Ауылды таңдаған жас дәрігерлердің тұрмысы мәз емес
Ақпан айының басында Күршім аудандық медициналық бірлестігінде орын алған келеңсіз жайттан кейін, дәрігерлер қауымы абдырап қалды. Естеріңізге салсақ, ауданға жас маман ретінде шақырылған Олжас Нұрғалиев есімді гинеколог дәрігер орталық сайттардың біріне хабарласып, өзін әріптесі, реаниматолог дәрігердің ауыр соққыға жыққанына шағымданады. Жәбірленуші өз мұңын «басқа жақты білмеймін, Күршімде жас мамандарды осылай қолдайды» деп аяқтайды.
Аталмыш құқықбұзушылықтың тіркелгенін облыстық ІІБ департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Торғаев та растап, төмендегідей ақпарат жіберді. «Күршім ауданы ІІБ кезекші бөліміне жергілікті 1986 жылы туған Н. деген азамат арызданған. Арызданушы өзіне К. деген азаматтың Күршім ауылының шетінде соққы жасап, дене жарақаттарын түсіргенін, осы себепті оны жауапкершілікке тартуды сұраған. Аталмыш факті бойынша 02.02.2017 жылы ҚР ҚК 293-бабымен (бұзақылық) қаралатын қылмыстық іс қозғалған.
Қазіргі уақытта бұл іс бойынша соталды тергеу амалдары жүзеге асырылуда. 03.02.2017 жылы сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жәбірленуші қажетті дәрігерлік көмек алуды аяқтаған соң сараптамадан өтеді. Сараптама нәтижесі бойынша дене жарақатының ауырлығына байланысты қосымша басқа баппен қылмыстық іс қозғалуы ықтимал.
Тергеу амалдары аяқталған соң, қажетті процессуалдық шешім қабылданады».
«Енді Күршімге қайтып бармаймын»
Басқа-басқа, дәл осы адам жанына арашашы болуға тиіс медицина қызметкерлерінің арасында осындай жұдырықтасудың орын алуы тіпті ақылға сыймайды. Бала кезімізде үлкен қариялар бата бергенде, ауыздарына алдымен «дәрігер бол, мұғалім бол» деген тілек түсетін. Өйткені, олар үшін қаладан оқып келген мұғалима мен доғдыр баладан артық білімді, мәдениетті жан жоқ еді. Қазірдің өзінде ауыл зиялыларының негізін әлі де осы мамандық иелерінің құрайтыны жасырын емес. Бүкіл ауданның зиялы қауымына, әсіресе, медицина қызметкерлерінің беделіне көлеңке түсірген жайсыз оқиғаның ақ-қарасын құқық қорғау орындары анықтай жатар. Бізді қызықтырған бірінші сұрақ, тәртіпсіздік дейміз бе, жүгенсіздік пе, әйтеуір, осы қылмыс жайында ұжым не дейді, облыстың денсаулық сақтау басқармасының пікірі қандай?
Біз аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Білейменовпен телефон арқылы хабарласқан едік. Басшы жас маман Олжас Нұрғалиев пен реаниматолог Бауыржан Құмарғалиев арасында болған жағдайдан өзі де, аурухана ұжымы да абдырап қалғанын айтады.
– Мен Олжасты 2015 жылы облыстық ана мен бала орталығында істеп жүрген жерінен ауданымызға шақырып алғанмын. Жас маман ретінде барлық жеңілдіктерді алатынын айтқам. Пайызсыз несие алып, баспаналы болды. Олжастың жұмысына жауапты, тиянақты қарағаны шындық, қызметіне қояр мініміз жоқ. Келгеннен бастап, ұжымға бірден сіңісіп кетті. Көпжылдық тәжірибесі бар Бауыржан да – білікті маман, бұрын-соңды мұндай масқараға ұшырамап едік, – деді бізге Марат Білейменов.
Бас дәрігер сөз арасында соңғы үш жылда Күршім ауданына 17 маман келгенін айтты. Олардың қатарында акушер-гинеколог, хирург, терапевт, жалпы практика дәрігері бар. Осы уақыт ішінде тек екі дәрігер ғана баспаға қол жеткізіп, жеті дәрігерге көтермеақы бөлінген.
Ауданның бас дәрігері тергеу амалдары жүріп жатқанда, ешқандай қызметтік тексеру жүргізбейтіндерін ескерткен еді.
– Қазір екі дәрігер арасында болған жағдайға қатысты аудандық ішкі істер бөлімінде тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ондайда аурухана басшылығы ешқандай шара қолдана алмайды. Бірақ бұл іс жауапсыз қалдырылады деген сөз емес, яғни, құқықтық құзырет берілгенде, біз бұл мәселеге байланысты қандай да бір шара қолданатын боламыз, – деді ол.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Альмира Лұқбекқызы керісінше, аудандық ауруханада қызметтік тексеріс жүргізілгенін, соның қорытындысына қарап, шара қолданылатынын айтты.
-Бұл өте ыңғайсыз жағдай болды. Оның үстіне медицина өкілдерінің арасында бой көтергені тіпті ұят нәрсе. Алайда, мен бұл жерде жәбірленушіні жас маман болғаны үшін соққыға жықты деп ойламаймын. Әріптестер арасындағы келіспеушілік, жеке басқа қатысты ұнатпаушылық сезімдері осындай келеңсіздікке ұрындырды. Олжас Нұрғалиевпен мен өзім хабарласқан жоқпын, басқарма басшысы сөйлескен болатын. Аудандық аурухананың бас дәрігері Марат Білейменов ұжыммен жиналыс өткізілгенін, қызметтік тексеріс жүргізгендерін жеткізді. Бүгін-ертең қорытындысын алсақ, соған қарай шаралар қолданатын боламыз, – деген түсініктеме берді басқарма басшысының орынбасары.
Біз Олжас Нұрғалиевпен де тілдескен едік. Жәбірленуші ақпаратты тек орталық сайттардың біріне ғана бергенін, жергілікті басылымдарға әзірге ешқандай мәлімдеме жасамайтынын жеткізді. Бір ғана нәрсе анық, ол «енді Күршімге қайтып бармаймын» деген.
Үш жылда 611 жас дәрігер ауылды таңдаған
Күршімде болған оқиға «басқа аудандардағы жас мамандардың жағдайы қандай екен?» деген сауалдың жауабын іздеуге түрткі болды. Соңғы үш жылда аймақтың медициналық кадрларының қатары жоғары дәрігерлік білім алған 611 жас маманмен толығыпты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтердің артында қаншама кісі тағдыры тұрғаны түсінікті.
2014 жылы өңірге келген 206 дәрігердің 105-і еңбек жолдарын ауылды жерде бастауға бел буған. Оның өзіндік себебі де бар. «Дипломмен – ауылға» жобасымен ауданға бет бұрған жастарға Үкіметтің 2009 жылғы 18 ақпандағы Қаулысына сәйкес, әлеуметтік көмек ретінде 70 АЕК көлемінде біржолғы көтермеақы, 1500 АЕК мөлшерінде баспана алу үшін пайызсыз несие берілуге тиіс.Алайда, басқарманың деректеріне сүйенсек, әлеуметтік қаражатты тек 49 жас қана (бір адамға 129 640 теңге) алған. 32 маман бас тартқан. Ал баспанамен қамтылғандардың саны одан да аз, бар болғаны 22 адам. Жеті маман тұрғын үйге пайызсыз несие алыпты.
2015 жылы да облысқа келген барлық дәрігердің тең жартысы, яғни 103 жас ауылды жерге баруға ниет білдірген көрінеді. Олардың 12-іне үйжай берілсе, тағы 15 маман баспанаға несие алған. Көтермеақыны 37 дәрігер алса, 27 адам мұндай қолдаудан теріс айналыпты.
2016 жылы ауылға барам деген жастарымыздың қатары сирей бастады. Былтыр жарқын болашақтарын ауылмен байланыстырғандардың саны 89-дан аспады. Бұлардың арасында да баспанамен қамтылғандар некен-саяқ. Тоғыз дәрігерге үй, сегіз маманға баспана алуға несие беріліпті. Көтермеақы 40 жасқа берілген. Он маман тағы да бас тартып отыр.
Көтермеақыдан неге бас тартады?
Біз енді жоғары білім алып, ауылға келген жастарымызға аудандарда қандай жағдай жасалғанына, Үкіметтің жоғарыдағы Қаулысын жергілікті әкімдер қаншалықты орындағандарына талдау жасап көрмекпіз. 2014 жылы көтермеақыны барлық аудандар ұсынған. Баспанамен қамтуда да ешбір өңір тыс қалмапты. Барлықтарын жарылқап тастамаса да, бірлі-жарым болсын үй бөлуге, баспана алуға несие беруге тырысқан. Біз сараптама жасағанда, әсіресе, материалдық қолдаудан бас тартқандары көп аудандарға назар аудардық. Мысалы, 2015 жылы Тарбағатайға барған 11 маманның жетеуі, Бесқарағайда бес дәрігердің үшеуі, Үржарда 15 маманның жетеуі, Жармадағы төрт жастың үшеуі көтермеақыдан бас тартқан. Ал Абай ауданы өздерін таңдаған үш дәрігерге ешқандай жағдай жасамапты. 2016 жылы Аягөз (11 маман), Бесқарағай (3), Бородулиха (6), Зайсан (7), Көкпекті (2), Күршім (7) аудандары жас дәрігерлерге бірде-бір баспана немесе несие бөлмеген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы персоналды басқару қызметі бөлімінің меңгерушісі Бекзат Сакиғожинаның түсіндіруінше, көтермеақы алған жас мамандар кемінде үш жыл ауылда қызмет істеулері тиіс екен. Сонда материалдық қолдаудан бас тартқан 69 жас барған жерінде үш жыл да қалмайтындарын о бастан білген сияқты ғой. Бұл – осы жобамен ауылға келген барлық дәрігердің төрттен бір бөлігі десе де болады. Дегенмен, бөлім меңгерушісі әзірге бұл «бас тартушылардың» ешқайсысы ауылдан кетпегеніне кепілдік бере алатынын айтты. Ауыл квотасымен оқығандардың барлығын қазір Білім және ғылым министрлігіне қарайтын «Қаржы орталығы» ЖШС-нің қызметкерлері жіті бақылап отыратын көрінеді. Егер олар үш жылға толмай кетіп қалатын болса, неше жылғы оқуларының ақшасын қайтарып беруге тиіс екен. Біздің облыста мұндай жағдай әлі кездеспеген.
Ауылды қалаған жастарды мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктермен қамтамасыз ету жергілікті әкімдердің құзырында екен.
-Ауылды жерлерге баратын жас мамандардың әлеуметтік пакеттегі жеңілдіктерді, атап айтқанда, көтермеақы мен баспананы, не баспана алуға пайызсыз несиені алған-алмағанына жергілікті әкімдік жауапты. Аудан әкімі Үкіметтің Қаулысымен бекітілген жеңілдіктердің толық берілгенін қадағалауы тиіс. Біз әрине, бұл жағдайды бақылауда ұстаймыз, басқармада қай ауданда қанша маманның қандай жеңілдіктермен қамтамасыз етілгені туралы мәліметтер бар. Бірақ өз тарапымыздан ешқандай талап қоя алмаймыз, бұл жергілікті басшылардың құзырында. Жас маман бөлінген ұжымның бас дәрігері, жергілікті әкім жаңадан келген дәрігерге сол жерде қалуға мүдделі болатындай жағдай тудырулары керек. Өйткені, жас дәрігер ауылды о бастан өз еркімен таңдайды, тек оның осы жерде тұрақтап қалсам деген ойына қолдау көрсетсе болғаны, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының емдеу жөніндегі орынбасары Альмира Лұқбекқызы.
Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ