Қоғам

АвтоХҚО азаматтарды қабылдады

Ержан Әбіш

Өскемендегі автоХҚО мамандары «Адал көмек» жобасы аясында азаматтарды қабылдап, сауалдарына жауап қатты, кеңес берді.

Іс-шараға «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы облыстық филиалының директоры Азамат Есембулов пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті превенция басқармасының басшысы Архат Бейсембаев қатысты.

Тұрғындар жүргізуші куәлігін, нөмірлік белгілерді алу, көлік құралын тіркеу, жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсыру жөнінде сұрақтарын қойды. Айта кетерлігі, жұртшылық тарапынан қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар түскен жоқ.

Бір азамат «АвтоХҚО-да емтихан тапсыру үшін жас шектеуі бар ма?» деген сауал тастады. Азамат Есембуловтың айтуынша, бұл медициналық комиссияның қорытындысына байланысты.

– Егер комиссия ұйғарымы оң болса, онда жүргізуші куәлігін алуға үміткер емтихан тапсыруға жіберіледі, теріс болса, рұқсат етілмейді. Жас шегі жоқ. Бізге зейнет жасындағы адамдар жиі жүгінеді, – деді ол.

Қазіргі кезде автоХҚО-лар «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Елімізде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары 2013 жылы ашылған, олар ауданаралық тіркеу-емтихан пункттерінің жұмысын біріктірді. Содан бері азаматтар осы арнайы ХҚО-ларда өз көліктерін тіркеп, жүргізуші куәліктерін алуда.

Бұған дейін жағдай басқаша болатын. Автомектеп түлегі бір жерде медициналық комиссиядан өтіп, екінші жерде наркологтан, үшіншісінде психиатрдан анықтама алып, төртіншісінде теориялық, бесіншісінде практикалық емтихан тапсырып, сарсаңға түсуші еді. Содан соң барлық құжатты ауданаралық тіркеу-емтихан пунктіне тапсырып, жүргізуші куәлігін алатын.

Келесі азаматтарды қабылдау шарасы 27 қазанда Алтай ауданында өтеді.

Осы айдарда

Back to top button