Ауылдық округтердің өз бюджеті болады

Облыста жергілікті өзін-өзі басқару органдарына дербес бюджет пен коммуналдық меншікті енгізу мәселесіне арналған ауыл әкімдерінің алғашқы республикалық форумы өтті. Оған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, облыс әкімі Даниал Ахметов және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қатысты. Сондай-ақ, форумда екі облыстың аудандық маңызы бар елді мекендері мен округтеріндегі жергілікті әкімдіктердің 500-ден астам өкілдері бас қосты.
Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 98 қадамында ауылдық округтердің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуді тапсырған болатын. Осы орайда 2018 жылдың басынан республиканың халық саны екі мыңнан асатын мыңнан астам елді мекеніне дербес бюджеті енгізу көзделіп отыр. Ал 2020 жылға қарай еліміздің 2 444 әкімшілік аумақтың бірлігіне дербес бюджет енгізу жоспарланған.
Форумды ашқан облыс әкімі Даниал Ахметов алдағы жылы өңіріміздің халық саны екі мыңнан асатын жүз әкімшілік аумақтық бірлігі өз бюджетін өздері пайдаланатындығын жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы бірінші рет өткізіліп отырған республикалықфорумның маңыздылығына тоқталып, елімізде жергілікті өзін-өзі басқарудың дамып келе жатқандығы азаматтық қоғамның қалыптасуына оң әсерін тигізіп, әлеуметтік-бағдарланған экономиканың қарқынын үдететіндігін атап өтті. – Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыта түсуіміз керек. Жергілікті жердегі маңызды мәселелерді шешуге халық ат салысып, билік олардың пікіріне құлақ асса ғана тұрғындардың билікке деген сенімі пайда болады. Алайда, қаражатты дұрыс және тиімді жұмсау үшін әкімдердің білігі мен білім деңгейі де сол дәрежеде болуы тиіс, – деді Даниал Ахметов.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов те алдағы уақытты аудандар мен ауылдарды жергілікті өзін-өзі басқарудың тиімді моделін қалыптастыруға бағыттылған ауқымды шаралар легі күтіп тұрғандығын атап өтті. Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Тимур Сүлейменовтің айтуынша, 2017 жылы 11 шілдеде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» заң қабылданған. Аталған заң аясында ауылдық округ әкімдерінің бюджетінің қалай жұмсалуын сол елді мекеннің тұрғындары да тікелей бақылап, өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік беріледі. Ауылдық округ әкімдіктерінің аппараты бюджет жоспарын ең әуелі жергілікті қауымдастықпен келісіп, мұқият пысықтағаннан кейін ғана аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынады. Енді ауыл тұрғындарының салығы жергілікті бюджетті құрап, одан түскен қаражат мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге, абаттандыру, көгалдандыру, жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту сынды маңызды мәселелерге жұмсалмақ. Бұдан бөлек, республикалық бюджет те трансферттер бөлетін болады. Сондай-ақ, Тимур Сүлейменов жергілікті жерде жедеқабыл шешілуі тиіс мәселеге жұмсалатын қаржыны тендерсіз, бірақ заң жүзінде жұмсаудың жолдары да ескерілетіндігін атап өтті.
Облыста өзінің кіріс-шығысын есептеп, оны аудан деңгейінде сәтті қорғап шыққандардың бірі – Шемонайха ауданының Выдриха ауылдық округі. Округ әкімі Любовь Ступеньконың айтуынша, 2015 жылдан бері жергілікті өзін-өзі басқарудың алғашқы кезеңінде мұнда бірқатар шаралар атқарылып, тұрғындар да белсенділік танытты. Бұған дәлел ретінде ауыл бюджетіне түскен 14 миллион теңгеге жуық қаржыға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аллеялардың ашылып, өзге де шаралардың қолға алынғанын айтуға болады дейді округ әкімі.
Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кірістері үш бөлімнен тұрады. Салықтық түсімдерден, салықтық емес түсімдер және аудандық бюджеттен берілетін трансферттер. Сондықтан да елді мекеннің әрбір тұрғынынан түсетін салықтың да маңызы арта түспек. Өйткені, салық көп болса, бюджеттің көлемі де соған сай болмақ. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов өз баяндамасында осы мәселеге жан-жақты тоқталды. Жаңа жылдан бастап жаңа жүйемен жұмыс істейтін ауылдық округ әкімдеріне үш айды күтпей қазірден бастап өздеріне тиесілі өңірдегі жылжымайтын мүліктерді, өзге де дүниелерді тіркеуге алу керектігін ескертті.
Аудан және округ әкімдері де бұл қадамның жергілікті жердегі мәселелерді шешуге оң әсерін тигізетіндігін атап өтті. Халықтың билікке сенімін оятады деген пікірде.
– Жергілікті жердегі әкім мәселені жетік біледі. Ауылдың түйткілді мәселелерін шешудің оңтайлы жолын, қаржыны қайда жұмсау керектігін тұрғындардың өздері шешуі тиіс деп ойлаймын. Ол үшін ауылдың дербес бюджеті керек. Сондай-ақ, бұл әкімдер жұмысын да ширатады. Өйткені, ендігі кезекте бюджеттің көлемі оның жұмыс нәтижесіне де байланысты болмақ, – дейді Жарма ауданы, Әуезов ауылдық округінің әкімі Болатбек Тоқтағанов.
Лаура Тілеубайқызы