Ауылдық округ әлі күнге дейін Лениннің атымен аталады? Неге?
Семейдің іргесінде жатқан Бородулиха ауданында әлі күнге дейін келмеске кеткен «Күн көсемнің» атын әйгілеп жүрген Ленин ауылдық округі бар.
Бұл ауданда 18 ауылдық округ болса, соның Бақы, Белағаш, Зұбайыр, Жезкент елді мекендері ғана қазақша атауларға ие. Оның өзінде Бақымыз – Бакы, Белағашымыз – Бель-агач, Зұбайырымыз – Зубаир деп аталып та, айтылып та жүр. Өзге округтердің бәрі де Андреевка, Бородулиха, Дмитриевка, Жерновка, Красный Яр, Ленин, Новодворовка, Новопокровка, Ново-Шульба, Переменовка, Петропавловка, Подборный, Степной, Таврия деп кете береді. Ал сол ауылдарда Советская, Пролетарская, Коммунистическая, Ленин, Колхозный, Семилетка деген көше аттары қаптап тұр.
Десек те, аудан әкімінің орынбасары Рыскүл Атаеваның айтуынша, Бородулиха ауылындағы Крупская көшесі – Тәуелсіздікке, Ленин көшесі – Достыққа, Киров – Бірлікке ауысып, Коммунистическаяға – Кеңес Одағының Батыры Федор Серединнің есімі беріліпті. Михайличенково ауылындағы Калинин көшесі Достық болып, Лениннің орнын Абай атамыз басқан.
2011 жылы Новопокровка ауылдық округіне қарасты Арбузное ауылы «Қарағайлы» деп қайта аталыпты. Айта кетерлігі, Қарағайлы – тарихи атауы қайтарылған аудандағы жалғыз ғана ауыл. Сонымен қатар, Ново-Шульба ауылдық округіндегі Советская көшесі – Абай Құнанбаевқа, Киров – Қаныш Сәтпаевқа, Колхозный көшесі – Әлия Молдағұловаға, Колхозный тұйық көшесі – Мәншүк Мәметоваға, Красный Яр округіндегі Ленин көшесі – Достыққа, Новопокровка округіндегі Советская көшесі – Тәуелсіздікке, Семилетка көшесі – Т.Аманов көшесіне, Камышенка ауылындағы Песчанная көшесі – Д.Қонаевтың атына ауысқалы жатқанда 2010 жылдан еліміздегі елді мекендер мен көше аттарын өзгертуге мораторий жарияланғандықтан, еріксіз тоқтап қалыпты. Үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап аталмыш шаруалар қайта қолға алыныпты.
Бұлардан бөлек Бородулиха, Новопокровка, Камышенка, Красный Яр, Ново-Шульба ауылдарындағы және Жезкент кентіндегі бірсыпыра көшелерді қайта атау үшін облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жіберуге қажетті құжаттар жинастырылуда екен. Ал жоғарыда аталған ауылдық округтер мен ауылдардың атын қазақшалауға тарихи дәлелдердің жеткіліксіздігі қолбайлау болып тұрған көрінеді. Дегенмен, аудан тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді әкімнің орынбасары.
Ал «Ленин ауылдық округінің атын өзгерту ойларыңызда бар ма?» деген сауалымызға аудан әкімінің орынбасары Р.Атаева:
«Бүгінгі күні Ленин ауылдық округінің атауын өзгерту үшін тарихи деректер іздестірілуде. Ново-Шульба ауылдық округінде өткізілген «Жердің тарихы – елдің тарихы» атты өңірлік көшпелі семинарда С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияров географиялық ерекшелігіне қарай «Құмдақ» немесе «Құнарлы» ауылдық округі деп атауды ұсынған болатын. Осы мәселе бойынша ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді.
Облыстық ақпарат орталығында өткен брифингте Бородулиха ауданының әкімі Г.Акуловқа да осы мәселе төңірегінде сауал қойған болатынбыз. Аудан әкімі ауылдарды тарихи атауына қайтадан өзгерту туралы құжаттарды реттеп, облыстық ономастикалық комиссияның қарауына жібергендерін, бұл іске келер жылы аудан бюджетінен қаржы да қаралатынын айтты. Ең бастысы, елді мекендер мен көше атауларын ауыстыру мәселесі алдағы уақытта шешімін табады деп уәде берді. Әрине, берілген уәде орындалуымен құнды екені белгілі.
Дәурен Аллабергенұлы
Бородулиха ауданы