Қоғам

Көктерек ауылы қайта көркейе ме?

Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы Жолдауында өңірлерді дамыту туралы бағыт бар. Ол бағытта «Үкімет елді мекендер шоғырын дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауы тиіс» деп атқарушы биліктің алдына айқын міндет қойды.

Жұмыссыз жүргендер көп

Көктерек ауылы қайта көркейе ме?Президент Жолдауында көрсетілген өңірлерді дамыту бағытына байланысты жұмыстарға Көктерек ауылын енгізуге әбден болады. Бұл ауыл аудан орталығы Үлкен Нарыннан жиырма шақырым қашықтықта орналасқан.

Ауылдың байырғы тұрғыны, зейнеткер Өскенбай Дүсіповтің айтуына қарағанда, бүгінде Көктеректе жүздей отбасы түтін түтетіп отыр. Тұрғындардың дені зейнеткерлер, елдің тұрмысы, әл-ауқаты әркелкі.

Ауылда шешуін күтіп тұрған қадау-қадау проблемалар әлденешеу. Олардың маңыздысы – Көктеректе ірі ауылшаруашылық құрылымын құрып, соған жастарды тарту. Жұмысқа жарамды адамдар еңбекпен қам-тылса, түйіннің бірі тарқатылар еді. Алайда, жауапкершілікті мойнына алып, игі іске белін бекем буатын азамат Көктеректен табылмай отыр. Ауыл адамдары Кіші Нарындағы А.Матасовтың «Жас қанат» сияқты шаруа-шылығындай құрылым болуын қалайтын сыңайлы.

Дей тұрғанмен, ауылда шама-шарқынша жұмыс істеп отырған қожалықтар бар. Ж.Бахтияровтың, Е.Төлегеновтің шаруашылықтары егін егеді, Ғ.Мүртиевтің, С.Құдашевтың отбасылық қожалықтары меншік малдарын өсіреді.

Өз бетінше тірлік жасай алатын шаруа-шылықтарды қолдап, ұсақтарын қосып, ауыл-да ірі серіктестік ұйымдастырса, жұмыссыздық мәселесіне қатысты алаңдаушылық азаятыны белгілі.

Қазіргі кезде ауылдың бұрынғы көркінің жылдан-жылға тозып бара жатқаны да тұрғындарды толғандырады, кейбіреулерінің жүрегін ауыртады. Бұл тұрғыдан Ө.Дүсіпов қора-қопсыны, қашаларды жаңартуға құры-лыстық ағаштың қажеттігін айтады. Мұны қалайша орынсыз уәж дерсің.

Сондай-ақ, мәдениет ошағының жоқтығы көктеректіктерді, жастарды бос уақытты тиімді өткізуден қағыс қалдырып отыр. Атқару-шы биліктің өңірді дамыту бағдарламасынан осы мәселенің ойып тұрып орын алғаны, іске асқаны қажет-ақ.

Ауыл халқы үшін әлеуметтік ғимараттардың бүгінгі жағдайы алаңдаушылық туғызуда. Бұл жайттар медпункттің ескі үйге орналасуы, мешіттің қыс айларындағы суықтығы халық аузында жиі айтылып жүр.

Арықтың суын ішіп отыр

Әлеуметтік тұрғыда «Таза су», «Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының игілігін көре алмай отырған ауылдың бірі – осы Көктерек. Тұрғындар ауылдың басындағы тұма бастаулардан аққан суды ішеді. Жерлестерінің жанына батқан жайтты ауылдан шыққан, басқа жақта тұратын кәсіпкер Дулат Жексенов біршама шешкен болатын. Ол бастаудан ауыл ішіне құбыр тартып, екі-үш су шүмек орнатқан. Үйлері жақындар осы шүмектерден, алыс көшелердегі тұрғындар арықтан аққан суды ішуге мәжбүр.

Арықтың суы ағынды болғанымен оның тазалығына, мөлдірлігіне ешкім кепілдік бере алмайды.

Арық суына қатысты биылғы қыста Көк-теректе әбігерлі жұмыстар туындады. Аязды күндерде мұз қысып, арықтың суы көшеге жайылды. Ел дағдарды. Мұзды ойып, арық суын арнасына түсіру үшін Үлкен Нарын ауылдық округінің әкімдігі екі рет Көктерекке қоғамдық жұмысқа тартылған адамдарды апарып көмектесіпті. Мұнан соң жағаға жайылған қызыл суды арнасына түсірумен, мұз оюмен көктеректіктердің өздері айналысып жүр. Қызыл судың жайылуын шектеу мақсатында арық жағасына көмірдің күлі төгіліпті. Күн жылынса, күлдің суға қосылып, оны лайлайтыны анық. Сондықтан арық жағаларын тазалайтын жұмыстар көктеректіктердің алдынан шығады.

– Ауыл ішіндегі арықтарға салынған көпірлер қираған, соларды жөндемей болмайды. Автобусты тосатын жолаушылар үшін жабық аялдама да қажет, – дейді Өскенбай ақсақал.

Көктерек жөнінде ауыл тұрғындарының бұрынғы береке-бірлігіне селкеу түскен деген пікір айтушыларды кездестірдік. Бірақ біз тілдескен Кәсен Төлегенов, Өскенбай Дүсіпов қиын-қыстау жағдайда халықтың бірлесіп жұмысқа шығатындығын айтады. Ауылда тәртіп бұзып, елге көзтүрткі болып жүргендер жоқ деседі.

Біздің ойымызша, Көктеректі қайта көркейтуге арнайы өңірлік бағдарлама жасалып, оның іске асырылғаны көңілге қонымды. Сонда ғана Көктерек келешегі жоқ ауылдар санатынан шығады.

Қыдырбек Әміре
Катонқарағай ауданы

Осы айдарда

Back to top button