Ауқымды жұмыс атқарылды, алда қомақты міндет тұр

Кеше Өскеменде облыс әкімі Даниал Ахметов халық алдында есеп берді. Аймақ басшысының баяндамасын онлайн режимде барлық аудандар мен қалалардың тұрғындары көре алды. Даниал Ахметов өткен жылды қорытындылап, биылға межеленген міндеттерге жан-жақты тоқталды. Азаматтар тарапынан түскен сұрақтарға жауап берді. Жыл қорытындысына Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Талғат Байзатов, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, археолог-ғалымдар Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубеков, сондай-ақ өңірдегі ірі кәсіпорындардың еңбеккерлері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Атап өтерлігі, осы жолы облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есебі ерекше форматта өтті. Есепті баяндама алдында облыстың түкпір-түкпірінен тұрғындар сұрақтары бейнеэкраннан көрсетілді. Аймақ басшысы өз баяндамасын сол сауалдар негізінде, оларға жауап бере отырып өрбітті.
– Облыс қарқынды даму жолына түсіп, негізгі жоспар толық орындалды, – деді аймақ басшысы. – Былтыр жалпы өнірлік өнім 104 пайызға артты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 118, ауыл шаруашылығы 107, инвестициялар 112, құрылыс жұмыстары 108, бөлшек сауда 104 пайызды құрады. Нақты сектордағы оң серпін әлеуметтік сала дамуына тиімді әсер етті. Тұрғындардың ақшалай кірісі 117, орташа жалақы 111, жеке тұлғалар депозиттері 110 процентке артты. 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Былтырдан бері өңірдің 34 ірі және орта кәсіпорны 36 мың қызметкердің еңбекақысын көтерді. Жыл басынан бюджеттік салада жұмыс істейтін 38 мың адамның табысы орта есеппен 35 пайызға өсті. Жалпы, еңбекақы өсімі 117 мың адамды қамтитын болады.
Облыс әкімі өзінің есептік баяндамасында денсаулық сақтау саласына ерекше мән берді. Өңірде денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру бағдарламасы қабылданған. Ол дәрігерлерді әлемнің озық емханаларында, еліміздің жетекші орталықтарында оқытуды, ауруханаларды халықаралық талапқа сай жабдықтауды, мамандандырылған жоғары технологиялық орталықтар құруды, республикалық ғылыми орталықтардың бөлімшелерін ашуды және цифрландыруды қамтиды.
– Соңғы үш жылда аталмыш бағдарлама аясында облыс емханаларын жабдықтауға 18,8 миллиард теңге жұмсалды. Медициналық еңбеккерлерді оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы енгізіліп, оған 3,7 миллиард теңге қарастырылды. Осыған орай, бірінші деңгей бойынша аудандық ауруханалардың 3108 дәрігері оқытылды, екінші деңгей бойынша 48 шеберлік сыныбы ұйымдастырылды, үшінші деңгей бойынша шетел клиникаларында 153 маман біліктілігін арттырды, – деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы осы жиында сала бойынша нақты тапсырмалар жүктеді, атап айтсақ, ол орынбасары Әсем Нүсіпова мен денсаулық сақтау басқармасына алдағы 1 маусымға дейін Семейде гибридті ота жсау орталығын ашуды, сонымен қатар ұлттық ғылыми-зерттеу орталықтарының филиалдарын құруды міндеттеді. Яғни, кардиохирургия, хирургия, акушерлік және гинекология орталықтарының және онкология, травматология институттарының бөлімшелері Өскемен мен Семейде болады. Аудан-қала әкімдеріне баспанамен, көтермеақымен қамту арқылы жас мамандарды тартып, дәрігерлер тапшылығын жою тапсырылды. Сондай-ақ жыл көлемінде тағы 2170 медицина қызметкерінің біліктілігін арттыру және аудандық ауруханаларды халықаралық стандартқа сәйкестендірудің экономикалық негіздемесін әзірлеу жүктелді.
– Елбасының «үштілділік – біздің балалар үшін аса қажет» деген тапсырмасына сәйкес біз Кембридж жүйесінің жаңа лингвистикалық әдістерін қолданып, үштілді білім берудің үшжылдық бағдарламасын аяқтадық. Қабылданған шаралар аясында педагогтардың кәсіби білім деңгейі 14 пайыздан 60 пайызға дейін артты. «Менің мектебім» жобасымен бюджеттен тыс қаржы есебінен өткен жылы Назарбаев мектебі стандарты бойынша 476 оқу кабинеті жабдықталып, роботты техника сыныптары ашылды. Бұл база 277 ІТ-сынып құруға мүмкіндік берді, – деді облыс әкімі.
Екінші жыл қатарынан облыс «Білікті маман» жобасы бойынша сұранысқа ие жоғары білімді мамандарды даярлауға гранттар бөліп келеді. Егер 2017 жылы 200 грант берілсе, былтыр олардың саны 400-ге көбейген. Енді алдағы бес жылда 1846 грант бөлінбек, оған 5 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Нәтиже де жоқ емес, соңғы екі жылда-ақ шетелдік жоғары оқу орындарына кеткен мектеп түлектерінің саны үш есе азайған, бұған дейін сол талапкерлердің басым бөлігі Ресейдің көршілес өңірлерінде орналасқан ортаңқол университеттерге түсетін.
– Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында облыста жалпы орын саны 4600 болатын 11 студенттік жатақхана салынады. Былтырдың өзінде Семейде жалпы саны 400 орынды құрайтын екі жатақхананы пайдалануға бердік. Алдағы уақытта төрт университет пен бес колледжге Студенттер үйлері салынады. Бұдан бөлек, жекеменшік оқу орындары тағы төрт жатақхана тұрғызбақ, – деді аймақ басшысы.
Білім саласына қатысты да бірқатар маңызды міндеттер жүктелді осы есепті кездесуде. Атап айтар болсақ, білім басқармасына алдағы оқу жылына дейін кәсіби-техникалық білім беру жүйесін бейімдендіру және оңтайландыру, үш жылдың ішінде колледждерді 7 миллиард теңгеге құралдармен жарақтау, «Казминералс» және «Казцинк» кәсіпорындарымен бірлесе Құзыреттілік орталықтарын құру, өңірдегі 378 мектепті интербелсенді тақталармен қамту, сондай-ақ 1 наурызға дейін барлық 655 шағын комплектілі мектепте ІТ-сыныптар ашу сынды қадау-қадау тапсырмалар берілді.
Үштілділік білім беру жалғасып, алдағы үш жылда оған шамамен 1 миллиард теңге жұмсалады. Тағы бір жаңалық – мектептерде француз тілін оқыту енгізіледі, қазірдің өзінде 200 оқушы осы еуропалық тілді үйренуде, келер оқу жылында олардың санын 500-ге көбейту көзделіп отыр.
– Елбасы Жолдауының алтыншы бағыты аясында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүйелі іске асырылуда. Аталмыш ауқымды бағдарламаға 80,2 миллиард теңге қарастырылған. Тек соңғы екі жылда 52 миллиард теңге игерілді, оның 20,4 миллиард теңгесі – бюджеттен тыс қаражат, – деген облыс әкімі бағдарламаның «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы шеңберінде ұлғаятынын да жеткізді.

Басты іс-шаралар қатарында соңғы жылдары облыс аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі – бірегей жәдігерлер топтасатын Археология мұражайын салу, сондай-ақ «Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны», «Әдеби Шығыс» жобалары аясында жерлес ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына байланысты өлкелерге, киелі әрі қасиетті орындарға апаратын 23 тақырыптық маршрут әзірлеу бар.
Катонқарағайда қымызбен емдейтін шипажай ашылады
«Алтай» атауын еншілеген ерекше шипажай Катонқарағай ауылындағы аудандық аурухана базасында орналасады. Бұл жағымды жаңалықты аймақ басшысы өскемендік Индира Секенованың медициналық туризмді дамытуға қатысты қойған сұрағына орай айтты.
– Шығыс Қазақстан туризм саласын, оның ішінде медициналық туризмді дамытуға көңіл бөліп отыр. Бүгінде Катонқарағай аудандық ауруханасы базасында «Алтай» шипажайын ұйымдастыру қолға алынған. Осы жерде халықтық медицина, шөппен, қымызбен, батпақпен емдеу кабинеттері қызмет көрсетпек. Сонымен қатар шипажайда оңалту бөлімін ашу да жоспарда бар. Жаңа шипажай үш жұлдызды стандартқа сәйкес болып, мұнда бір мезетте 90 адамға дейін емделуі тиіс, – деді облыс әкімі.
Жалпы, облыс бір миллионға жуық турист қабылдауды көздеп отыр. Бұл облыс бюджетіне саладан түсетін түсім көлемінің артуына ықпал етпек. Нәтижесінде алдағы үш жылда туризмнен түсетін таза кіріс өңірлік жалпы ішкі өнімнің 3 пайызын құрауы тиіс.
Облыста туризм саласын дамыту мақсатында бірқатар ауқымды шаралар қолға алынған. Негізгі туристік бағыттардағы жолдар жөнделіп, көлік қатынасы жақсара түседі. Жұмыстар былтырдан бері қарқынды жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы Алакөлге қатынайтын жолаушылар санын ұлғайту мақсатында Өскемен мен Семейден Жалаңашкөл теміржол стансасына баратын пойыздар жолаушы тасымалдауды бастаған. Сол сияқты облыс орталығындағы әуежай терминалы қайта салынып, Семей әуежайының ұшу-қону алаңы жаңартылды. Биыл Алакөл, Сібе көлдері және Бұқтырма су қоймасы аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасын табады.
Биыл ІТ-Хакатон марафоны өтеді
Аймақ басшысы Даниал Ахметов жас бағдарламашыларға арналған облыстық «ІТ-Хакатон-2019» марафонын өткізуді тапсырды. Сонымен қатар маусым айында «Диджитал Ист – Болашаққа қадам» халықаралық форумын екінші мәрте өткізу, Цифрландырудың бірыңғай интеграциялық орталығын құру міндеттерін жүктеді.
Өңір экономикасын өркендетудің бір жолы – цифрландыру. Облыстағы тау-кен металлургиялық компаниялар осы салаға күш салуда, олар сандық трансформация бағытындағы төрт жобаны аяқтап, тоғызын жалғастыру үстінде. Өзге салалар да қалыс қалмай келеді. Ауыл шаруашылығы саласында техниканы есепке алу жүйесі енгізілді. Шаһарларда «Қауіпсіз қала» жобасы қолға алынған. Өскемен көшелеріне төрт мың бейнекамера орнатылмақ. Көшелерді үнемді әрі «ақылды» шамдармен жарықтандыру жобасы іске асып жатыр.
«Қоғамдық қабылдау бөлмесі», «Мобильді анықтамалық қосымша», «Өскемен мен Семейдегі бос жер учаскелерінің электронды картасы» жобалары іске кіріскен.
Алдағы міндет – қоғамдық көліктерге электронды билеттеу жүйесін енгізу, денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларын цифрландыруды одан әрі жалғастыру.
Цифрлық технологияларға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 30,5 миллиард теңге.
Әрбір үшінші жұмысшы кәсіпкерлік саласында еңбек етеді
Өткен жылы облыста нақты жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес нысандарының саны 110 пайызға көбейген, олар шығаратын өнім көлемі 123 пайызға артқан, сондай-ақ аталған субъектілерден түскен салық мөлшері 130 пайызға ұлғайыпты.

– Облыстағы әрбір үшінші жұмыскер кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүр. Сол себепті шағын және орта бизнес саласына ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Былтыр Бизнестің жол картасы бағдарламасына 2,5 миллиард теңге жұмсалды. Бизнестің субсидияланған және кепілдендірілген жобаларының саны бойынша облыс елімізде көш бастап келеді, – деді Даниал Ахметов.
«Даму» қорымен бірге «Ақ ниет» өңірлік жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы бойынша 51 жобаға 2,8 миллиард теңгенің қаржысы құйылды. Мұнымен қатар, Кәсіпкерлікті қолдау картасына 71 инвестициялық жоба енгізіліпті. Ал іске қосылған 40 жоба бүгінде өздерінің жоспарлы қуатына жеткен.
Былтыр 136 миллиард теңгенің алты жобасы аяқталды, оның ішінде ірісі – Бақыршық тау-кен байыту кешені.
Алдағы меже – 2022 жылға дейін 24 жобаны 581 миллиард теңгеге қаржыландыру.
Паром мәселесі қалай шешіледі?
Әділбек Маткаримов паромның қызметіне халық тарапынан көптеген шағым бар екенін айтып, әкімнен осы мәселені біржақты етуді сұраған болатын.
Даниал Ахметов аталмыш мәселе оған таныс екенін айта келе, оны шешу екі кезеңмен іске асатынын түсіндірді.
-Біріншіден, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы паром қызметінің сапаға сай болуын тұрақты бақылауға алатын болады. Ауа райының қолайсыздықтарын ескергеннің өзінде тасымал жиілігі 90 пайыздан түспеуі керек.
Екіншіден, «Құйған айлағы» ЖШС-не қызмет сапасын тиісті деңгейде ұйымдастыра алмағаны үшін айыппұл санкциясын енгізу керек. Қажет болған жағдайда тасымал кестесін сақтамай, тариф саясатын ақылға қонымды жүргізбегені үшін келісімшартты бұзу қажет, – деді облыс әкім.
Әкімнің айтуынша, 2015 жылдан бері халықтан сүт қабылдау көлемі 9,8 есеге артқан. 2015 жылы ауыл халқынан 3,7 мың тонна сүт жиналса, биыл бұл көрсеткіш 36,2 мың тоннаға жеткен. Төрт жылда 37 тауарлы-сүт фермасы іске қосылған және қайта құрылған. Сондай-ақ 55 сүт қабылдау пункті құрылып отыр. Осының арқасында өңірдегі сүт зауыттарының жүктеме деңгейі 29%-дан 75%-ға дейін өскен.
-Мысалы, «Эмиль» компаниясы өндірістік қуатын 36 мың тоннадан 56 мыңға көбейту үшін қайта жарақтауға көшті. Сүтті мал шаруашылығын әрі қарай да дамыта береміз. Ол қысқа уақытта өз жемісін беріп жатыр, – деді Даниал Ахметов.
Жаңа зертхана – Қытай нарығына көпір
-Бізде бал өнімдері жергілікті қажеттілік мөлшерінен бес есе, мал еті екі есе, қарақұмық үш есе, картоп төрт есе, күнбағыс майы он есе, ұн 22 есе көп өндіріледі. Бұл салада әлі де әлеуетіміз орасан. Соңғы жылдары осынша мол өнімді Қытай нарығына аса тиімді бағамен өткізу үшін үлкен жоба жүзеге асып жатыр. Ол – Қытай стандарттары бойынша сертификаттайтын зертхана – деді облыс әкімі.
Қытай стандарттары бойынша аккредиттелген зертхана биыл ашылады деп күтілуде. Оны қажетті зертханалық қондырғылармен жабдықтау үшін Қытай тарапы 1 млрд. теңгенің құралын ақысыз негізде ұсынып отыр.
-Қытай нарығының құлпы ашылса, өзіміз азық-түліксіз қалмаймыз ба деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған да жауап берейін. Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерін толайым бағамен сататын супермаркет ашамыз. Өз халқымыздың сұранысын сол сауда орны толық ақтайды, – деді облыс басшысы.
Сүт өнімдерімен республика көлемінде танымал бірнеше өскемендік зауыт қамтамасыз етсе, ет өнімдерін жаңадан ашылатын екі бірдей комбинат өндірмек.
Семейде ирандық «АгроПортал» компаниясы жылына 30 мың тонна ет өңдейтін комбинат, Аягөзде австралиялық компания 11,5 мың тонна ет өңдейтін зауыт салып жатыр.
-Орынбасарым Шалқар Байбековке жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы өнімдерін толайым бағамен сататын сауда орталығының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.
Облыс басшысы есептік кездесуде тың технологиялар мен цифрландыру саласының маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті ғалымдар бұл іске белсене кірісуде. Соның арқасында жапондық мамандар Д.Серікбаев университеті қолға алған жобаны бірлесіп іске асыруға келісіп отыр.
-Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында титан мен ниобийдің балқымасынан ұзындығы бір шақырым компьютерлік томографияға қажет жоғары өткізгіш сым дайындалды. Технологиялық өнімнің үлгісін жапониялық Furukawa Electric Co., Ltd сертификаттау зертханасына жолдағанбыз. Сынақ нәтижелі болды. Енді аталмыш зертханамен серіктестік орнатудың жол картасын дайындау қажет, – деді Даниал Ахметов.
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің халық алдындағы есепті кездесуінде тұрғындардың дені сауалдарын залдан емес, аймақтың қалалары мен аудандарынан сахнадағы экран арқылы тікелей жолдады. Биылғы жиынның басты ерекшелігі де осы болды.
Роза Доғалова, зейнеткер, Аягөз ауданы: – Жақында Сіздің тапсырмаңызбен Аягөз қаласындағы жекеменшіктің қолындағы орталық жылу қазандығының жұмысы ретке келтірілді. Алайда оның иелері қазандықтың жұмысын дұрыс жүргізе алмайды деп есептейміз. Сондықтан тұрғындар атынан сұрарым, сол қазандықты мемлекеттің қарамағына қайтарып алуға бола ма?
– Аягөздегі «Орталық» жылу қазандығының мәселесі менің жеке бақылауымда. Алдағы дүйсенбі күні өзім тағы да Аягөз қаласында болып, жағдайды тексеремін. Біз қазандықты уақытша басқару үшін мемлекеттік мекемеге алдық. Қазір жағдай тұрақты. Сонымен қатар «Аягөз жылу» мекемесіне тәуелсіз бағалау жүріп жатыр. Барлық тендерлік рәсімдер өткен соң, мамыр айында мемлекет меншігіне алатын боламыз. Нысан құны, шамамен, 47 млн. теңге. Ал қайта жөндеуге 250 млн теңге дайындап отырмыз. Алдағы қыркүйекте дайын болады.

Сләмбек Мұқашев, Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Өңір бойынша үлкен шаруалардың атқарылып жатқанын көзіміз көріп отыр. Өскеменде көптеген жобалар қолға алынған, Семейіміз өркендеп келеді. Алдағы уақытта ауылдарды абаттандыру бойынша қандай шаруалар жоспарланған?
– Өңірде абаттандыру бағдарламасына сәйкес аудан орталықтарын абаттандыруға 1,2 млрд. теңге бағытталады. Сондай-ақ төртінші деңгейлі бюджетке кіретін облыстағы 100 ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, оған бір млрд. теңге қарастырылады. Бұдан бөлек, облыста 120 мың көшет отырғызылатын болады.
Роза Ұзақова, Орда ауылы, Абай ауданы: – Менің қызым мемлекеттік қолдаулардың аясында жоғары оқу орнын сәтті аяқтап, өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Сізге көпбалалы ана ретінде аналық алғысымды білдіремін!
Төлеген Кнәсілов, зейнеткер: – Жақында Сіздің көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары тегін білім алуы үшін үш миллиард теңге бөлгеніңізді естідім. Сонымен бірге қазір көпбалалы отбасылардың балалары конкурстық негізде колледждерге түсе алмай жүр. Еріксіз ақылы оқуға баруға мәжбүр. Бұл ретте оларға қандай қолдау болады?
– Президенттің тапсырмасына сәйкес көпбалалы отбасынан шығып, колледжге оқуға түскен барлық балалар тегін оқытылады.
Мерей Қарт, Қазақстан Жазушылар Одағы Семей қалалық филиалының директоры: – Әуежай ел мен елдің, жер мен жердің арасын жалғайтын үлкен күшке айналды. Семей қаласының әуежайы күрделі жөндеуден өткізілгені үшін қала тұрғындарының атынан алғыс айтамыз. Әлемдік тәжірибені алып қарар болсақ, Франциядағы әуежай Шарль де Голльдің атында, Астанадағы әуежай Елбасының атында. Енді осы Семейдегі әуежайға Семейден шыққан ұлы тұлғалардың есімін беруге қалай қарайсыз?
– Семейде Ұлы Абайдың аты берілген нысандар жетерлік. Абай музейі, Абай театры, Абай кітапханасы бар. Оның үстіне, «Абай Арена» мәдени-спорттық кешені салынып жатыр. Шәкәрімнің атында да көше, жоғары оқу орны бар. Сондықтан әуежайға ат беруді қоғам болып ақылдасуымыз қажет. Ұсыныс өте орынды. Бұл ретте біз жерлесіміз ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің есіміне назар аударуымыз керек сияқты.
Ирина Қалтаева, Бесқарағай аудандық Достық үйінің әдіскері: –Даниал Кенжетайұлы, біздің ауылымызда екінші ауысымда оқитын оқушылар бар. Олар оқудан кеш қайтады. Ал ауылымыздың кей көшелері әлі жарықтандырылмаған. Алдағы уақытта ауылымыздың көшелері қосымша жарықтандырыла ма?
– Қазіргі таңда сәтімен іске асып жатқан жобалардың бірі – «Қалалар мен аудан орталықтарының көшелік жарықтандырылуын жаңғырту» жобасы. Нақтырақ айтсақ, сегіз қала мен 11 аудан орталықтарының көшелік жарықтандыру жүйесін түбегейлі өзгертуге жалпы сомасы 10,4 млрд. теңге бағытталған. Осыған байланысты облыс әкімдігі Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп Өскемен мен Семей қалаларының көшелік жарықтандырылуын жаңғыртуға кірісті. Бұл – 687 тірек пен 26,5 мың шам кешенді түрде жаңарады деген сөз. Мұнымен қатар, шамдарды басқарудың автоматты жүйесі де енгізіледі.
Аталмыш жобаны іске асыру жарықтандыруға жұмсалатын шығын көлемін 40 пайызға дейін үнемдейтін болады. Мұның ішінде Бесқарағай ауылында 573 көшелік шам орнатылады. Осы жобаның аясында облыстың барлық аудан орталықтарында 10 мың көшелік шамды ауыстыру жоспарлануда.
Жанаргүл Төлежанова, кәсіпкер, Үржар ауданы: – Елбасының Жолдауында отандық туризмді дамытуға ерекше мән берілген. Соған орай, Сіздің қолдауыңызбен ауданымызда туризмді дамыту бағытында үлкен шаруалар атқарылды. Алакөл жағалауы адам танымастай өзгерді. Былтыр 700 мыңнан астам адам демалып қайтты. Демалуға қажетті барлық инфрақұрылым салынды. Үржар әуежайының ұшып-қону алаңы ұзартылып, әуежай заман талабына сай жөнделе ме? Жазғы уақытта қосымша әуе рейстері ашылса…

– Сұрақ орынды. Біз Үржар әуежайының асфальт-бетонды ұшу жолағын жөндейтін боламыз. Қазір оның ұзындығы – 1500 метр. Жөнделген соң, екі мың бір жүз метр болады. Жоба құны – 3,6 млрд. теңге.
Иван Кашигин, денешынықтыру пәнінің мұғалімі, Өскемен: – Даниал Кенжетайұлы, соңғы уақытта қаламыздың көшелерінен шетелдік спортшыларды жиі кездестіретін болдық. Әсіресе, афро-американдық, бразилиялық спортшыларды. Айтыңызшы, олар спорттың қандай түрлеріне тартылған?
– Қазіргі күні «Алтай Атлетикс» клубында Қазақстан азаматтығын алған, шыққан тегі кениялық төрт мықты спортшы бар. Олар күнде таңғы сағат алтыдан бастап, күніне жеті сағатқа дейін жаттығады. Ал бізде ондай жаттығуды тек Ольга Рыпакова ғана жасайды. Сондықтан олардан үйренеріміз көп. Әлемдік деңгейдегі бұл атлеттер Жеңілатлетика федерациясы халықаралық қауымдастығының үздіктер рейтингіне кіреді. Жуырда мен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) Президенті Себастьян Коэмен кездестім, кездесу барысында оған Қазақстанда IAAF аймақтық даму орталығын ашуды ұсындым. Қазір әлемде осындай тоғыз орталық бар. Егер ол орталық ашылған жағдайда біздің еліміздің ғана емес, өзге елдердің де мамандары әлемдік деңгейде білім алу үшін бізге келетін болады.
Ғани Шаймерденов, кәсіпкер, Катонқарағай ауданы, Аршаты ауылының тумасы: – Шымкент қаласында 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен шұғылданып келемін. «Балапан» бағдарламасының аясында бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуда Алматы қаласында және облысында, Шымкент қаласында біраз шаруа істедік. Енді Шығысқа келіп, осы Өскемен қаласынан екі балабақша ашсақ деген ойымыз бар.
– Біз Катонқарағай ауданының тумасы, жерлесіміз Ғани Шаймерденұлының екі жаңа балабақша салу туралы ұсынысын қолдаймыз. Себебі ол Шымкентте тұрса да, өзінің туған жері Шығыс Қазақстанға инвестиция әкеліп отыр. Сондықтан орынбасарыма бұл кәсіпкерге қолдау көрсетуді тапсырамын.
Бейбітжан Көшкімбаев, №2 Ақсуат орта мектебінің директоры, Тарбағатай ауданы: – Облыс жұртшылығы атақты жерлес-археологтарымыз Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтардың еңбегінің арқасында Тарбағатай жерінен табылған Алтын адамды мақтаныш тұтады. Келешекте бұл археологиялық жұмыстар жалғасын таба ма?

– Тарбағатай ауданына қарасты «Елеке сазында» археологиялық зерттеу жұмыстары міндетті түрде жалғасатын болады. Ол жерде бұған дейін қандай бағалы жәдігерлер табылғанын барлықтарыңыз білесіздер. Ағымдағы жылы бұл бағытқа 200 млн. теңге бөліп отырмыз. Бұл жерлерде алдағы уақытта әлі талай тың жаңалықтар ашылады деп сенемін.
Елена Березинская-Абилова, «Авангард-инфо» ЖШС директоры: – Жұмыс бабымен Астанаға жиі барамын. Былтырдан бері «Тұлпар-Тальго» пойызы Шар қаласы арқылы жүрмейтін болды. Қазір пойыздар Ресей арқылы жүріп жатыр. Бұл жолаушылар үшін өте қолайсыз. Адамдар көп уақытын жоғалтып, Семейге дейін көлікпен барып, содан соң пойызға отыруда. Осы мәселенің оң шешіліп, бұрынғыдай Шар қаласы арқылы жүруіне көмектессеңіз?
– Бұл өте орынды көтерілген мәселе. Сіздерге айтарым, алда шешімін табатын болады. Тиісті орындармен алдын ала келісімдерге қол жеткізілген.
Есептік жиында облыс тұрғындары өз сауалдарын жолдап, оған нақты жауап алумен бірге, аймақ басшысына деген риясыз алғыстарын да жеткізді.
Мәселен, Алтай ауданы, Малеев ауылының тұрғыны Светлана Никольникова былтырғы көктемгі су тасқыны кезіндегі қолдауы үшін әкімге жерлестерінің атынан алғыс айтса, зайсандық көпбалалы ана Зәуре Баймұханбетова көпбалалы отбасыларға көрсетіліп отырған көмек үшін рахмет айтты. Ал семейлік ардагер Зейнолла Тоқаев, қоғам белсендісі Михаил Лобуков облыс әкімінің атқарған жұмысын жоғары бағалап, есебіне жақсы деген баға берді.
Ержан Әбіш,
Есімжан Нақтыбайұлы,
Дәурен Аллабергенұлы