Автобустар аудан орталығына аялдамайды

Көктемдегі су тасқыны, автовокзалдың жоқтығы және тұрғын үй мәселесі. Бесқарағайлықтардың базынасына айналған. Бұл жайында аудан әкімінің халық алдындағы есептік кездерінде айтылды. Жиынға облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты.
Аудан әкімі Дәулет Батырбаев баяндағандай, былтыр өнеркәсіп өнімінің көлемі 800 млн. теңгені ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 18 136, 5 млн. теңгені құрады.
– Аудан экономикасының негізгі саласы агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. Бес мың тоннадан аса ет өнімі өндірілді. Сол сияқты 50, 4 мың тонна сүт, 3, 8 мың дана жұмыртқа өндірілді, – деп атап өтті Бесқарағай ауданының әкімі Дәулет Батырбаев.
Тұқым жаңалауды ауданның 59 шаруа қожалығы жолға қойған. Ауданда төрт тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Олардың дені қондырғыларын жаңғырту бойынша облыстық бағдарламаларға қатысқан. Биыл «Қалиханұлы» агроқұрылымында «Елочка» сауын құрылғысы орнатылды. «Аграрлық кредиттік корпорациясы» АҚ арқылы «Балке» серіктестігі үстіміздегі жылы байланбай ұсталатын «Параллель» сауын қондырғысын орнатуды жоспарлауда. 100 басқа арналған «Бестерек» қожалығы тауарлы-сүт фермасын қайта жаңғыртуға бағытталған жұмыстарды іске асыруда.
Бесқарағай тоғыз жолдың торабында орналасқан ауылдың бірі. Семей-Астана бағытындағы күре жолдың бойымен күнделікті оннан астам қалааралық қоғамдық автобустар қатынап жүр. Әйтсе де солардың бірде-бірі аудан орталығына аялдамайды екен. Себебі, мұнда барлық талаптарға жауап беретін автовокзал жоқтың қасы. Ауыл халқы осы мәселе реттелсе екен деген тілектерін білдірді. Көктем басталысымен ауыл іргесіндегі Куликов көлшігі маңындағы тұрғын үй секторына қауіп төндіретін көрінеді. Үш жыл қатарынан маза бермей келе жатқан жерасты суы 81 баспананы басып қалуы ықтимал.
2017 жылдың көктемінде тәуекел аймағынан 4 отбасы көшірілді. Өткен жылдың желтоқсанында тағы бір жанұяны көшіруге тура келген. Осы мәселелерді аудандық Достық үйінің директоры Мейрамгүл Абылғазинова көтерді.
Жергілікті жұрттың проблемаларына қаныққан облыс басшысы аталмыш мәселелерді реттеудің тегершігі бар екенін айтты.
Біз қаржы бөлуге дайынбыз. Бірақ жоба болуы керек. Осыны реттесеңіздер қаражат та болады. Екінші мәселе үй құрылыс. Мен құрылыс саласы жанданса, қуанамын. Жатақхана тұрғызуға да қарсылығым жоқ. Тек жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болғаны абзал. Ал автовокзалдың мәселесіне тоқталсақ, ол бір кәсіпкердің кепілдігінде жатыр. Оған көп болса 5 млн. теңге қажет шығар. Бұл қаржыны аудан таба алады деген ойдамын, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметовтің сөзі бесқарағайлықтардың көңіліне сенім ұялатты.
Жақсылық Мұратқали
Бесқарағай ауданы.