ӨзектіТОП

Автобустар санын арттыру кімнің қолында?

(Лық толы автобусқа мінген адам. Сурет авторы: Тілеубек Шаяхмет)

Өскемендегі қоғамдық көліктердің мәселесі (ескіруі, уақытлы жүрмеуі) жүргіншіге, автобус жүргізушілері мен кондукторларға шешілмейтін түйін іспетті көрінеді. Жиналыстарда қала басшылығына шағымын айтып жатқанымен, жағдай өзгеріссіз. Тасымалдау компанияларының жетекшілері жағдай жылдан-жылға нашарлап бара жатқанын айтады. Нөпір қауым ішінде аяғы жаншылып немесе керекті аялдамасынан түсіп үлгере алмаған халық ашуын бір-бірінен алумен тынады. Тасымалдаушы компаниялар мәселелерін тізімдеп жазып, айтып берді. Ал Өскемен әкімдігінің тиісті бөлімі өзіне жолданған сұрақтардың жауабын қысқа қайырады.

 

Неге тексермейді?

 

«Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Маржан Бахытқызы өзіне «Автобустарды неге тексермейсіздер?» деген сұрақ көп қойылатынын айтады.

– Қоғамдық көлікте адам санының артық болуы және санитарлық талаптың сақталуына байланысты «Спорт сарайы» аялдамасында бірнеше рет бақылау жүргіздік. №№60, 12, 10, 19, 2, 1, 261, 38, 47, 42, 67 бағыттарындағы автобустарда жолаушылар белгіленген орыннан артық отыратынын анықтадық. Автобустарда маска режимі, шамамен, 80-90 пайыз сақталады. Бұл мәліметті облыс әкімінің орынбасары мен тиісті басқармаларға табыстап, бір шешімін табу керегі туралы ұсыныс айттық. Біз қоғамдық ұйымбыз, көліктердің санын арттыру қолымызда тұрған жоқ. Онымен жергілікті атқарушы билік айналысуы керек, – деген Маржан Бахытқызы өзі де автобуспен жүретінін, мәселені жақсы білетінін айтады.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2020 жылдың соңғы алты айындағы ақпараты бойынша, қоғамдық көлікте маскасыз отырған 46 адамға айыппұл салынған.

Біз аталмыш департамент басшысының міндетін атқарушы Хамит Елубаевқа «Тиісті басқармаға автобустар санын көбейту керегі туралы ұсыныс айттыңыздар ма?» деп сұрақ жолдаған едік. «Адамдардың автобусқа шамадан артық отыру мәселесі біздің құзыретімізге жатпайды» деген жауап алдық.

Сала мамандарының айтуынша, автобустардағы адам санының артып кетпеуін жүргізуші мен кондуктор қадағалауы керек. Бірақ кондуктор мен жүргізушілер «Бұл мүмкін емес. Есік ашылғанда ішке ентелеген нөпір халыққа тосқауыл қою қиын. Ал көлік толып тұр екен деп кейбір аялдамаға тоқтамай кетсек, жүргіншілер автопаркке қоңырау шалып, үстімізден шағым түсіреді» дейді.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың болжауынша, республикада наурыздың аяғына қарай бір күнде үш-тоғыз мың адам індет жұқтыруы мүмкін. Облыс аумағында коронавирусқа қатысты шектеу шаралары 14 ақпанға дейін ұзартылып, бақылау бекеттері қойылды. Бас санитарлық дәрігердің 30 қаңтардағы қаулысында былай жазылады:

Халық үшін медициналық немесе матадан тігілген маскаларды:

– ашық ауада (көшеде, үйден тысқа шыққанда), қоғамдық орындарда, оның ішінде автобус аялдамаларында;

– халықтың келуіне, қызмет көрсетуіне және демалуына арналған жабық үй-жайларда, сондай-ақ қызметі рұқсат етілген объектілерде;

– қоғамдық көлікте, оның ішінде таксиде кию міндеттеледі.

кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты:

– отбасы мүшелерін қоспағанда, ашық ауада (көшеде, үйден тыс жерде), сондай-ақ халыққа баруға, қызмет көрсетуге және демалуға арналған үй-жайларда не қызметіне рұқсат етілген объектілерде болған және жүріп-тұрған кезде сақтау міндеттеледі.

 

«Коронавирустан да қатты алаңдататын жайт бар»

 

Маржан Бахыттың айтуынша, кейбір адам медицина маскасын еріксіз тағып жүр.

– Қазаннан бері қоғамдық көлікте маскасыз жүргендерге айыппұл салынды. Адамдар содан кейін тәртіпке келіп, вирустан емес, айыппұлдан қорыққаннан таға бастады. Коронавирусқа сенбей, мұны саясатпен байланыстыратын да адамдар бар. Бірақ індеттің қаупін жақынынан айырылғандар жақсы біледі. Бүкіл әлем шектеу шараларын енгізіп жатқан тұста саясатпен байланыстыру дұрыс болмас, – дейді ол.

Тұрғындарды індет жұқтырудан бұрын жұмысқа кешікпей жету жағы қатты алаңдатады. Ахмер, Меновной, Бабкина, Теміржолшылар сынды алыс аудан тұрғындары автобустың зары әбден өткенін айтады. Ал аязды күні Өскеменнің мақтаулы автобустары да уақытынан сағаттап кешікті. Бұл жайында «Хабар» агенттігінің тілшісі Олжас Керейхан әлеуметтік желіде жазды.

– Шығысқа сиыр жылы сақылдаған сары аязымен мөңіреп кірді. Аяз қысқанда талай нәрсе сыр беріп жатыр. Бір дегенде Өскемендегі қоғамдық көліктер тұралап қалды. Семейде жиналып, отандық өндіріс деп дәріптелген «Dewo» автобустары -30 градуста оталмай қалды. Градус -40-қа төмендегенде ескі болса да әйтеу ыңыранып скандинавиялық автобустар жүр… Сонда деймін-ау, автопарк иелерінің автопаркті жаңартамыз деп, ұрандап көтерген тарифтен түскен қаржысы қайда? Егер сары аязда сол халық селкілдеп аялдамада сағаттап тұрса? -30 дан кейін оталмайтын отандық автобустан не қайыр?..  Әйтеу жолаушы нөпірі көп бағыттарда жылы аялдамалар бары дәтке қуат болып тұр… Ал біздің жақта қыс ұза-а-а-ақ… – деді.

Өскемен құрамындағы «Нұрлыкөш» ауылының халқы да автобус дұрыс жүрмейтініне наразы. Жуықта жиналыс өткен.

«Қоғамдық көлігіміз 12 адамдық. Оған отызымыз тиелеміз. Біз өлуге таядық. Шағын автобустың көлемін көріңізші. Түрегеп тұрған адамға сай ма екен? Айтыңызшы, ұстап тұратын темірі бар ма? Мен жас жігіт болғандықтан үлкен адамдарға орын берем. Өзім қолымды жерге тіреп келем».

«Аялдамадағылар кішкентай балаларды күпәйкеге орап ұстап тұрады. Бұл сұмдық қой. Мен таксимен келе жатқанда студент балаларды ала кетем. Ұзаса төрт адамды. Сыйғанынша. Қалғаны жаяу кетеді. Обал ғой».

«№256 автобус бір рет уақытында жүрген емес. Алдыңғы күні уақытында жүрді ме? Кеше жүрді ме? Бүгін ше?»

«Сіз біздің орнымызда 256 мен 71-ді тосып көріңіз, келе ме екен? Автобус жүреді дедіңіз. Таңертең нешеде жүреді біріншісі?.. Егер 6.10-нан бастап жүрмесе, жұмысқа үш көлікке ауысып мініп жететін адамдар үлгермейді. Ал 71-автобус (№71 автобус Нұрлы көштің сыртымен өтеді – ред.) 20.10-да қаладан шығып қояды. Оған студенттер кейде үлгеріп, кейде үлгермейді. Бұл кезде 256 деген  жоқ, тоқтап қалған».

«Міне, қазір екі минуттан соң автобус келуі керек. Жүріңізші бар ма екен, көріп қайтайық…».

«Көбіміз бірінші аялдамадан соңғы аялдамаға дейін барамыз. Жарты сағатта бір келетін көлік 12 тұрғынды ғана тасиды. Қалғаны сыймайды», – деді тұрғындар.

(Өскеменде бұзылған автобус. 25 қаңтар, 2021 жыл)

Бұл жиынға қала әкімінің орынбасары Денис Федченко барған болатын. Бірақ әкімнің орынбасары орыс тілінде, ал тұрғындар қазақ тілінде сөйлегендіктен, екі тарап дұрыс түсінісе алмады. Федченко қарбалас уақытта автобустардың жүруін жиілеткенімен, санын арттыру жуық арада қолынан келмейтінін ашық айтты.

«Тасымалдаушы компаниялар жүру кестесін автобустар үшін 75 пайыз, маршруттық таксилер үшін 85 пайыз орындайды. Толық орындамауының негізгі себебі – техника жағдайы қанағаттанарлықсыз және жүргізуші жетіспейді», – деп жазады қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бізге берген жауабында.

Аязды күні жаураған аялдамадағы жұртты көлік тізгіндеген кейбір жомарт азаматтар алып кетіп жатты.

 

«85 автобус қайда?»

 

Altaynews ақпараттық порталының жазуынша, жолаушы тасымалдаумен айналысатын қаладағы ірі компания – «Росттан» жылына 8-10 адам зейнетке кетеді. Келіп жатқан жастар жоқ.

Бізбен тілдескен «СТ Автосервис» ЖШС-ның директоры Мұрат Жақыпханұлы «менікі шағын компания» деп атап айтты.

– Ахмер сынды шеткері аудандарға жолаушы тасимыз. Қары күрелмейді, оған қоса жол сапасыз. Техника ескіруі содан. Қаладағы автобустардың 20-25%-ы жүргізушілердің жоқтығынан қаңтарылып тұр. Қалалық маршруттарға субсидия да бөлінбей жатыр. Егер субсидия берілсе, жүргізушілер мәселесін шешуге болады. Тариф реттеледі, ал субсидия жоқ… – дейді Мұрат Жақыпханұлы.

Тағы бір ірі компания Vosca-ның директоры бізге мәселесін тізіп жазып берді.

«Егер тарифтер жолаушылар тасымалының тиімділігін қамтамасыз етпесе, жергілікті атқарушы орган тасымалдаушыны субсидиялайды. Бұл арнайы заңда жазылған. Бірақ ешқашан орындалған емес. Субсидия берілмеуі көліктерге кері әсер етті және тасымалдау сапасы жылдан-жылға төмендеп барады. Беріле бастаса, көліктерді жаңартуға болады.

Біздің негізгі мәселе мынау:

– жолақыдан қосымша құн салығы алынуы;

– жүргізушілер саны жеткіліксіз және жалақы мөлшері төмен;

– өте ауыр еңбек;

– мемлекет тарапынан ешқандай көмек жоқ», – деді компания директоры Қанат Қалелов.

Қала әкімдігі субсидия бөлінбеуін былайша түсіндіреді: «Бір жолаушының жолақысы – 150 теңге. Халық 90 теңгесін төлейді. Үстіне 60 теңгені біз қосып беріп жатырмыз. Субсидия деген – осы».

Өскемен әкімі Жақсылық Омар 2019 жылы сужаңа 85 автобус сатып алынатынын мәлімдеген. Арада екі жыл өтті. Уәде әлі күнге орындалмады. Себебін сұрап, кеңірек түсіндіруін өтінгенбіз. «Қалада автобус паркін толықтыру жүргізілген жоқ. Жаңасын сатып алуды қала әкімділігі пысықтап жатыр» деп, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жауапты қысқа қайырған.

…Жұмыстан қайтып барамыз. Жанымыздағы адамдардың әңгімесі анық естіледі.

– Автобуста халық қиын ұжымшыл, иә?

– Иә, бірлігіміз жарасқан!

– Әй, екі метр аралық сақтап тұрсаңшы, адамға жабысып алғаның не сонша? – дейді таныстар әзілдесіп.

Жаңа ғана ішке телефонмен сөйлесе кірген адам «Ало-оу, біз мұнда фарш құсап жабысып қалдық, кейін хабарласамын!» деп асығыс сөйледі де, телефон ұстаған қолын сол күйі жоғарыдағы көлденең тартылған темірге созды. Саусағының ұшын іліктірген ол автобус тежегіші басылған сайын теңселіп бара жатты.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button