Қоғам

Ауылдастары Мұсабаевты мақтан тұтады

Ауылдастары Мұсабаевты мақтан тұтады


Белгілі кәсіпкер әрі меценат Бақтыбек Мұсабаев жетекшілік ететін «Некрасовка и К» шаруа қожалығы Тарбағатай тауының етегіндегі Некрасовка ауылында орналасқан.

Шаруашылығы бүгінгі күндері өсіп-өркендеп, айтарлықтай дамыған қожалықтың жеткен жетістіктері шынымен де қуантарлық. Мал санын өсіріп, көбейтумен және астық, дәнді дақылдарымен, сондай-ақ, көкөністің неше түрін өндірумен айналысатын бұл ұжымда 30-дан астам адам тыным таппай, қысы-жазы еңбек етуде. Қазіргі уақытта Бақтыбек Тоқашұлының қарамағында 1100 гектар егістік, 500 гектар шабындық, сонымен қатар, 1500 гектар жайылым жер бар. Шаруашылығы шалқыған қожалықта 400-ге жуық «Әулиекөл» және «Сементал» асыл тұқымды ірі қара, жалынан жел ескен 500-ден астам қазақтың асыл тұқымды «Жабы» жылқысы да осы шаруашылықтың қарамағында. Шөбі шүйгін, жайылымы құнарлы, табиғаты көрікті бұл өңірде Бақтыбек Мұсабаев басқаратын «Некрасовка и К» шаруа қожалығы омарта шаруашылығымен де талайдан бері шама-шарқынша айналысып келеді. Тағы бір айта кетеріміз, көптен бері «Карпатка» деп аталатын асыл тұқымды араларды ұжым болып өсіріп, дәруменге бай бал тағамын біраздан бері дайындап келеді.

Биік таудың қойнауын ежелден қалың қар басатыны әркімге белгілі. Бұл ретте, ауданымызға өзінің іскерлігімен, қайырымдылығымен танымал Бақтыбек Мұсабаев «Үржар-Қарабұйрат» бағытындағы жолды жыл сайын қыс мезгілінде қардан тазартып, жерлестерінің шынайы алғысына бөленіп келе жатқан атпал азамат. Ол бұл істі талай жылдан бері үлкен жауапкершілікпен, адал да тиянақты атқарып келеді деп сеніммен айтуға болады.

Барқытбел ауылдық округіне қарайтын Барқытбел, Батпақты, Благодатное, Некрасовка, Қарабұйрат елді мекендерінің тұрғындары қашанда Бақтыбек Мұсабаевты азамат ретінде, танымал кәсіпкер ретінде мақтан тұтып, ризашылықтарын білдіруде.

Бұның себебі, ол қай уақытта да қиналған, көмек қолын керек ететін жандардың қасынан табыла біледі. Аз қамтылған отбасылардың, мұқтаж жандардың тауқыметтері мен мәселелерін шешуге үнемі көмектесіп келе жатқан айтулы азаматтың бірі.

Ол осы округке және ауданға қарасты білім ордаларында өтетін әртүрлі акцияларға, іс-шараларға бөгелмей, бір шетте қалмай белсене атсалысады. Бір сөзбен айтқанда, «Некрасовка и К» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Бақтыбек Тоқашұлын, еңбегімен елене білген азамат деп танимыз.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button