Ауылынан барын аяған емес

Мақаншы ауылында балалық шағы, оқушылық өмірі өткен Совет Қалкейұлы бұл күнде алыста жүрсе де, ауылына жиі соғып, сағынышын басып кетеді.
Оқушылық өмірі Мақаншының мектеп-интернатында өтті. Себебі, әкесі Қалкей, шешесі Сейілқан екеуі «Арқалды» асыл тұқымды қой совхозының 650 бастан тұратын бір отар қойын бағып, шопандық өмірді бастан кешіп жатты. Шопанның балалары еңбекшіл болып келеді.
Төлбасы Болаттан кейінгі Совет Қалкейұлы Мақаншы ауылындағы Сейфуллин атындағы мектепті бітірген соң, Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік құрылыс институтын бітіріп, «Арқалды» совхозына бас маман болып келеді. Жас жігіт екі жыл комсомол ұйымын басқарды. Сексенінші жылдың аяғында алған біліміне орай совхоздың су шаруашылығын басқарды. Совхоз мал өсірумен қатар бидай, арпа, жүгері дақылдарын да себетін. Соған қажетті су жүретін тоған-арықтарды реттеп, суды мөлшермен жіберіп отыратын. Су бұл жақта тапшы. Сондықтан Келдімұрат өзенінен бөлініп, каналмен келетін суды реттілікпен, агротехникаға сай пайдалануды жүзеге асырып, мердігерлік әдіспен еңбек ететін. Құрманғазы Сәкеновтің бригадасы мол түсім алып жүрді. Мұнда гирдоинженер Совет Шөшековтің де үлесі аз болған жоқ.
Тоқсаныншы жылдардың басында кәсіпкерлікті қолға алды. Әкесі Қалкейдің ақыл-кеңесімен «Қалкей» шаруа қожалығын құрды. Еңбекке берілген малды өз төлі есебінен көбейтіп, пайдасын көре бастады. Бүгінде бұл шаруашылыққа ағасы Болат бас-көз болып жүр. Інісі Ғазиз де шөп шауып, төл алып, осы малдың қамын ойлаған азамат еді. Қос баласын, жары Күләнданы қалдырып, қырық жастан асқанда өмірден озып кетті. Бұл жай да Советтің жанына аз батқан жоқ.
Өзін тағы бір қырынан байқап көру үшін Совет Қалкейұлы осыдан он сегіз жыл бұрын Алматы қаласына қоныс аударған еді. Алматы қалалық коммуналдық шаруашылық департаментінде жемісті еңбек етіп жүр. Қайда болса да туған жер, өскен ұя, алғашқы еңбек етіп, белін буған жерін Совет Қалкейұлы еш ұмытпақ емес.
Осыдан үш жыл бұрын аудан әкімі Серік Зайнулдиннің ауылдың қариялары мен әжелеріне арналған бөлме дайындау жөніндегі әңгімесін естіген Совет осы іске жанашырлық танытып, жөндеу жұмысына 1,5 млн. қаржы бөлді. Ауылдың үлкен Мәдениет үйінің екі бөлмесі жөнделіп, жиһаз қойылды. Ас бөлмесіне ыдыс-аяқ, қажетті бұйымдар толық сатып алынды. Ардагерлер бөлмесінің салтанатты ашылуында аудан әкімінің, ауыл әкімі Советқан Тоғанбайұлының және ардагер Жұмағазы Жақанбаевтың құттықтау сөз айтқаны есімізде.
Совет Мақаншыдағы тұрғын үйге зәру жандарға баспана алуға да 1 млн. теңге бөлді. Совет Қалкейұлы – өткен-кеткеннен мағлұматы мол, тарих-танымды жете түсінетін жан. Ол бірде:
– Мен көрші Қытайға барғанымда, аталарымыздың қызыл нәубеттің қиындығына шыдамай, жер ауып кеткен жерінде болдым. Бұрын ол өлкені де қазақтар жайлаған ғой. Сонда үлкен атам Шөшектің бейіті, өзі еккен талы қалыпты. Атамның басына тәу етіп, зират орнаттым. Жергілікті тұрғындар Башпайдың көпірі, Демежанның қара ағашы, сұлу Иса қажының мешіті, Шөшектің талы деген құрмет тұтатын тарихи орындарымыз бар, – деген болатын.
Мектепті работтехникасы сыныбымен жабдықтау жөніндегі облыс әкімінің бастамасына орай Совет Қалкейұлы Мақаншыдағы Ә. Найманбаев мектебіне 300 мың теңге бөлді.
Таяуда Мақаншы ауылындағы Әсет Найманбаев музейінің басқарушысы, ақынның немересі Ляззат Қожекеқызы хабарласып, «Совет ағамыз музейге демеушілік көрсетті, газет арқылы рақмет айтайын деп едім» дегені бар. Музейге қаржы бөліп, оның жылу жүйесін, үлкен бөлмесін жөндеуге көмектескенін көріп қуандым.
Атап өтерлігі, Совет Шөшеков «Парасат» университетін бітіріп, қосымша экономист мамандығын да меңгерген-ді.
– Ауылым – шыққан ортам, одан мен еш нәрсемді аяп қалмақ емеспін. Өйткені мені түлеткен, самғатып ұшырған – осы аяулы атамекенім, – дейді Совет Қалкейұлы.
Мұратқазы Саябаев
Мақаншы ауылы,
Үржар ауданы.