Қоғам

Ауылдық медицинаның жаңа деңгейі

Барлық стандартқа сәйкес келетін Аягөздегі кардиологиялық орталық облыстық клиникадан еш кем емес. Мұнда аягөздіктерден бөлек, Үржар, Жарма, Тарбағатай аудандарының тұрғындарына да медициналық көмек көрсетіледі. Аталмыш нысанның құрылыс жұмыстарымен облыс әкімі Даниал Ахметов іссапар барысында танысып қайтты.

Кардиологиялық орталық аудандық аурухана негізінде салынуда. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шалқар Омаровтың айтуынша, бұл орталықты салу қажеттілігі бұрын туындаған. Осыған дейін жедел кардиологиялық патологиясы бар науқастардың дені Семей, Өскемен, Нұр-Сұлтан және Алматыдағы кардиологиялық клиникаларға ем қабылдауға жіберілген.

Аягөздегі кардиологиялық орталыққа жөндеу жұмыстарын жүргізу туралы келісім ағымдағы жылдың 20 ақпанында жасалған. Бүгінде мұндағы жөндеу жұмыстарының 60 пайызы атқарылған. 1 маусымға дейін аталмыш нысандағы құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады деп күтіледі.

– Барлық қажетті құралдар сатып алынды. 15 мамырға дейін медициналық рентген-ангиографиялық аппараты орнатылады. Мұнда компьютерлік томография бар. Айта кететін бір жайт, ауруханада оттегімен қамтамасыз ету оң жолға қойылған. Мұнда жедел кардиологиялық патологиясы бар науқастар емделетін болады. Бізде инсульттық орталық жұмыс істеуде. Екі жылдың ішінде 1870 адамды емдеп, 970 адамды оңалтудан өткіздік, – деді бас дәрігер Шалқар Омаров.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов құрылыс жұмыстарына оң бағасын берді. Сондай-ақ ол аудандық орталық ауруханадағы өткен жылы медициналық қызмет көрсету бойынша ІІІ деңгейге өткен перзентханаға да барды.

– Бұл – ауылдағы медицинаның басқа деңгейі. Жуық арада мұнда ангиограф қойылады. Сонда Аягөздегі аудандық аурухананың қызмет көрсету деңгейі Өскемен мен Семейден еш кем болмайды. Бүгінде осы ауруханада жұмыс істейтін 15 дәрігер Еуропаға барып біліктіліктерін шыңдап қайтты. Бұл – алға жылжудың нақты көрінісі, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Аймақ басшысы бес қабатты тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен де танысты. Ағымдағы жылдың 15 маусымында 60 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі.

Берікхан Тайжігіт

Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button