Автовокзал кімнің меншігіне өтеді?
Семей автовокзалы – қала қазынасына 70-80 млн. теңге құйып отырған кәсіпкерлік нысан. Осыдан үш жыл бұрын мемлекеттік автовокзал құрылымы өзгеріп, оның құрамына жекеменшік кәсіпорын кірген.
«Сөйтіп, жекеменшіктегілер автовокзал маңына бір құрылыс нысанын салып та қойды»,- дейді Семей қаласы әкімінің жанынан құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы Николай Исаев. Оның айтуынша, тұрғызылған құрылыс нысанының құнын олар әлдеқайда жоғары бағалапты. Автовокзалдың құны енді жаңадан салынған құрылыспен қоса есептеліп кетсе керек. Өткен жылдың сәуір айында қоғамдық кеңес мүшелері осы мәселеге орай дау көтергеннен кейін өкілетті органдар тексерумен де айналысыпты.
– Автовокзал жекеменшікте болғанда бірнеше айда төрт млн. теңге ғана пайда түсірсе, мемлекет меншігінде болғанда бір ай ішінде 8 млн. теңге пайда қаратқан, – дейді Николай Исаев, -негізінде жекеменшікке түсімі аз нысандар беріледі. Сондықтан осы «Семей-Автовокзал» мекемесін жолаушыларды тасымалдау орталығының қарамағына өткізу керек.
Өткен жылғы сәуір айындағы даудан кейін вокзал қала меншігінде қалады деп шешілген екен. Бірақ автовокзал жекеменшікке өтеді екен деген сөз шығып, қалалық мәслихат депутаттары жақында аталмыш проблемаға тағы да оралды.
-Біз өткен жылы ғана, яғни, депутаттар мен қаланың қоғамдық кеңес мүшелері бірігіп, мұны мемлекет меншігінде қалдыртуға күш салғанбыз. Жыл сайын бұл вокзал қазынаға 80 млн. теңге құяды. Бұл біздің қала бюджеті үшін өте жақсы ғой. Неге вокзалды жекеменшікке береміз деп жатыр?-дейді депутат Қайрат Мирашев.
Қалалық мәслихат сессиясында бұл сауалға қала әкімінің орынбасары Қайрат Ерембесов мынадай жауап берді:
-Үкіметтің 2015 жылғы қаулысы бойынша, автовокзал жекешелендірілетін нысандарға жатады. Сондықтан қазір оны сенімді басқару өкіліне табыстауды жөн көріп отырмыз. Бірақ бұл тек конкурстық негізде ғана болады. Яғни, барлық талаптар орындалады: инвестиция құйылады, жұмыс орындары сақталады, жалақы төмендемейді дегендей. Тек осыдан кейін ғана бұл нысан конкурсқа шығарылады.
-Бюджетке салмақ салатын нысандар жекеменшікке өтсін, қарсылығым жоқ, – дейді депутат Қайрат Мирашев, – бірақ автовокзалдан түсім бар ғой. Ол өзін-өзі жақсы ақтап тұр. Бұл біздің мүлкіміз, біздің кірісіміз.
-Мен де автовокзалдың мемлекет қарамағында қалуын қалаймын, – деді тағы бір депутат Рафаил Хазипов, – мәселен, бұл автовокзалға қала ішінде жүретін автобустардың да бағыттарын ұсынар едім. Өйткені, қала сыртында автобус бармайтын, бірақ жол қашан түседі деп халық тосып отыратын жерлер бар. Саяжайдағы халық қала орталығына еркін келіп-кетуі үшін де осы автовокзалдың автобустары өз есептерінен қызмет ете алады ғой. Депутаттардың осы айтқандарын да назарға алсаңыздар, жақсы болар еді.
Осылайша, «Семей-Автовокзал» мекемесінің болашағы әзірше белгісіз болып тұр. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін уақыт көрсетер.
Раушан Нұғманбекова
Семей.