Руханият

Ауылына мешіт салдырған қария

Ауылына мешіт салдырған қария

Жігіттің үш жұртының ең жанашыры ретінде аталатын нағашы жұрт, расында да, атына сай, жиендеріне қамқор болып келеді екен. Менің нағашыларым Зайсан өңірінде тұрады. Тоғыз ұл, бір қызды дүниеге әкеліп, барлығын да оқытып, үйлендіріп, әрқайсысының еншісін бөліп беріп, бір-бір шаңырақ етіп отырған Құлжынов Қазиз атам мен Қапиза әжемді Айнабұлақ ауылының еңбектеген жасынан, еңкейген қариясына дейін құрмет тұтады.
Мерейлі отбасы иелерінің отасқандарына биыл 61 жыл. Бір адамның өмірімен есептесек, бес мүшелге толыпты. Бір әулеттің үлкеніне тұрмысқа шыққан Қапиза әжем қайны, қайын сіңлілерінің бәрін аяқтандырып, ақылшы жеңге ғана емес, қамқор анадай бола білген ізгі жан. Ата-енемен қоса қаншама қайын апа, қайын сіңлілерімен де тіл табыса жүріп, өз балаларына да тәлім-тәрбие беру – ол ерен еңбек, темірдей төзімді қажет етті ғой. Колхоздың қысы-жазы таусылып бермейтін жұмысында механизатор болып еңбек еткен атамыздан қалыспай, таң бозынан күн батқанша сол ауылдың науқандық жұмыстарының бәрінде де апам жүріпті. Белсенді жұмыскер бола білген апамыз сол кездегі ауыл әйелдері арасынан шыққан санаулы әйел коммунистердің бірі. Ал коммунистерге қойылатын талап қай жағынан болса да, қатал болғаны белгілі.
Өткен күндерін еске алып: – Қайсыбірін айтайын. Үкіметтің жұмысынан іңірде үйге келесің, балалардың тамағын беріп жатқызған соң кірін жуып, ертеңгі нанын пісіресің. Енді «уһ» деп, бір көз шырымын алайын дегенше, торғай шырылдайды. Тұрып сиыр сауасың, таңғы асын бересің. Сөйтіп тағы жұмысқа кетесің. Бел жазып жатуға да мүмкіндік болмаған күндер өтті ғой. Бүгінгідей өмір кешіп жатқан сендер бақыттысыңдар. Біз көргенді көрмесеңдер екен, – дегенде, – Әжем ертегі айтып кетті ме, соның бәріне қалай төзген? – деп, таңғаласың.
Сол тынымсыз еңбек, төккен тердің өтеуі болса керек, бүгінгі күні он баладан 37 немере, 20 шөбере сүйіп отырған ата-әжем ауыл-аймағының, ел-жұртының, құда-жегжаттарының құрметіне бөленіп, ұл-қыз, немере-шөберенің қамқор алақанында бейқам, бақытты күн кешуде. Ата салты бойынша өз қара шаңырағында, кенже ұлдың қолында тұрады.
Балалары да, немерелері де жоғары білімді, әр салада қызметте. Олардың ата-аналарын Меккеге апармақ ойларын білгенде қариялар жердің шалғайлығын, оның үстіне денсаулықтың да сыр бере бастағанын алға тартып, ауылға мешіт керек екенін ескертеді. Сол сәтте-ақ нағашыларым жұмыла кірісіп, ауылда ғибадат үйі бой көтерді. Барша ауылдастар риза болып, баталарын берісті.
Біз Үржар өңірінде тұрамыз. Әулетке ортақ ауқымды іс-шара өткізерде бауырлары менің анамның шешімін күтеді. Екі елдің арасы шалғай болғанымен әжеміз «жиендерімді сағындым» деп, келіп тұрады. Мұнда төрт жиені бармыз. Үшеуіміз жоғары білім алып, бір-бір шаңырақ иесі болдық. Кенжеміз 10-сыныпта оқиды.
Ата-анамыз «Балам – балдан тәтті, немерем – жаннан тәтті» деген бақытты күндер кешуде. Әжем біздің ауылға да сыйлы. Әжем келгенде ағайын-туыс, көрші-қолаң, ата-анамның достары арнайы сәлем бере келіп, қонаққа шақырысып, бір мәре-сәре болып қалады.
Әжем маған кейде ақылдың кені сияқты көрінеді. Айта берсе, әңгімесі таусылмайды. Сол әңгімелерінің өзінен-ақ бала тәрбиесі, ата-ене күтімі, ағайын арасындағы сыйластық, абысын-ажындардың ынтымағы бәрі-бәрі аңғарылып тұрады. Осының бәріне күш-қуат, төзімділік керек қой.
– Әже, шаршаған шығарсыз, ә?- десем. – Жоқ, балам, мен бақытты кемпірмін ғой. Қанша бейнет кешсем, сонша өмірдің рақатын да көріп отырмын. Шүкір, менің бар байлығым – балаларым. Тұрмысымыз жайлы, тамағым алдымда. Пульт қолымда, телефон қалтада. Жан-жақтағы бала-шағамды компьютерден күнде көріп отырамын. Ауырсам дәрігер де үйімде. Тек Шәкенімді сағынамын, – деп күрсінеді. Ол – 1958 жылғы екінші нағашым, 2014 жылы дүниеден өткен. Әжеме бәрінен де ауыр тигені осы болды. Қайтеміз, бұл да өмір заңы.
Ақылшым, қамқоршым, өмір ізі сайрап тұрған жүзіңнен, мейірім шуағы төгілген көзіңнен, ақ күмістей жылтыраған самайыңнан айналдым. Әжетайым аман болшы!

Ақжарқын Бодауова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button