Қауын-қарбызвн 40 күн саудалайды
Ерекше бір асығып бара жатқан жан болмаса, Күршім-Қалғұты-Қалжыр-Марқакөл бағытымен жол шеккен адамдардың міндетті түрде аялдап, бой жазып, шөл басатын жері – Ащыбасындағы мөлдір сулы бастау. Бүгінде ол жер кәдімгідей абаттандырылып, дәмхана салынып, шаршап келе жатқан адамдардың бір сергіп аттанатын жайлы мекеніне айналған.
Осы жолаушыларды күнделікті бастау басынан кәдімгідей базар ашқан бір топ қыз-келіншек қарсы алады. Олар жұртқа өздерінің жаз бойы төккен терлерінің жемісі – тәтті қарбыз, дәмді қауындарын ұсынып, бәйек болады. Шөлдеп келе жатқан жолаушының да іздегені осы ғой, әрі олардың көпшілігі әлгі бақша өнімдерін өздерімен бірге алып кетіп те жатады. Сөйтіп, бұл жерде екі жаққа да пайдалы келісім жүзеге асады – жолаушылар таңсық дәмге тойынып, шөл басса, бейнетқор диқан қауым өз еңбегінің нәтижесін көріп, нәпақасын тереді.
Осы арада көп жылдан бері сауда жасап, сапарға жиі шығатын жолаушы атаулыға әбден танымал болған, келген адамға қашанда жылы ұшырап тұратын бір көзтаныс жеңгемізді әңгімеге тарттық.
– Менің аты-жөнім – Биша Қайсарова, – деп бастады ол сөзін. – Қаратоғай ауылының тұрғынымын. Өзім жоғары білімді ұстазбын, кезінде Өскемен пединститутының биология факультетін бітіргенмін. Қазір заманның талабына орай диқан болып, жер еміп жатқан жайымыз бар. Құдайға шүкір, төккен терім нәтижесіз емес, бала-шағамның несібесін адал еңбегіммен тауып жүрмін. Бақша егіп, қарбыз, қауын, көкөніс өсіріп жатқанымызға 15 жыл болды.
Биша жеңгейдің нағыз еңбекқор әрі тынымсыз жан екендігі оның сөз ләмінен-ақ айқын аңғарылып тұрғандай еді. Жолдасы Қайырбек, ұлы Ержан үшеуі ерте көктемнен қимылдап, жаз ортасы ауа қияр, қызанақ, сәбіз сияқты көкөністерді сатылымға шығара бастайды екен. Шілде айы аяқтала бере Ащыбасына жеткізілген қауын-қарбыздың саудасын қыздырады. Ал Қайырбек болса, өзінің жүк көлігімен аталған көкөніс, қауын-қарбызды Үлкен Нарынға апарып саудалап, қалғанын картоп, бал сияқты өнімдерге айырбастап қайтады екен.
– Жаз бойы бел жазбай, тыным көрмей өсірген өнімімізді 40 күндей саудалаймыз, – дейді Биша Қабылбекқызы. – Тәубе деп айту керек, маңдай теріміз ақталып жүр. Осы тұрғандардың барлығы кешке дейін қауын-қарбыздарын толығымен өткізіп қайтады. Бұдан басқа, ауылда 15 сиыр сауамын, оның сүтін, құрты мен майын, айраны мен ірімшігін үзбей сатып отырамын. Сондай-ақ, тауық ұстап, көрші-қолаңға қысы-жазы жұмыртқа саудалаймын.
Науқан уақытында 4-5 адам жалдайтыны болмаса, қалғұтылық диқандар бар жұмысты негізінен өздері атқарады екен. Жеңгеміз шын көңілмен ұсынған тәтті қарбыздың дәміне сүйіне отырып, мен осы бейнетқорлардың биылғы аптапты жазда көрген азабы мен тартқан бейнеттерін жан-тәніммен сезінгендей болдым. Қара қайыстай болып қатып алған талдырмаш қана әйелдің әр қимылынан, сенімді де ажарлы үнінен оның бойында қайнап жатқан қажыр мен қайратты, еңбекке деген сенім мен ынта-ықыласты айқын аңғардым.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.