Қоғам

Ауыл балаларына робот техникасын үйреткісі келеді

Ерлан Бапанов

«Білімдіге дүние жарық». Цифрлық даму үдерісі адамның қолайлы әрі жылдам қызмет алуына небір игіліктерді дендеп енгізуде. Солардың қатарында мектеп қабырғасында «ақылды» құрылғылармен жұмыс істеуге баулитын робототехника кабинеттері де өзіндік жемісін беруде.

Құлтемірге «жан» бітірген

Мәселен, Ақсуат ауданындағы мектеп оқушыларының робототехникаға деген қызығушылығы зор. Бүгінгі таңда баланың механиканың негіздерімен танысып, практикалық дағдысын дамыту мақсатында аудан мектептерінде IT -сыныптар мен робототехника кабинеттері жұмыс істейді. Солардың қатарында Ақсуат ауылындағы К.Нұрбаев атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Ернұр Манарбеков өнертапқыштық қабілетін шыңдап, креативті бастамаларын іске асыруда.

Ернұр ауылда тұрса да, талмай ізденгенінің нәтижесінде үлкен қалалардағы көптеген байқаулардан жүлделі орындар алып жүр. 2005 жылы Ақсуат ауылындағы қарапайым отбасында туған жас өрен төрт баланың бірі, үйдің ортаншысы. Әкесі медицина саласында, анасы ұстаз.

«Робототехникаға деген қызығушылығым анам әрі ұстазым IT сыныбына кіргізген сәттен оянды. Мен бұл пәннің қиын, бірақ қызықты екенін білдім. 5-сыныпта оқып жүргенімде  «Джимми Нейтрон: Мальчик-гений»  деген ғылыми-фантастикалы мультфильмін көрдім.  Баланың үйінің қасында кішкентай зертханасы бар еді. Джимми бәрін жасайтын: робот-ит, робот-мысық… Мен сол зертханаға қатты қызығатынмын, бірақ бала болғаннан ба, жасалып жатқан дүниенің шынайы өмірде де болу мүмкін екеніне соншалықты сене бермейтінмін. Ал кейін Джон Фавроның режиссерлігімен түсірілген америкалық «Темір адам» киносын көрген кезде өзім де робот жасағым келіп, қиялыма қанат бітті. Әрине, робот немесе роботты техниканы жасау үшін неден бастау қажет деген сауал тұрады. Ең бірінші зат  – проблема. Проблемадан бастаймыз. Сол мәселеге шолу жасап, жан-жақтан ізденеміз. Сол мәселенің техникалық шешімдері бар ма? Соны зерттейміз. Ұқсас проблемалардың техникалық шешімдері болса, соны негізге ала отырып, әрі қарай дамытамыз, өз проблемамызға бейімдейміз. Ал ондай шешімдер болмаса, өзіміз симуляциялар жасаймыз.

Одан кейін LEGO MINDSTORMS Education EV3 бағдарламасында есептеп, роботтың қозғалыс дизайнын жасаймыз. Ең соңында сол роботтың детальдарын 3D принтермен шығарамыз, жинаймыз, тәжірибелер жасап көреміз. Робот дизайнын жасау  – өте күрделі, шығармашылықты қажет ететін процесс. Кейбір детальдары сәйкес келмей қалуы немесе дұрыс жұмыс істемей қалуы да мүмкін. Ондай болса, кем дегенде 3-4 рет ауыстырып, соңында дұрыс жұмыс істейтін робот жасап шығарамыз. Робот жасау үрдісі өте ұзақ. Ал жасаған роботтың тиімділігі функциясына байланысты бағаланады. Біз алдымен роботқа тапсырма береміз. Біріншіден, робот ол тапсырманы орындай ала ма? Соны бағалаймыз. Орындай алса, келесі қадам  – роботтың дәлдігі, тапсырманы қаншалықты дәл орындай алатыны. Қанша уақытта орындайды? Кейбір заттарды адам 10 секундта жасаса, робот оны 1 минутта жасауы мүмкін. Ондай жағдайда адам күшін қолдану тиімдірек қой. Сондықтан біз роботтың тапсырманы орындау уақытын тездетеміз. Оны тездету үшін инерцияны ескеріп, роботтың қозғалыс моторлары мен датчиктерінің мүмкіндіктерін есептеу керек. Әйтпесе, робот өз қозғалысын басқара алмай қалуы мүмкін. Соңғысы  – роботтың қарапайымдығы. Қарапайым робот жасау  – өте күрделі процесс, одан күрделі робот жасау оңайырақ.

Бұл салада 2018 жылдан бері айтулы жетістіктерім де жоқ емес. SKILLS FOR GEEKS IT- чемпионатының аудандық кезеңінде 4 жыл қатарынан 1-орын алып, облыстық чемпионатқа жолдама алдым және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде техника секциясы бойынша 3-орын алдым. Өткен оқу жылындағы қуанышты жаңалығым, команда бойынша “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасын және Amanat  партиясының балаларға арналған тегін ІТ-сыныптар бастамалық жобасын жүзеге асыру аясында өткен облыстық SKILLS FOR GEEKS онлайын чемпионатының 1-орын иегері атандық. Команда біздің мектеп оқушыларынан құралды.

Осы уақыттан бастап жан-жақтағы дарынды оқушыларды көріп жүрген соң, ІТ мамандарын даярлайтын оқу орнына түскім келеді.   Менің басты мақсатым – ауыл балаларына роботтың қыр-сырын үйреткім келеді. Өйткені ауылда да небір талантты оқушылар бар. Солар цифрлық дәуірдің көшінен қалмаса деймін» – дейді өнертапқыш Ернұр Манарбеков.

 Анасы информатика пәнінен сабақ береді 

Жалпы, робототехникаға деген талабын іс жүзіне асыруға септескен өзінің анасы әрі ұстазы  – Гүлзат Түлеуханова.  Ширек ғасырға жуық еңбек өтілі бар мұғалім мектеп қабырғасында   информатика пәнінен сабақ беріп жүр. Тек сабақ өткізіп қана қоймай, талабы бен таланты бар оқушылардың көкірек көзін ашып, робототехниканың тілін меңгертуді мықтап қолға алған.

 «Әуелі мені балаларымның болашағы алаңдатады. Яғни, келешекте олардың алдарынан қандай мүмкіндіктер ашылады? Олар бәсекеге қабілетті мамандар бола ала ма? Өйткені бізге техниканың заманы біртіндеп еніп жатыр. Балаларды соған дайындауымыз қажет. Ал олар мектеп кезінен бастап хобби ретінде робототехникамен айналыса бастаса, кейін технологиялардан хабары болады. Тіпті, болашақта оларға өзінің таңдаған мамандықтарына қажет болуы да мүмкін. Ал жалпы ұлым әрі оқушым Ернұрдың робототехника сабағына деген ынта-ықыласы жақсы. Техникаға деген икемін байқап жүрдім, кейін осы салаға баулыдым. Ұлымның болашағынан үлкен үміт күтемін. Елімізде тапшы болып тұрған ІТ саласының мықты маманы болса екен деймін. Өзім мектепте 4-7-ші сыныптар арасында робототехника және 3D үлгілеу пәндерінен сабақ беремін. Осы пәнге қызығушылығы зор оқушылар робототехника үйірмелеріне қатысып, өз жобаларын жасайды. Бізде робототехникамен әртүрлі жастағы балалар айналысады. Жас ерекшелігі маңызды емес. Бастысы, балада қызығушылық болғаны дұрыс. Әр деңгейден өткен сайын роботтарды құрастыру да қиындай түседі.

Бұл баланың бағдарламалау мен алгоритімдік ойлау қабілетін, техникалық қиялын дамытады. Мұнымен үздіксіз айналысу нәтижесінде балада инженерлік қабілеттер де пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, робот жасау арқылы балалардың ойлау қабілеті дамиды, бағдарлама жасап үйренеді. Мұндағы басты мақсат  – оқушыларды ғылымға баулу. Жасыратыны жоқ, қазіргі күні жоғары оқу орнын бітіргендердің арасында экономист, заңгер, қаржыгер сияқты мамандықтардың иегерлері жетіп артылады. Дипломы бола тұра жұмыс таппай сенделіп жүргендер көп. Мен біздегі оқушылардың болашақта бұл мамандықтарды таңдамайтынына жүз пайыз сенімдімін. Өйткені олардың техникалық бағытқа қызығушылығы жоғары. Балаға бүгіннен бастап мамандық таңдауға көмектессек, әлгіндей мәселе тумайтыны анық. Болашақта барлық өндіріс автоматтандырылады. Роботтар адамның көмекшісіне айналады. Оның алғашқы белгілерін қазірдің өзінде айналамыздан көріп жүрміз. Мәселен, биіктен фото, видео түсіруге арналған дрондар пайда болды. Олардың көмегімен енді пошта тасымалы жеңілдей түсті. Роботтарды басқаратын да адам керек қой. Біздің артықшылығымыз  – адами интеллектінің болуында. Қалай десек те, робот «робот» болып қалады. Оның тізгіні – өзімізде», – дейді робототехника және 3D үлгілеу пәнінің мұғалімі Гүлзат Түлеуханова.

Қалай десек те, еңбек нарығында сұранысы бар мамандыққа ие болу, өзің атқарып отырған қандай болсын қызметті кәсіби деңгейде меңгеру  – бүгінгі қоғамның басты талабы. Ал ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуіріндегі мамандықтардың өзектілігі уақыт өткен сайын арта беретін сыңайлы.

Осы айдарда

Back to top button