Ауаны ластайтын зиянды заттар азайды
Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы ірі кәсіпорындардың атмосфераны ластайтын қалдықтарды шығару деңгейі 6,7 пайызға азайған.
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің өңір жұртшылығымен және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуі барысында айтылды. Министр қоғам өкілдеріне облыстың экологиялық жағдайын жақсарту аясында жүргізіліп жатқан жұмыстары туралы айтып берді. Сонымен қатар ол «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының жүзеге асырылуына жеке тоқталды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев және Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов қатысты.
– «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының атмосфералық ауа сапасын жақсарту міндеті аясында он ірі қалада, соның ішінде Өскеменде бес жыл ішінде 16 ірі өнеркәсіп кәсіпорындарындағы шығарындыларды 20 пайызға қысқарту көзделіп отыр, – деді С.Брекешев өз сөзінде.
Мәселен, министрліктің деректеріне сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, кәсіпорындардың ластаушы заттарды шығару деңгейі 6,7 пайызға төмендегені байқалған. Айта кетсек, Шығыс Қазақстан облысынан «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына Өскемендегі «Казцинк» металлургиялық кешені мен Өскемен жылу-энергетикалық орталығы кірген.
«Казцинк» күкірт қышқылы өндірісін жаңғырту жобасына кірісті. 2025 жылдың соңына дейін қолданыстағы күкірт диоксиді газын кәдеге жарату қондырғысын толық тазартумен жабдықтау жоспарлануда. Бұл өз кезегінде күкірт диоксидінің шығарындыларын 20 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Өскемен жылу-энергетика орталығында күлтұтқыш қондырғы мен екі қазандық агрегатта түтін газын тазарту жүйесін қайта жаңарту жүргізілді. Бұл келешекте ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді. Министрдің айтуынша, жол картасы аясында Шығыс Қазақстан облысының экологиялық мәселелерін шешу бойынша 35 іс-шара қарастырылған. 2021 жылы атмосфералық ауа сапасын бақылаудың 9 жаңа автоматты станциясы орнатылды, онда 6 негізгі ластаушы көрсеткіштер бойынша мониторинг жүргізіледі. Биыл Өскеменде қайта өңделетін 10 қабылдау пунктін жабдықтау жоспарлануда.
«Қазгидромет» үйымының деректеріне сәйкес, Өскемен қаласы атмосфералық ауаның ластану деңгейі жоғары он қаланың қатарына кіреді. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев Өскемен қаласының ауасы жағдайын бақылау 15 бекетте жүзеге асырылатынын айтады. Қолайсыз метеожағдайлар орнап, тұрғындардан шағымдар түскен кезде жылжымалы зертхананың көмегімен ауа сынамаларын іріктеу жүргізіледі.
– Соңғы 10 жылда облыста шығарындылардың жалпы көлемі 19 мың тоннаға немесе 13 пайызға, Өскемен қаласы бойынша 8,3 мың тоннаға немесе 13 пайызға төмендеді, – деді ол.
Облыстың экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында өңірдің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол картасы және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі 2020-2024 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген.
– Өңірдің қоршаған орта сапасының жоғары маңыздылығын ескере отырып, әкімдікке жол картасының іс-шараларын іске асыру үшін шұғыл шаралар қабылдау талап етіледі. Бұдан басқа, бүгінде біз облыстардың бөлінуін ескере отырып, жол карталарын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жаңа іс – шараларды бірлесіп пысықтап, енгізуіміз керек, – деп атап өтті Серікқали Брекешев.
Сондай-ақ кездесу барысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, кәріз-тазарту құрылыстарының жай-күйі, геология саласын, су және орман шаруашылығын дамыту мәселелеріне де тоқталып өтті.
Азамат Темірбеков
Фото: Тілеубек Шаяхмет