Қоғам

Автоөнеркәсіптің тамырына қан жүгірмек

Автоөнеркәсіптің тамырына қан жүгірмек


Семейлік автоқұрастыру кәсіпорындары ауыл шаруашылығына арналған қажетті техниканы шығаруды жолға қоймақ. Осыған байланысты облыс әкімі қаладағы «СемАЗ» және «Daewoo Bus Kazakhstan» зауыттарын аралап, жергілікті автоөнеркәсіптің әлеуетімен танысты.

Ауылшаруашылық саласы ел экономикасының драйвері екені рас. Бұл саланың әлеуетін арттыруда қажетті техниканың тигізер шарапаты мол. Тек сол игіліктің өзімізде шығарылмайтыны көңілге қаяу түсіреді. Біздегі шаруа арнайы техниканы көршілес облыстардан, одан қалды шет мемлекеттерден алатыны бар. Алайда, ол қалтаға әжептәуір салмақ түсіріп, егістікке арналған қаражат тұтастай лизингті жабуға кетеді. Бұдан кейін егіннің бітік шығуы да екі талай. Міне, осы олқылықтың орнын толтыруда аймақ басшылығы жергілікті автоқұрастырушы кәсіпорындарды қолдауға әзір. Осы мақсатта аймақ басшысы «СемАЗ» және «Daewoo Bus Kazakhstan» зауыттарына арнайы соқты. Себебі, дәл осы кәсіпорында алдағы уақытта толық циклды егістік кешенін құрастыруға арналған конвейерлік желі іске қосылмақ.

– Осы жерде алты операцияны орындай алатын егістік кешенінің өндірісін ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бұл туралы Әсемхан Серікханұлымен кеңестік. Алайда ол шет мемлекеттік өнімдермен бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Бұған байланысты арнайы бағдарламаны әзірлеу ойымызда жоқ емес. Үкімет біздің бастамамызды қолдайды деген сенімдеміз. Бірақ ол үшін аталмыш нарықтың нағыз алпауытына айнала білу керек. Атап айтқанда, отандық өнімде қазақстандық мазмұнның көрсеткіші 40-60 пайыздан кем болмауы қажет. Осы бағытта жұмыс істемекпіз, – деді Даниал Ахметов.

Бұдан бөлек, жергілікті зауыттан түрлі үлгідегі автобустар шығарылмақ. Осыған орай Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен бағдарлама әзірленіпті. Сол бойынша қалада шығарылатын қоғамдық көліктерді Шығыс Қазақстаннан өзге, басқа облыстар да алуды көздеп отырған көрінеді. Түйіндей келгенде, отандық автоөнеркәсіп дамудың даңғыл жолына түспек.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button