Қоғам

Ауызбіршілік – қоғамның басты байлығы

Қыркүйектің бірінші күні жарияланған Президент Жолдауы бірнеше жаңалыққа толы болған еді. Бастысының бірі – мерзімінен ерте өтетін президенттік сайлау. Осы жылдың 20 қарашасына белгіленген сайлауға 12 кандидат тіркеліп отыр.

Жалпы жаһандық сын-қатерлер төніп тұрған заманымызда бейбіт күн, ашық аспан, тыныш өмір өте өзекті болып тұр. АҚШ пен Қытайдың текетіресі, Ресейдің айбат шегуі, Украинадағы соғыстың ушығуы, Орталық Азиядағы елдер арасындағы дау-жанжалдар осы қатарды толықтыра түсіп, қауіпті күшейтуде. Бүкіләлемдік экономикалық, ақпараттық, шикізаттық тәуелділік қайшылықтарды ушықтыруда. Осы ретте Президентіміздің жүргізіп отырған саясатын айта кетуге болады, ол «Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерді жұмсайды. Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенемін» деп атап өтті. Бұл жағдайда қоғамның ішкі ауызбіршілігі мен ұлт болып ұйысуы өте маңызды.

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады делінген» Ата Заңда. Халық билікке сайлау арқылы араласа алады. Президентті, Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын таңдау кезінде сайлау өтетіні мәлім. Мемлекетіміздің практикасында сайлауға қатысу деңгейі жоғары. Дауыс берушілердің елу пайызы қатысқан жағдайда сайлау өтті делінеді. Халықаралық бақылаушылардың кедергісіз жүруі, сайлау заңдарының бұзылмауы әлемдік БАҚ өкілдерінің назарында болады.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекетте» азамат мүддесі басты болуы, мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара іс-қимыл тетігі жолға қойылуы және азаматтарға шешім қабылдауға, оларға бақылау жасауға мүмкіндік беретін кедергісіз инфрақұрылым жұмыс істеуі тиіс. Бұл – әрине, биліктің халыққа жақындауы. Осындай модель бойынша көпшілік әлеуметтік, тұрмыстық мәселелерін кабинеттерді тоздырмай-ақ шеше алады.

Бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы Ата Заңға енген өзгерістер Парламент құрамына, мәслихаттар сайлауына ғана емес, сондай-ақ Президенттің өзіне де қатысты болды, ол халық сеніміне ие болуын дәлелдеуі тиіс. Саясатқа кездейсоқ, халыққа таныс емес адамның келуі қателіктерге соқтыруы мүмкін. Мемлекетті алға бастар жолы нақтыланған, саяси өмірі халық алдында өткен, сенімді, халықаралық беделге ие кандидаттың өтуі – көпшілік тілеуі.

Мықты, авантюраға берілмейтін Президент қана елдің көшін алға бастары сөзсіз.

 Жанар Сәдуақасова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ

Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button