Қоғам

Ауызсу тәулік бойы беріледі

Ауызсу тәулік бойы беріледі

Тоқсаныншы жылдар ішінде Ақжар мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының (ол кезде аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесі деп аталушы еді) атағы дардай болса да, Ақжардағы мекемелер мен тұрғын үйлерге су, жылу дегеніңіз жетпей жататын. Сонда жұртшылықтың бұл мекемеге деген өкпе-реніші қара қазандай еді.
Кейінгі жылдары осы кәсіпорынның жұмысы оңға басқандықтан ба, оңды-солды айтылған жел сөздер де сап тиылған. Кәсіпорын кеңсесі ұядай жылылығымен әрі қазіргі талапқа сай жаңалануымен көз тартады. Бұрынғы тозығы шыққан үстел, орындықтардың орнын су жаңа мебельдер басқан. Жылы да жинақы бөлмелерде жеңіл киіммен отырған қызметкерлер өздерін сергек сезінеді.
Әлбетте кәсіпорындағы өрелі өзгерістер оның кеңсесінен ғана емес, коммуналдық шаруашылықты тиімді ұйымдастырудағы қадамдарынан да айқын аңғарылады. Ақжардағы алты мыңнан астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етуде кәсіпорын стансасындағы екі сорғы автоматты түрде жұмыс істесе, сыйымдылығы 250 текше метрлік су мұнарасы да тиімді пайдаланылуда. Соның нәтижесінде бұрын ауылға тәулігіне 12 сағат су босатылса, қазір тәулік бойы берілуде.
Қазір ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтуда 22 шақырымдық су құбыры мен 47 су таратқыш қондырғы қолданылып келеді. Әбден тозығы жетіп, шіруге айналған осы ескі жүйелерді қазіргі қыс көзі—қырауда жамап-жасқау да оңайға түспеуде. Ауыл халқын ауызсудан тарықтырмауда слесарь әрі электр дәнекерлеуші Ерлан Уаңбаев, жүргізуші Мұрат Құдайгенов, электрші Ришат Ғапуров, механизатор-экскаваторшы Жанымхан Қазанғапов ықтияттылық танытуда. Ақжар ауылында кәсіпорынмен келісімшартқа отырып, оның қызметін пайдаланушы еңбек ұжымдарының саны 45-ке жетіпті.
Қаржының қаттығына қарамастан ауылдағы 3,5 шақырымдық кәріз құбырының 2,8 шақырымы қолданыста. Сондай-ақ, өткен жылы Ақжардағы моншаға жаңа қазандық орнатылып, 20 тонналық көмір қоймасы салыныпты. Оның айналасы ретке келтіріліп, қоршалған.
Ақжар ауылымен қоса Маңырақ, Құйған, Жамбыл, Жалаңаш ауылдарын ауызсумен қамту да осы кәсіпорынның мойнына жүктелген. Өткен жылы кәсіпорын құзырына Қарасу, Қабанбай батыр атындағы ауылдар қаратылыпты. Осы елді мекендерге «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 100 тұрғын үйге ауызсу құбыры тартылған.
Кәсіпорынның келешегі зор. Бірер жылдан бері «ЖМК-құрылыс» ЖШС (басшысы облыстық мәслихат депутаты Қайрат Нәбиев) республикалық бюджет есебінен ауылдағы 220 үйге жаңа су құбырын тартқан еді. Бұл дегеніңіз — алдыңғы қатарлы заманауи технологиялар. Мамандардың пікірінше, бұл технологиялар жарты ғасырға дейін шыдас береді. Бұл іс жаз шыға қайта жалғасын таппақ.
Кәсіпорын басшысы Бітімхан Өскенбаев:
– 2014 жылы шілде айында басшылыққа келгенімде осы кәсіпорын еңбекақы төлеуде 2,5 миллион теңге қарызға батқан екен. Сондықтан осы қарызды жабу үшін жасаған ұмтылысымыз зая кетпеді. Қазір еңбекақыға қарызымыз жоқ. Шаруашылық есеппен жұмыс істей отырып, қарауымыздағы 44 жұмысшы-қызметкердің еңбекақысын ай сайын төлеуге қол жеткізіп келеміз. Алдағы уақытта да осы қаржылық тұрақталығымызды сақтай беретін боламыз,–деді.
Халық денсаулығын жақсарту оларға жасалатын әлеуметтік жағдайдың деңгейіне де қатысты болып отыр. Осы жауапкершілікті терең сезінген кәсіпорын ұжымы қол жеткізген табыстарымен шектеліп қалмай, жаңа мүмкіндіктер көкжиегін қарастыруда.

Амангелді Жанахмет.

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button