Ауылдың иісі аңқып тұр

Жастайынан сурет салуды өміріне серік еткен суретші Ержан Тұрғанбаев қылқаламын қолынан бір сәт тастаған емес. 1971 жылы сол кездегі Марқакөл ауданы, Боран ауылында дүниеге келген суретші бүгінде талай туындының авторы. Суретші шығармашылығының басты тақырыбы – ауыл өмірі. Сондықтан да шебердің қолынан шыққан туындыларынан туған жердің иісі аңқып тұрады.
– Сурет салу өнері біздің қанымызда бар. Өз жағымнан да, нағашы жағымнан да бәлендей үлкен суретшілер шықпаса да, өз деңгейінде салатын кісілер болды. Анам ауылда дәрігер болып жұмыс істейтін. Бірде көршіміз ауырып қалып, анамды шақырды. Түн жамылып мен де еріп бардым. Кіріп барсам, баласы контуры сызылған бояйтын дайын суреттерді бояп отыр екен. Қызығып кеттім. Іштей бұлай сурет салу менің де қолымнан келетініне сенімді болдым. Үйге келе салысымен журнал беттеріндегі суреттерді көшіріп сала бастадым. Менің бейнелеу өнеріне деген қызығушылығым осылай басталды, – дейді Ержан Тұрғанбаев.
Суретшінің үйіне кіріп барғанымызда, кіреберістен бастап төріне дейін толған суреттерді байқадық. Бір қызығы бірде-бір фотосуретті көзіміз шалмады. Барлығы қолмен салынған. Ғажап туындыларда өзінің ата-анасы, балалары, туыс-туғандары, сонымен қоса туған жерінің көріністері бейнеленген.
Ал «Ана мен бала» туындысына келсек, автор отбасымен көлге барғанда бейтаныс жанның баласына деген махаббатын көріп, соны дәл беруге тырысқан. Яғни баласының суға шомылғанына мейірлене қараған ана бейнесі сомдалған. Сонымен қоса осы бір ықыласқа толы сәтті табиғатпен жақсы қабыстырған. Әсіресе инеліктің тыныш, таза жерде өмір сүретінін ескере отырып, ұшып жүрген инеліктерді салу арқылы қаймағы бұзылмаған қазақ елінің бейбіт өмірін туындыға арқау еткен.
Суретші шығармашылығының бір ерекшелігі – табиғат көріністерін ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен беруінде. Көбісі айбалта, қошқар мүйіз, үшбұрыш өрнектер.
– Ою-өрнек көркемдіктің, сұлулықтың символы. Әжелеріміз текеметке тектен-текке ою-өрнек салған жоқ. Қыз бала тәрбиесін іс тігуден бастап, табиғаттың сұлулығын, мейірімін ұрпаққа ұлағаттаған. Ал бүгінгі туындыларымдағы ою-өрнектер сол ұрпақтар үндестігінің жалғасы. Табиғаттың жасырын сұлулығы көз алдыма ою болып елестейді, – дейді суретші.
Суретшінің ел тәуелсіздігіне орай Семейде өткен дүбірлі додада бес бірдей туындысы жүлделі болыпты. 51 суретшінің 130-ға жуық туындысының арасынан Ержанның бір емес бес бірдей еңбегі аталуы тегін емес. Бұл киелі өнердің құдыретіне тәнті болған халықтың, өнер иесіне берген бағасы.
Қылқалам шеберінің туындыларына шетелдіктер де қызығушылық танытыпты. Демек, бұл біздің қазақстандық суретшілердің әлем суретшілерінен кем емес екенін дәлелдейді.
– Бірде көрмеде тұрған туындыма қытайлық қонақтар келіп қатты қызықты. Суретті сатып алмақшы болды. Бірақ сатқым келмейтінін айтып едім, жалынып, жалпайып қоймасы бар ма? Суретті бермесең кетпеймін деген сыңай танытты, – деп бір күліп алды суретші.
Ержанның алғашқы көрмесі 2006 жылы Пушкин атындағы кітапханада ұйымдастырылса, 2016 жылы «Параллельдер» атты көрмесі Шығыс Қазақстан өнер музейінде өтті.
– Ержан Тұрғанбаев шығармашылығының бір артықшылығы адам мен табиғаттың байланысын жақсы меңгеруінде. Әсіресе кейіпкерлерінің психологиялық көңіл-күйін жеткізе біледі. Акварель техникасымен қазақ халқының тұрмысынан сыр шертіп, Оралхан Бөкейдің болмысын ашу суретші үшін үлкен ерлік, – дейді суретші Гүлнар Мигражқызы.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей суретшіміздің қос қызы да әке жолын жалғастырмақшы. Шынымен де, қос қызғалдақтың әке жолын қуып, киелі өнерді одан әрмен асқақтатса, ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?
Біз Ержан Тұрғанбаевты тек суретші ретінде ғана танысақ қатты қателесеміз. Шебер қолынан ағаштан түйін түйіп, мүсін жасау өнері де келетінін әңгіме арасында айтып қалды. Тіпті алдағы жоспарында мүсін жасауды да қолға алатынын жасырмады.
Таунар Қайрат,
Шығыс Қазақстан өнер музейінің қызметкері