Қоғам

Ауылдың дарынды оқушылары EXPO-2017 көрмесіне баратын болды

Ауылдың дарынды оқушылары EXPO-2017 көрмесіне баратын болды


Жаңа Ахмер, Глубокое және Белоусовка кенттерінің жоғарғы сыныпта оқитын бірнеше оқушысы Астана қаласында өтетін EXPO-2017 халықаралық көрмесін тамашалауға мүмкіндік алды. Ауылдан шыққан дарынды балаларға мұндай тосын сыйды Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы жасап отыр.

Мектепте өткен ашық есік күні ауылдағы мектептердің жоғарғы сынып оқушылары арасында интеллектуалды байқау ұйымдастырылды. Екі кезеңде өткен жарыстарда балалар тапсырмаларды алдымен жазбаша орындаса, екінші кезекте жәшікте жасырылған сұрақтарға үлкен экраннан жауап берді. Ең көп балл жинағандар EXPO-2017 көрмесіне баруға сертификатты жеңіп алды.

Жеңімпаздарға сертификаттар ашық есік күнінің жабылу салтанатында тапсырылды. Осылайша Жанерке Сапарғалиева, Аяулым Жанатова, Аймөлдір Мәдетхан, Ульяна Пономарева және Кәусар Идиятқызы өз білімдерінің арқасында Елордада өтетін халықаралық көрмеге жолдама алды.

– Мен халықаралық көрмеге барып, барлығын өз көзіммен көретініме қуаныштымын. Жазғы лагерьде жаңа достармен танысамын, – дейді Глубокое кентіндегі Оралхан Бөкей атындағы қазақ мектебінің 10-сынып оқушысы Аяулым Жанатова.

–EXPO-2017 көрмесіне барам деп мен тіпті де ойлаған жоқ едім. Бізге осындай тамаша мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға үлкен алғыс айтамыз, – дейді оның құрбысы, Белоусовка кентіндегі №1 мектептің оқушысы Ульяна Пономарева.

Ауылдан шыққан талапты өрендерді халықаралық көрмеге жіберуге қаражатты мектептің оқушылары мен ата-аналары, мұғалімдері қайырымдылық жәрмеңкесінде жинаған болатын. Олар өз қолдарымен жасаған азық-түлік өнімдері мен қолөнер бұйымдарын, картиналарды саудалаған-ды.

Кәмәл Естай

Осы айдарда

Back to top button