Ауылын сағынып, Германиядан қайта оралыпты

«Виктория» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Касымкинді Бородулиха ауданындағы Камышенка ауылының тірегі деп атауға толық негіз бар. Ол әрдайым өз ауылына, жерлестеріне қажет кезде қол ұшын беріп, демеп отырады.
Жермен айналысатын адамдарға жігерлілік, бастамашылдық, алғырлық секілді бірегей қасиеттер тән. Өйткені, осы қабілеттер болмаса, қиындығы мен машақаты мол ауыл шаруашылығы саласында табыс тауып, пайдаға кенелу әсте мүмкін емес. Шығыс өңірінде өз ауылдастарына тірек болып жүрген шаруашылық басшылары жетерлік. Сондай адал еңбегімен мал тауып жүрген атымтай жомарт азаматтар туралы айтпасқа болмас.
Камышенка ауылының фермері Владимир Касымкин – бидай мен күнбағыс егіп, соны сақтап, сатып, өз отбасын, қарамағында еңбек ететін адамдарды асырап жүрген жан. Әрине, оның қожалығы үлкен де емес, небәрі төрт адам жұмыс істейді. Десек те, атқарып жүрген жұмыстары айтарлықтай.
Бір қызығы, Касымкиннің кәсібі көшуден басталыпты. Өзі орыс ұлтының өкілі екен, зайыбы неміс қызы болғандықтан қайын жұрты қайта-қайта тарихи отанға – Алманияға көшуге үгіттейді Владимирді. Басында келісімін бермей жүрген ол туғандарының көңілдеріне қарап қоныс аударады. Еуропадағы тұрмыс әлбетте біздікінен мүлдем басқа, еркіндікке үйреніп қалған ол Батыстың өмір салтына көндіге алмаған көрінеді.
– Көзімді жұмсам қазағымның кең даласы, жусанның иісі елестейтін болды. Германиядағы өмір жақсы да шығар, бірақ мен өзіме жұмыс таба алмадым, кәсіп ашу тіптен мүмкін емес екенін түсіндім. Содан не керек, Қазақстан қайдасың деп қайта оралдым. 2008 жыл болатын. Екі ел арасында көшудің қаншалық қиың екенін түсініп те отырған шығарсыз. Әуре-сарсаңға түстік қой біраз. Келген соң қайта іс бастау керек болды, – дейді кәсіпкер.
Ол ауылда қаңырап тұрған бұрынғы совхоздың ғимараттарын сатып алып, оларды жөндеп, астық сақтау қоймалары етіп жасап шықты. Шатыры жоқ, қабырғалары құлағалы тұрған базалар адам танымастай өзгерген. Одан соң техника сатып алды, біртіңдеп жер жыртып, егін егуге кірісті. Он жылдың ішінде «Виктория» аудандағы белді кәсіпорындардың біріне айналды.
– Мен түсінем, қазір көптеген отандастарымыз АҚШ-тың, Еуропаның өміріне қызығады, сонда көшіп барып, тұрғысы келеді. Иә, ол жақта тып-тыныш өмір сүруге, адал еңбек етіп, лайықты ақша табуға болады. Дей тұрғанмен, кіндік қаным тамып, туып-өскен, адам болып қалыптасқан осы жерімде мен өзімді бақытты сезінемін. Өзім Көкпектінің тумасымын, тамырымыз осында, қала берді әке-шешеміздің сүйегі осы қазақтың қасиетті жерінде жатыр емес пе?! Өскелең ұрпаққа мүмкіндік көп қой бізде, – дейді Владимир Касымкин бізбен әңгімесінде.
Осы ауылдық округтің әкімі Құмархан Будумбаев шаруа қожалығының басшысына ризалығын білдіріп отыр. Ол кәсіпкердің жерлестеріне шама-шарқынша көмектесіп, әлеуметтік іс-шараларға демеушілік көрсетіп тұратынын баса айтты.
– Ол – дархан мінезді, қолы ашық жан. Көмек керек болса, ешқашан қарсылық білдірмейді. Биыл көктемде ауылды су басу қаупі пайда болды. Дереу шара қолдану қажет еді. Мен ауылдағы кәсіпкерлерден жәрдем сұрадым. Владимир Касымкин алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Өзі тракторымен келіп, қарғын судың алдын бөгеді, ағынның бағытын өзгертуге атсалысты. Абырой болғанда ауыл-аймақ, мал-жан аман қалды, – дейді жергілікті әкім.
Біз сөз етіп отырған шаруашылық жетекшісі бала кезінен тынымсыз еңбек етіп, ауыр жұмыстың не екенін біліп өскен екен. Ол өзінің балаларын еңбекпен тәрбиелепті, енді немерлерін де жұмысқа тартуда.
– Еңбек лайықты бағаланбаса, адамның көңіл күйі болмайды, жұмысқа деген ынтасы жоғалады. Мен немерлеріме мектепте алған «бестіктері» үшін ақша төлеп тұрамын, спорттық сайыста жеңіске жеткен үшін бір немереме велосипед сыйладым. Ол не үшін дейсіз ғой? Әрине, сол ойыншықтарын былай да әпере салсам болады. Бірақ еңбексіз келген дүниенің қадірі болған ба, айтыңызшы?! Кішкентайынан игіліктің бәрі ауыр еңбекпен, ащы термен, шыдаммен, көз жасымен келетінін біліп өссін деген ниет менікі, – дейді ол.
Біз он жылдың ішінде жоқтан бар жасап, белді шаруашылық құрған осы бір еңбек адамына іштей риза болып қоштастық. Көктем кезі, шаруа адамдарының әр сағаты санаулы ғой. Ол жыртылып жатқан егістік алқабына баруға асығып тұрды. Бізден кешірім сұраған Владимир Касымкин жол талғамайтын темір тұлпарына мініп, егін алқабына қарай жылдамдата жүріп кетті.
Ержан Әбіш