Сайлау-2022

Ауылдың жағдайы жақсарады

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы сайлауда анық басымдықпен жеңіске жетіп, мемлекет тізгінін жеті жылға қолына алды. Бұл жеңістен барлығымыз жақсы нәтиже күтетініміз белгілі.

Ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып жатқандықтан Президенттің осы салаға деген көзқарасына, бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы және орнықты ауыл қағидаттарын берік ұстануы көңілімізге қонады.

Ол өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналдырып, алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық беретінін айтқан еді. Ауылдық жерді жұмыспен жаппай қамту үшін жағдай жасап, ауыл тұрғындарының кәсіп­керлік бастамаларын қолдайтынын білдірді. Жердің көпшілікке қолжетімді болуы үшін ірі жер иелерінен пайдаланылмай жатқан жер телім­дерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстарын жандандыру бағытында жұмыс істемек.

Сонымен қатар су үнемдейтін тиімді технология енгізіп, ме­лиорация және суару жүйесін қалпына кел­тіруге басымдық беру қажеттігі айтылды. Ауылды жедел дамытуға басымдық беру арқылы ауылдарды дамыту тұжырым­да­масын әзірлеуге көңіл бөлініп, ауыл шаруашылығы кооперациясы дамытылмақ. Ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, шағын несие алу бағытында жасалатын жеңілдіктер қарапайым шаруаның жағдайын жақсартатыны рас.

Осы жұмыстардың барлығы, түптеп келгенде, ауылды жерлерде сапалы жұмыс орындарының пайда болуына, суару алаңдарының еселеп артуына, жалпы айтқанда, ауыл-аймақтың экономикалық жағдайының жақсаруына алып келері сөзсіз.

Серік Сағандықов,

«Рулиха» ЖШС директоры

Осы айдарда

Back to top button