ҚоғамТОП

Ауыл балалары асыға күтіп жүр

Балауса ҚОЖАЕВА

Ғимараттың айналасына алма, алмұрт, шие және басқа да ағаш түрлерінің екі жүздей көшеті егілген. Кешке қарай балалар доп ойнағысы келіп футбол алаңына жиналады. Алдымен көшеттерді суаруға көмектеседі. Содан соң футбол ойнайды. Бұл ауылдың жеткіншектері спортты сондай жақсы көреді. Жаңа спорт модулінің ашылуын асыға күтіп жүр өздері.

Жыл сайын елімізде спорт саласына ерекше көңіл бөлініп, шыныққан жастарымыз дүбірлі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғауда. Олардың қатарында кешегі батыр бабамыз Қаракерей Қабанбайдың ұрпақтары да бар. Барқытбелдің топырағында туып, баһадүр бабасының жолын қуған үржарлықтардан басқаны күту мүмкін емес шығар. Ендеше алмастай жарқ-жұрқ еткен жастардың ерік-жігерін дұрыс арнаға бағыттай білсек ұтпасақ ұтылмаймыз. Осы ретте ауыл балаларының салауатты өмір салтын қалыптастыруына барынша жағдай жасап, «жанам деген жүректерге от берген» өңір басшылығының тікелей тапсырмасымен Үржар ауданының Мақаншы ауылында заманауи үлгіде спорт модулі салынып жатыр.

«А» және «Б» корпусы

Иә, үлкен-үлкен шаһарларды былай қойғанда шекара түбіндегі аудандар мен ауылдардың көбінде жасыл көгал төселген футбол алаңдары, спорттық модульдер, хоккей қораптары, Street Workout алаңдары қолданысқа берілген. Олардың дені мемлекеттің қаржысына салынса, кәсіпкерлердің демеушілігімен бой көтерген нысандар да аз емес. Осының бәрі әрине жастардың игілігі үшін істеліп жатыр. Болам деген балаға мүмкіндік көп қысқасы.

«Денсаулығы мықты адам ғана бақытты өмір сүріп, биік мақсатқа қол жеткізе алады. Бақыттың 90 пайызы денсаулықта жатыр. Әрбір азамат «шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы берік ұстанғаны абзал», – деп еді бір сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Расында салауатты өмір салтын ұстанған адамның дені де, тәні де сау болатыны сөзсіз.

Ел шетіндегі Мақаншының халқы да мұндай игіліктерден шет қалмаған. Шекара күзеткен жұрттың жағдайын көріп, тыныс-тіршілігін біліп қайту үшін асай-мүсейімізді арқалап жолға шықтық. Сол жүргеннен жүріп 600 шақырымды артқа тастап Мақаншыға келіп  бірақ тізгін тарттық. Халқының саны 13 мыңға таяп қалған ауылдық округте кейінгі жылдары көп шаруа атқарылып, көптеген нысан қолданысқа беріліпті. Бұл өңірдің тұрғындары да қалаға қарай үдере көшіп жатқан жоқ екен.

Таяуда ғана Мақаншыда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тамаша бір спорт модулінің құрылысы аяқталыпты. Жаңа нысанды мердігер мекеме – «МТС Төлеген» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған екен. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 327 миллион теңге қаржы жұмсалған.

–   Спорт нысаны «А» және «Б» корпусынан тұрады. «А» корпусында әкімшілік ғимарат орналасқан. Онда жаттықтырушылар бөлмесі, жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелер, медициналық бөлме, қойма бар. «Б» корпусында жабық спорт кешені орналасқан. Бұл жерде балалар спортпен шұғылданады. Жиһаздар мен қажетті жабдықтары сатып алынған. Бөлінген қаражат толығымен игеріліп, нысанды қабылдауға өткізіп жатырмыз, – дейді мердігер компанияның директоры Дамир Бақытжанов.

Спортшыларға арналған кітапхана

Басқа спорт модульдерінен бұл нысанның бір ерекшегілігі –жеке кітапханасының болуы. Иә, дәл солай. «Спортпен шұғылданатын жерге кітапхана не керек?» деген сұрақ туындауы мүмкін көкейіңізде. Асықпаңыз, айтайық. Бұл кітапхананың өзгешелігі бар. Мұнда спортшылар жайлы, олардың жетістіктері мен жеңістері туралы жазылған газет-журналдар, жалпы спортқа қатысты кітаптар бар. Осы жерге келіп жүрген жас өркен бойындағы күш-қуатын толыстырып ғана қоймай, таным көкжиегін кеңейтіп, рухани кемелдене түседі. Жаңа ғимаратта сонымен қатар дәмхана да болатынын айта кетейік. Жарыс кезінде спортшылар дәл осы жерден тамақтанып, уақыт үнемдейді. Иә, қарасаң көзің тоймайтын әдемі ғимараттың ашылуын ауыл балалары асыға күтіп жүр.

–   Ауылымызда спорттың көптеген түрі жақсы дамыған. Мақаншы жастарының бәрі спортқа әуес. Сондықтан бұл нысанның салынып бітуін күтіп жүргендер көп. Мәселен бізде күрестен «Түз қырандары» деген жекеменшік зал бар. Ауылдың Мәдениет үйінде де спортзал бар. Қазір жастардың біразы сонда шынығады. Қателеспесем үш-төрт топ дайындалады. Спортқа қызыққан жастардың қатары жыл санап көбейіп келе жатқандықтан оларға жаттығатын орын жетпейді. Ал мына спорт модулінің салынуы осы бір тығырықтан шығар жол болды. Енді жеткіншектер емін-еркін кең залда дайындалып, еліміздің атын байрақты додаларда көтереді деп сенеміз, – дейді ауыл әкімі Советқан Калиев.

205 бала дзюдоға қатысып жүр

Құрылыс компаниясы жұмысты былтыр қыркүйек айында бастаған. Модульдің жалпы ауданы – 924 шаршы метр. Көліктерге арналған автотұрақтың аумағы 800 шаршы метр болады. Бүгінгі таңда жұмыстар тиянақталып қалды. Көп ұзамай жаңа нысан қолданысқа беріледі.

Мақаншыда спорттың футбол, волейбол, қазақ күресі, дзюдо, джиу-джитсу секілді түрлері жақсы дамыған. Мәселен бір ғана дзюдо күресіне 205 бала қатысады. Иә, әрбір спортшының артында мықты жаттықтырушы тұратыны белгілі. Сол себепті біз шәкірттерін спортқа баулып, күрестің қыр-сырын үйретіп жүрген бапкерлерді де сөзге тарттық.

–   Мақаншы ауылында дзюдодан жаттықтырушы болып жүргеніме 10 жылдан аса уақыт болды. Нәтижелеріміз де жаман емес.Үлкен додаларда Қанат Рамазанов, Айдар Мұқышев сынды жастарымыз бар. Олардың ізін жалғап Темірлан Сағындықов деген шәкіртіміз келе жатыр. Ол мамыр айының 15-16 жұлдызында өткен Азия кубогы жарысында қола жүлдегері атанып қайтты. Осыған дейін біз «Түз қырандары» клубында дайындалатын едік, кейін Мәдениет үйіне көштік. Енді міне спорт модулі ашылайын деп жатыр. Әрине бірінші кезекте жаттықтырушы мен спортшыларға бұл үлкен қуаныш, – дейді білікті бапкер Ердос Мадыбек.

Ердос бапкер ауылда спорт саласы ерекше қарқынмен дамып жатқанын айтады. Бұл сөзіне мысал ретінде жуықта ашылған аралас жекпе-жек, джиу-джитсу сексияларын тілге тиек етті. Айта кетейік, бұл аталған бағыттардың жекежеке бапкерлері бар. Ашылғанына көп бола қоймаған секцияларға барып жүрген жастардың қол жеткізген жүлделері де жоқ емес. Мәселен бұған дейін осы ауылдың тумасы Дубек Закиров джиу-джитсудан әлемдік додада екінші орын иеленген. Ал биыл сәуір айында аралас жекпе-жектен (ММА) өткен Қазақстан чемпионатында бірінші орынды жеңіп алды. Мақаншылық жастардың осынау жетістіктеріне қарағанда кейінгі буынның болашағынан зор үміт күтуге болады. Демек спорт модулі дер кезінде, нағыз өз орнына салынып жатыр. Жаңа нысанның бос тұрмайтыны анық.

Баптай білсең, жемісін жейсің

Ауылдың көркін келтіріп тұрған спорт ордасынан шығып бара жатқанда мердігер компанияның директоры жаңа нысан әлі ашылмаса да жергілікті жастар қазірдің өзінде мұнда күнделікті келетінін айтты.

–   Өздеріңіз көргендей әзірге сыртқы жұмыстар ғана қалды. Ол – автотұрақты жабдықтау, абаттандыру, кәріз жүйесін тарту. Ғимарат маңына 200 түп көшет еккен едік. Арасында алма, алмұрт, шие секілді жеміс ағаштарының көшеттері де бар. Кешке жақын балалар келіп футбол алаңында доп тепкісі келеді. Көшет суарасып, артынан футбол ойнайды. Осыдан-ақ жастардың спортқа деген құлышынысын, спорттық нысанға деген құрметін аңғаруға болады, – деген Дамир Бақытжанов  бұған қоса ауыл жастарына футбол алаңын сыйға тартқанын жеткізді.

Ғимараттың айналасына егілген алма, алмұрт, шие көшеттерін көргенде бізге «бұлар да балғын спортшылар сияқты, жақсылап күтіп-баптай білсе күні ертең жемісін молынан береді» деген ой келді. Біз солай болатынына сендік.

Осы айдарда

Back to top button