Қоғам

Ауылым деп соққан жүрегі

Ұлы Отан соғысы және тыл ардагері Алдауышев Мұқаметзәки ақсақалдың ұлы Алдауышев Қайрат еңбекке ерте араласты. «Покровка» совхозындағы мектепалды интернатында тәрбиеші, осы интернаттың меңгерушісі қызметін атқарды.

Өскемендегі мұғалімдер институтының тарих факультетін бітіргеннен кейін еңбек жолын ұзтаздыққа арнады. Қосағы Гүлнармен дүниеге бес бала әкелді. Балаларының барлығы да жоғары оқу орындарын тәмамдап, әр салада қызметтерін атқаруда. Отасқандарына отыз сегіз жыл болған Қайрат ағамыздың жанұясында Дидар, Айдар, Әсет атты үш ұл мен Гүлнұр, Дана атты екі қыз өсіп-өнді. Гүлнар апайымыз да химия-биология пәнінің мұғалімі. Қазір зейнеткерлікте. Қыздан-ұлдан өрбіген тоғыз немересіне бар ықыласын көрсетуде. Бастапқыда Қайрат ағамыз А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте тарих пәнінен дәріс берді. 2003 жылдан бастап осы күнге дейін Бозша (Дәулетбай) ауылындағы орта мектепте директор болып қызмет атқарады. Ағамыз Бозша ауылының көркеюіне бір кісідей үлес қосқан жан екендігі көпке мәлім. Бозшадағы жаңа орта мектептің бой көтеруіне, Қандысу өзеніне көпір салынуына, ауылға саябақ, мешіт салынуына үлес қосты. Қазір осы іскерлік қасиеттері арқасында елге сыйлы ағамыз «Әсет» атты шаруа қожалығында да шаруасын дөңгелетіп отыр. Осындай елге, жастарға үлгі болатын ел ағалары көп болса екен деймін. Осындай білімді, ұлағатты ұстаздан дәріс алған шәкірттер жерде қалмас деп ойлаймын.

Мырзабек Мұқанғалиев, Маңырақ ауылы, Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button