Автопарктер қашан жаңартылады?

Семейлік жолаушы тасымалдаушылар автобус паркін жаңартуға құлықсыз. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен жиында шаһар басшысы Ермак Сәлімов мәлім етті. Ал тасымалдаушы компаниялар қоғамдық көліктерді тек 2018 жылы ғана жаңартылуға ниетті.
Семейде жолаушылар тасымалымен жеті мекеме айналысады. Олармен келісімшарт 2013 жылы жасалыпты. Алайда ол құжатта жылжымалы құрамды жаңарту қарастырылмаған екен. Әйтседе 2015 жылы Инвестициялар және даму министрінің арнайы бұйрығы шыққан. Соған сәйкес тасымалдаушы ұйымдар екі жылда бір рет автобус паркін жаңартуға міндетті. Бірақ та бұл талапты қызмет ұсынушы компаниялар ескерусіз қалдырып отырғанын айтады қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары. Мәселен қозғалыс бағытындағы қоғамдық көліктердің басым бөлігінің әбден тозығы жетіпті.
– 10 қозғалыс бағытында «АзияCOMBI» мекемесінің жүзден астам автобусы жұмылдырылған. Оның ішінде үш және жеті жылдан асқан 30 көлік бар. Он бес жылдан артық қызмет етіп келе жатқан автобустардың саны – 70-тен астам. Ал «Семавтопарк» ұйымында он бес жылдан асқан 40 қоғамдық көлік бар, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлім басшысының орынбасары Нұрлан Серғазинов.
Келтірілген деректі жолаушы тасымалдаушылар жоққа шығарды. Атап айтқанда, «Таксомоторный парк» мекемесінің өкілі он автобусты сатып алғандарын мәлімдеді. Су жаңа көліктер қараша-желтоқсан айларында жеткізілмек.
– Әкімдіктен келетін бірде-бір құжат қараусыз қалмайды. Жылжымалы құрамды жаңартуға келер болсақ, осы жылы он автобусқа ие болмақпыз. Оның қаржысы төленді. 2018 жылдың алғашқы жартысында тағы жеті автобусты сатып алу жоспарлануда. Олардың дені қытайлық өнім. Себебі мұндай санаттағы көліктер Қазақстан мен Ресейде шығарылмайды. Сондықтан біздің мекеме автобус паркін жаңарту бойынша ақпаратты ұсынбай келеді дегенге келіспеймін,- деп атап өтті «Таксомоторный парк» ЖШС-нің ресми өкілі Владимир Халин.
Өз кезегінде шаһар басшысы биыл қалада жолдар мен жолаушы аялдамалары ретке келтірілгенін тілге тиек етіп, бұл бағытта ауқымды істер қолға алынғанын атады. Сол себепті Ермак Сәлімов қоғамдық көлік иелеріне келер жылды күтпей техникалық базаны жаңартуға кеңес берді.
– Бізге барлығы мәлім. Қанша студент, қанша 7-15 жас аралығындағы оқушылар мен зейнеткерлердің қатынап жүргенін білеміз. Әрбір қозғалыс бағыты бойынша ақпарат бізге лезде жеткізіледі. Түгел есеп алдымызда. Тасымалдаушы шамадан артық жұмыс істеп жүрміз дегенді жиі айтады. Біз оның қулыққа басып отырғанын жақсы түсінеміз. Бұл жай ғана сөз емес. Ол алдағы уақытта сот талқылауында дәлел ретінде қолданылу ықтимал. Тасымалдаушылардың кіріс көлемі қандай мөлшерде екенін жақсы білеміз, – деген қала әкімі Ермак Бидахметұлы тасымалдаушыларға уақыт күттірмей қарекет етуді ескертті.
Сонымен қоса әкім қандай қозғалыс бағыттардың өзгеретінін жақын уақытта анықталатынын жеткізді. Сондай-ақ облыстық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев қоғамдық көлік иелерін ірі концорциумдерге бірігуге кеңес берді. Бұл табыс көзін көбейтіп, әділ бәсекелестік ортаның қалыптасуына сеп болады деді ол.
Жақсылық Мұратқали
Семей.