Қоғам

Ауылдың ортасында арбат бар

Ауылдың ортасында арбат бар

Республикалық маңыздағы Омбы-Майқапшағай күре жолының бойында орналасқан Бесқарағай ауылы жылдан-жылға ажарланып, жаңа нысандармен толыға түсуде. Аудан орталығында биыл жазда абаттандыру жұмыстары әдеттегідей қызу жүргізілді.
Ауылдың кіреберісінен басталатын самаладай жарқыраған шамдар мен түрлі-түсті жарық безендірулер әсіресе, түн әлетінде ғажап! Түнгі Бесқарағайды аралаған уақытта мұндағы барлық мемлекеттік мекемелердің ғимараттары, тіпті, жекеменшік иеліктегі нысандардың өзі талапқа сай жарықтандырылғанын көрдік. Ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалынан сыр шертетін деректерге толы баннерлер, жастардың рухын көтеріп, патриоттық сезімін оятатын Абай, Шәкерім, Мұхтар сынды алыптардың ғибратты сөздері жазылған көрнекі ақпараттар алыстан көз тартады. Елді мекеннің санитарлық тазалығы көңіл көншітеді. Көгалдандыру жұмыстарының жоғары деңгейде атқарылғанын гүлзарларда жайқалып өскен гүлдерден аңғарылып тұр.
Ал биылғы тамыз айының соңында іске қосылған әдемі субұрқағы бар орталық саябақ бесқарағайлықтардың кешкілік уақытта серуен құрып, демалатын сүйікті орнына айналған. Жаңа субұрқақтың ерекшелігі Өскемендегі сияқты сумен бірге саз төгіліп тұрмаса да, түрлі-түсті жарықпен үйлесімді көмкерілген. Жастар мен үлкендер де көп келеді бұл жерге. Бозбалалар мен бойжеткендер жағы әндерін айтып, ойындарын ойнап, кейде музыка қосып би кештерін ұйымдастырады. Ең қызығы, аяқтарына роликтерін киіп арлы-берлі зулайтынын қайтесіз. Кішкентай балаларға арналған аккумулятор батареясының күшімен өздігінен жүретін мәшинелердің жеті-сегізі бар. Ойыншық көліктердің қызығын балақайлар көріп жүр. Аздаған тиын-тебен төлеп жалға алуға болады осының бәрін. Қысқасы, абаттандырудан соң орталық саябақты бесқарағайлықтар «арбат» атай бастаған.
– Орталық саябақты абаттандыруға, оның ішінде субұрқақты іске қосуға, скверді жөндеуге және басқа жұмыстарға 14 млн. теңгеден астам қаражат жұмсалды. Құрылыс жұмыстарын биылғы шілдеде бастаған семейлік «Толы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір айдан артық уақытта толық бітіріп, ел игілігіне тапсырды, – дейді Бесқарағай ауылдық округінің әкімі Нұрлан Жұмашев.
Ауыл басшысының айтуынша, аудан орталығында былтыр бір сквер ашылған-ды. Биыл міне, субұрқағы бар орталық саябақ пен мәдениет үйінің жанындағы тағы бір демалыс орны іске қосылды. Гүлдер егілді, ағаш көшеттері отырғызылды, жолдар жөнделді.
Жол демекші, орталық көшелерге асфальт бұрыннан төселген ғой. Ал шеткері көшелер ондай игіліктен құр алақан еді. Көктем мен күздің сусоғында, жаздың жаңбырында шұрық тесік жолдар лайсаңға айналып, жаяу былай тұрып, атты адамның жүруін қиындатып жіберетін. Әсіресе, ауыл сыртындағы бейітке апаратын жолдың сиқы тіпті жаман болыпты. Мәйітті соңғы сапарға аттандырып бара жатқанда жұрттың бәрі осыған қатты қынжылып жүретін. Биыл тұрғындар бұл машақаттан құтылды. Ойдым-ойдым жолдарға асфальт төселді. Бұл әрине, Бесқарағай ауданының орталығындағы жергілікті халықтың игілігі үшін істеліп жатқан ілкімді істердің бір парасы ғана.

Серік Әбілхан
Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button