Қоғам

Ауылдастары үй салып берді

Ауылдастары үй салып берді


Алакөлдің жағасындағы Қабанбай ауылында жақында ел есінде қалатындай, жүректерге қуаныш сыйлаған елеулі оқиға болды.

Осы ауылдың өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан жалғызбасты 74 жастағы Гүлбарам Құрманова 70 жылдан бері әбден тозығы жеткен шағын бір бөлмелі үйде тұрып келсе де, алақан жайып, ешкімнен көмек сұрамады, барын қанағат тұтып, тіршілік жасап келді. Қабанбай ауылдық округінің әкімі Қалихан Қазтайұлы, Үржар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Қабанбай ауылдық бөлімшесінің қызметкелері Бағдагүл Темірғалиева мен Ақмарал Шақабаева апайларының тұрмысын жақсы білгендіктен, аудан әкімі Серік Зайнулдинмен, ауылдастарымен ақылдасып, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына жауап ретінде кейуанаға тұрғын үй салып беруді ұйғарды.

Біз бұл қуанышты бірге бөлістік. Қарт анаға тұрғын үй кілтін тапсыруға арналған жиынға ауылдастары түгелге жуық келді. Ауыл әкімі Қалихан Нұрымбаев салтанатты жиынды ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында адамдарға әлеуметтік жағдай жасау, олардың тұрмысына көңіл бөлу жайында айтылғанын еске сала кетті. Бұдан кейін ауыл әкімі тұрғын үй салуға қолғабыс жасаған абзал жандарға алғысын білдірді.
Алакөлдің жағасындағы кәсіпкерлер 250 мың теңге жинап беріпті. Мардан ақсақал басқаратын ақсақалдар алқасы 65, ауыл ақсақалдары Мұқан Омарғалиев, Еркінбек Қалипанов, Серік Жанұзақов, ауылдық бас имамы Марат қажы, «Дорожник», «Сансызбай» демалыс үйлерінің басшылары, «Манас» қожалығының иесі қомақты қаржы қосқан. Ауыл азаматы Мейрамбек Дәулетханов бригадасымен келіп, үйдің тағанын құйып берді. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ақыры төбесі жабылған, ауласы шіріген ағаштардан тазартылған, көздің жауын алатын тұрғын үй пайдалануға берілді.

Аудан әкімінің орынбасары Серік Сәдуақасов Қабанбай ауылының тұрғындарына, әлеуметтік сала қызметкерлеріне қарияға жасаған қамқорлығы үшін алғысын айтты. Аудан әкімі Серік Зинабекұлының сәлемін жеткізіп, Алғыс хатын әлеуметтік сала қызметкерлері Ақмарал Шақабаева, Бағдагүл Темірғалиева, тағы басқаларға табыс етті. Қарт ананың қуанышын бірге бөліскен жерлестері сыйлықтарын ала келген екен, кілем, ыдыс-аяқ, тұрмысқа қажет заттарды үйіп тастады. Ақмарал Шақабаева ұзақ уақыт бойы әжені қамқорлығына алып, көмектесіп келіпті. Қыс мезгілінде тимуршылар қар күреп, отынын жағып, суын тасып береді екен. Ол өз сөзінде алдағы уақытта да анаға қолғабыс жасай беретінін тілге тиек етті. Ал қарт әже өзіне қамқорлық жасаған аудан, ауыл басшылары мен жерлестеріне алғысын білдіріп, көзіне жас алған кезде, көпшілік қауым толқып кетті.

Ауыл тұрғындары Г.Құрманованың жаңа үйіне кіріп, шашу шашты, дастарханнан дәм татты.

Оңдасын Елубай.
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button