Қоғам

Ауылдың орталық көшесінің жолын жөндеп берді

Ауылдың орталық көшесінің жолын жөндеп берді

Самарқан Жотабаев – ауылдағы «Қалисатарұлы» деп аталатын шаруа қожалығының басшысы. Ол туған ауылының сырт келбетіне, туындаған мәселелеріне немқұрайлы қарайтындардың қатарынан емес. Ауылдағы талай игілікті шаралардың басында әрқашан Самарқан Қалисатарұлы жүретіні баршаға аян.
Міне, осы азамат тағы бір бастаманы қолға алып, өз қаражатымен Самар ауылының орталық көшесі – Самардың 100 жылдығы (бұрынғы Совет көшесі) атындағы көшенің жолына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмысқа шаруашылықтың бір миллион теңгеден астам қаржысы жұмсалды.
– Ауыл көшелері жылдан-жылға тозып барады. Қазір ауыл ішінде жүретін автокөлік көп. Сырттан келетіндер де баршылық. Ауылға келген қонақтар көшелердің жолы тозып тұрғанын тез байқайды. Бұл жолға жөндеу жүргізе алмай отырған ауылдың бас көтерер азаматтарына сын емес пе?! – дейді аудандық мәслихаттың депутаты Самарқан Қалисатарұлы.
Жөндеу жұмыстарын жүргізуге ЖҚБ-16 мекемесі көмек қолын созып, жұмысшылар мен техника бөлген. С.Жотабаевтың өзі жұмыс барысын қадағалап, жұмысшылардың арасынан табылды.
Ауылдағы басқа шаруашылық басшылары да өздеріне бір-бір көшені алып жөндеп берсе, халықтың алғысына бөленері сөзсіз. Бұл үлгі аларлық игі істі қолдаушылар табылатындығына сенімдіміз.

Клара Нұрпейісова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button