттің жер қорынан қосымша 3500 га жер бөліп берілді. Жер бөлінісі кезінде ауыл тұрғындары қатысқан. Ауылдың мал басы есептеулі, сол үшін сіздерге жеткілікті жайылымдық жер беріп отырмыз. Сырттан ешкім кіріп отырған жоқ, ол кәсіпкер де біздің жерлесіміз, – деп түсіндірді ол.

Ауыл тұрғыны Е.Наурызбаев: «Ауылға тиісті жердің бәрі егістікпен шектеледі. Бұл жерде ауыл тұрғындарының мүддесі де ескерілуі керек. Жыл өткен сайын мал жаятын аумағымыз тарылып барады. Күші бар, техникасы бар адам басқа жерден де жұмыс істеуіне болады ғой. Негізгі жер иесі, кәсіпкер Эдуард Ким бізге ешқандай қысым жасаған жоқ. Малдарыңды жая беріңдер деген. Ал мына жалға алушы А.Қабдуллин жердің бәрін қоршап тастады. Тағы бір сұрағым, «Визол» ЖШС-нің берген көмір, қант пен ұны қайда кетіп жатыр?».

Сөз кезегін алған округ әкімі Т.Бақтияров: «Сіздерден осыны жиналыс сайын естимін, дұрыс. Бірақ жер мақсатты түрде пайдаланылуы керек. Кәсіпкер жермен жұмыс істеп, округ қазынасына салық төлеуі тиіс. Мемлекеттік тапсырма солай. Ал алтын өндірумен айналысатын «Визол» ЖШС округімізге жылда көмір береді. 2020 жылы бір-ақ рет ұн мен қант таратқан. Ол кезде мен әкім болған жоқпын. Оның тізімін аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жасап, сол бойынша үлестірілген. Алған адамдардың қолы қойылған тізім бар. Берген көмірді жылда округ ішінде жағдайы төмен отбасыларына өзіміз бөліп таратамыз. Барлығы құжат түрінде сақтаулы тұр, мүмкін сіз ол көмекті алмаған шығарсыз. Көмек жөнінде арыз-шағымдарыңыз болса, өзім жеке қабылдайын», – деді.

Компания көмегі

Абай  ауылдық округінің Бурабай, Қойтас, Теректібұлақ ауылы тұрғындарына «Визол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі төрт жыл  көлемінде көмірмен көмектесіп келеді. Көмек алушылар – көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен жалғызбасты зейнеткерлер. Нақтылай түссек, 2017 жылы 48 тонна 16 отбасына, 2019 жылы 40  тонна көмір 25 отбасына берілген. 2020 жылы әр  ауылға 100 тоннадан  бөлініп, 88 отбасына таратылған. Биыл «Визол» ЖШС атынан аз  қамтылған, көпбалалы және мүгедек бала бағып отырған отбасыларына аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік  бағдарламалар және азаматтық  хал актілерін тіркеу бөлімінің берген тізімі бойынша 23 отбасына бір қап (50кг) ұн  мен бір қап (50кг)  қанттан таратып берілген. Осылайша, 2020 жылы көмек алатын ауыл тұрғындарына барлығы 1150 кг ұн мен 1150 кг қант берілген. 2021 жылы 48 тонна көмір беріліп, 40 отбасы көмек алған.

Тараптар сөйлеп, түйін тарқатыла бастаған соң қатымхана, клуб үйі, көше жарығы, ауызсу, интернет және ұялы байланысқа кезек келді. Бәрі де керек дүние. Керек болғанда қандай. Жауапты мамандар бұл түйткілдердің түйіні уақытымен шешілетінін айтты. Мәселен, интернет һәм ұялы байланыс 2024 жылы тартылмақ. Жол мәселесі де жоспарда тұр. Айта беретін ауызсу, жыр болған көше жарығы – бәрі-бәрі ретімен іске асырылмақ.

Интернет пен ұялы байланыс

– Күршім ауданы ауылдарын интернет және ұялы байланыспен қамтамасыз ету бойынша аудандық мәслихат депутаттарының жіберген депутаттық сауалына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен жауап келген. Онда «Востоктелеком» ЖШС-нің жоспары бойынша 2024 жылға дейін Қойтас ауылына ұялы байланыспен бірге интернет байланысы да орнатылатыны айтылған. Бір жарым жылдан кейін ауыл тұрғындары осы қажеттіліктердің игілігін көреді, – деді аудандық мәслихат хатшысы М.Қалелов.

Кездесуде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің өкілі А.Чепенова клуб ғимаратын жөндеуге жобалық-сметалық құжат жасалғанын, биыл үнемделген қаржы есебінен жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлады.

Сондай-ақ тұрғындардан клуб меңгерушісі орны бос тұрғанын, оған жұмысқа жергілікті жерден адам ұсынуды да тілге тиек етті. Жалпы, Күршім ауданы бойынша 26 мәдениет үйі бар. Шекаралық аудандарды дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған кешенді жоспары негізінде бүгінге дейін 10 клуб күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен. Биыл он бірінші болып Теректібұлақ ауылының клуб үйі жөнделеді, мердігер анықталған. Боран, Қойтас ауылдарының клуб үйін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар өткізілген, үнемделген ақшаға күзге қарай жөндеу жұмыстары басталмақ.

Қатымхана үшін бос тұрған ескі мектеп ғимаратын жеке кәсіпкерге беру заңдылығы түсіндірілді. Ескі мектептің заңды құжаттарын  қалпына келтіріп, облыстық коммуналдық меншіктен, аудандық коммуналдық меншікке алу керектігі, содан соң ғана жекешелендіруге жатқызуға болатыны айтылды. Ауыл жұртшылығы қатымхананы өз күшімен жөндеп алатындарын, ол үшін қаражат жинап жатқандарын ескертті.

Көше жарығы

«Қойтастың көшелері қашан жарқырайды? Қашанғы қараңғыда қарманамыз?» – дейді ауыл қариясы. Сұрақ өте орынды. ХХІ ғасырда көше жарықсыз болуы ауыл әкіміне сын. Қиыннан қиыстырып, ебін тауып көшелерін жарқыратып отырған ауылдар баршылық. Бүгінде Қойтас ауылында екі көшеге жарық орнатылған. Өкінішке қарай, қалғаны түнеріп тұр. Округ әкімінің айтуынша, 2023 жылға қалған үш көшеге жарық шамдарын орнатуға, шағын футбол алаңын салуға тапсырыс берілген. Сондай-ақ биыл Қойтас ауылының Көктөбе  көшесінің  жолдарын  жөндеуге 9,9 млн. теңге, мал қоршауларын және  өткелек (раскол) салу үшін 6,3 млн. теңге қаражат бөлінген, қазіргі  уақытта құжаттары  реттелуде.

Арман болған ауызсу

– Ауызсу бойынша аудандық ТҮКШ бөліміне екі блок-модульді  станция (БМС) орнату туралы ұсыныс берілген. Қойтастағы екі  колонканы 2014 жылы ауылға мектеп салынғанда сол кездегі аудан  әкімі мердігерден көмек сұрап құдық қаздырып, екі колонка  орнаттырып берген. Өкінішке қарай, жылға жетпей су сорғысы (насос)  істен шығыпты. Ауыстырылған су сорғының қуаты жетпей, тек мектепті  ғана сумен қамтамасыз еткен. Колонкаларға су бармайды. Бұл екі колонка ешқандай бағдарламаға кірмейді және ешкімнің  теңгерімінде жоқ, – деп нақтылады ауыл әкімі.

– Ауылда ауызсу мәселесі өзекті екені рас. Биыл жобалық-сметалық құжаттарына ақша бөлуге өтінім берілген. Құжаттары реттеліп, қаржысы шешілген соң келер жылдан бастап ауызсу тарту қолға алынады. Құдық қазып, блок-модульді станциямен тазартылған суды колонкалар арқылы жеткізу жобасы бұрыннан қарастырылған. Ауданда ауызсу мәселесі біртіндеп шешіліп келеді, –  деп жауап берді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы М.Акрамов журналистік сауалымызға.

Хош. Сонымен тұрғындар көтерген мәселелерге нақты жауап беріліп, шешілу жолдары мен уақыты тәптіштелді. Аудан әкімінің орынбасары Қ.Әзімбаев кездесуді аяқтай келе, ауыл маңындағы жерді қоршап алған шаруа қожалығына қатысты комиссия құрылып, заңдылығы тексерілетінін, бұзушылықтар орын алған жағдайда шара қолданылатынын айтты.

Мақала жазылып жатқанда аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Қарағызовтан даулы жерге қатысты қосымша түсініктеме беруін сұраған едік.

«Қойтас ауылында барлығы 1279 бас ірі қара, 1851 бас қой-ешкі, 476 бас жылқы малы бар. Округ әкімінің мәліметінше екі табын сиыр, екі табын қой-ешкі және жылқы малы жайлауға шығып, ауылда малдың үштен бірі қалған. Қойтаста дәл қазір 5000 га елді мекенге тиісті жері бар. Зоотехникалық есеп бойынша ауыл малына бұл жер көлемі жеткілікті. Кәсіпкер Арғынбек Қабдуллин аталған жерді егістік ретінде жалға алып пайдаланып отыр. Ол жерді басқа біреу алса да, игерілуін талап етеміз. Екінші жағынан, тауарлы-сүт фермасын ашатын жоспары бар. Оған жемшөп қоры қажет болады. Ферма ашылса, жергілікті адамдар жұмыспен қамтылады» деген жауап алдық. Әрине, жергілікті тұрғындардың төрт түлікпен ғана жан сақтап отырғаны шындық. Үкіметке алақан жаймайтын ауылда қосымша тауарлы-сүт фермалары ашылып жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Ернар Қабенұлы, Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button