Қоғам

Ауыр жұмыс адамды шыңдайды екен

Ауыр жұмыс адамды шыңдайды екен

Ауыр жылдарда ерлермен бірдей көмір қабатына қайла сілтеген, домна пеш¬терін лаулатып, трактор айдап, жер жыртқан қайратты аналарымыздың жалғасы бар әлі де. Қажырлылық пен күшті талап ететін осындай мамандық иесінің бірі – Мәдина Шайханова.
Ол – пайдалы қазбаларды қайта өңдейтін кен байытушы. Бүгінгі күні Жезкент кен байыту фабрикасының бас ғимарат басшысы Мәдина осы салада жиырма жыл уақыт жұмыс істеп келеді.
– Бала күнімде металлург боламын деп армандаған емеспін. Қыз балаға лайық мамандық емес деп ойлайтынмын. Бірақ ата-анам геолог боласың деп айтатын. Өз басым қызықпайтынмын. Солардың айтқаны келді. Геолог болмасам да, тастың тілін табатын маман болдым. 1990 жылы өзім қалаған жоғары оқу орнына түсе алмай, Теміртау қаласындағы Қарағанды металлургиялық институтынан бір-ақ шықтым. Ол кезде сол оқу орнына талапкерлерді қабылдау қарқынды жүргізіліп жатқан еді. Өзім қалап бармасам да, өкінген емеспін, – дейді Мәдина.
Бес жыл бойы пайдалы қазбаларды байыту кафедрасында алған білімі оған бүгінгі күніне азық болып отыр. Жоғары оқу орнын бітіре сала Жезкенттегі фабрика оған есігін айқара ашты. Бас ғимарат басшылығына дейін Мәдина кен байыту өндірісінің барлық сатыларынан өтті. Бастапқыда тау-тау кендер қорқыныш тудыратын. Қанша ауыр болғанымен қазбалармен жұмыс істеу біртіндеп жас маманның қызығушылығын оятты, өзінің білімін тәжірибемен ұштастырып, тереңдетуге деген құлшыныс туғызды. Сол мылқау тастар кейіннен оның сырласына айналды.
Әйелдің мықтылығы оның нәзіктігінде ғой. Бұл тура Мәдинаға арнап айтылғандай. Ол – әрі ана, әрі кен байытушы. Азаматқа тән күш пен қайратты қажет ететін мамандықты игерсе де, табиғат оны нәзік етіп жаратқандығын, біреуге ана, жар екендігін жадынан шығарған емес. Әйел-ана ретіндегі үй шаруасы мен инженерлік ауыр жұмысты қатар алып жүрген жылдар бүгін өз жемісін беруде. Қазіргі күні Мәдина Семей медициналық университетінде білім алып жатқан ұлына аяулы ана ғана емес, қол астында бірнеше адам жұмыс істейтін бір ұжымының ұйтқысы да.
– Бәрі тәжірибемен келеді ғой. Ауыр жұмыс адамды шыңдайды екен. Жұмыста темірдей төзімді болуға тура келеді. Негізі ауылда туып өстім ғой. Бала күнімде де ақ саусақ болмағанмын. Мүмкін осы жұмысты атқарып кетуіме осының да бір септігі тиген шығар. Әрине, ұжымға талап қоя білу керек. Алайда, кейде өзіңді олардың орнына қоя біліп, түсіністік танытуға да тырысамын. Жалпы мен әділеттілікті жақтайтын адаммын, – деп ағынан жарылады ол.
Әйел адамдардың орны ас үйде деген пікірмен ол мүлдем келіспейді. Нәзік жандар өз істеріне өте жауапты болады деген ойда. Оған Жезкент кен байыту фабрикасында жұмыс істейтін 350 адамның 200-і нәзік жандар екендігінің өзі куә.
– Біздің жұмысымыз өте жауапты. Жер астына түсіп кен қазбасақ та, кеншілердің алып шыққан қазбаларынан мырышы мен мысын дұрыс айырып алу біздің міндетіміз. Оның өзіндік қыр-сыры бар. Жер астынан шыққан кен бірнеше үгіткіштерде қайта өңделеді, түрлі химиялық реагенттермен араластырылады, осының нәтижесінде мыс пен мырыш концентраты алынады, – деп жұмыс үдерісіне қысқаша тоқталып өтті ол.
Мәдина әркез жұмысқа көтеріңкі көңіл күймен келеді. Өйткені, оған мұнда бәрі таныс, басшылық та, ұжым да, тіпті, тас кендер де оған ыстық. Ол бүгін өзін осы мамандықсыз, осы ұжымсыз елестете де алмайды.
– Өзіңе ұнайтын іспен айналысу да бір бақыт екен. Лайықты мамандықты тапқан соң, басқасына қызықпайсың да. Мен өмірде өз орнын тапқан адаммын деп есептеймін өзімді, – дейді Мәдина Шайханова.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button