Қоғам

Ауызсумен кезең-кезеңімен қамтылады

Ауызсумен кезең-кезеңімен қамтылады


Аягөзде ежелден ауызсу мәселесінің ушығып тұрғаны жасырын емес. Сонау кеңестік кезеңнің өзінде қала орталығында қоларбамен ауызсу тасыған тұрғындарды көптеп көретін едік. Қазір бұл көрініс келмеске кетіп бара жатқаны қуантады.

Рас, әлі де ауызсудың тасымалы кездеседі. Дегенмен, бүгінгі күні бұл жұмыс кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Мәселен, өткен жылы үш елді мекенге су құбырын тарту жұмыстары толығымен аяқталса, биыл Дөненбай, Кеңқолат, Ескі Майлин ауылдарына су тартылуда. Осыдан екі-үш жыл бұрын ауданда су құбырын тарту 32 пайыз болса, қазір бұл көрсеткіш 53 пайызға жеткен.

– Елді мекендерге таза ауызсу құбырларын тартуды биыл 54 пайызға жеткіземіз деген ойдамын, – дейді аудан басшысы Бақытжан Байахметов. – Осыған дейін кейбір ауылдарда тұрғындар тіршілік нәрін әркім өз үйінің жанынан қазылған құдықтар мен елді мекеннің сыртындағы бұлақтардан тасып ішіп келген. Өткен жылы үш ауылға су тартылса, алдағы уақытта тағы бірнешеуі тіршілік нәрімен қамтылмақ. Жалпы, ауданның барлық елді мекендеріне таза ауызсу 2020 жылға дейін толықтай беріледі деп жоспарлап отырмыз.

Бүгінде аудан халқын сапалы ауызсумен қамту мәселесі күн санап өз шешімін тауып келеді. Аягөз ауданы жер көлемі бойынша облыстағы ең ірі аудан екенін ескерсек, бүкіл ауданға су тарту жұмыстары бір күндік іс емес екендігі айдан анық. Ауданды ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары 2005 жылдан бері кезең-кезеңмен іске асуда. Мәселен, былтыр Аягөз қаласын сумен жабдықтау нысандарын және құбырлар жүйелерін жаңғыртудың 4-кезеңі бастау алып, 26 көшеге су тартылды, Қарағаш, Мамырсу, Тарлаулы ауылдық округтері таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, Аягөз қаласындағы кәріз желілерін қайта жаңғырту құрылысының 1-кезеңі атқарылды. 2018 жылы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша бірқатар ауылдық округтерінде жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Ақши, Қосағаш, Мәдениет, Бидайық ауылдық округтерінің су құбырларының ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ тұрғындары 100 адамнан аспайтын елді мекендерді таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары Ескі Майлин және Кеңқолат елді мекендерінде бастау алды. Жалпы, 2018 жылы елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету деңгейін 54 пайызға жеткізу жоспарланған. Аягөз қаласының V кезеңінің, солтүстік, ет комбинаты ауданы су желілерінің, Ақтоғай кентінің, Малкелді, Байқошқар ауылдық округтерінің су жүйесі, Мамырсу ауылында кәріз жүйесі құрылысының және Аягөз қаласының биологиялық тазарту станциясының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бір сөзбен айтқанда, таза ауызсумен өңір халқын тұтастай қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button