Қоғам

Ауылдарын көріктендіруге атсалысып жатыр

Ауылдарын көріктендіруге атсалысып жатыр

Көкөзек ауылдық округінің жастары, ауыл тұрғындары туған жерлерін көркейтіп, көріктендіріп жатыр.

1984 жылғы мектеп бітірушілердің отыз жылдық кездесулерін ұйымдастырғандардың қаражатымен «Туған жерге – тағзым» акциясының аясында ауылдың кіреберісіне ортасында шаңырақ, уықтармен көмкерілген, «Көкөзек» деп жазылған қақпа орнатылды. Қақпаның жобасын жасаған – ауған соғысының ардагері Дүйсен Дюсупов.

Бұл шара «Қажымұқан» шаруа қожалығының басшысы Тілеубек Нұрғазиев, Нұрболат Рақымжанов, Талғат Әлдибековтің бастамасымен, Серік Әділжанов, Серік Бейсенбаев, Нұрлан Қуандықов, Сергей Головченко сияқты ауыл тұрғындарының атсалысулары арқылы жүзеге асты. Қақпаны орнатқан күні ауыл тұрғындары ақ дастарқандарын жайып, кішігірім мереке ұйымдастырды.

Елдің берекесін келтіретін өнегелі істер жалғасын табуда. 2014 жылы мектеп бітіруші түлектердің күшімен үлкен жолдың айрығына шағын аялдама орнатылды. Жаңа өмірге қадам басқан жастардың алғашқы өнегелі ісі ауыл мешітін жөндеуден басталды. Мешіттің айналасын тазалап, әрлеп-сырлады. Ауыл тұрғындары түлектерге ризашылықтарын білдіруде.

Қазір ауылдың Қусақ көшесінің бойындағы жолға тас төгу, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары басталды. Ауданнан көмекке келген құм тиеп, төгетін машиналармен бірге «Батыр», «Қайрахмет» шаруа қожалықтарының басшылары Асхат Батырқанов пен Руслан Лепесов жекеменшік тракторларымен жол жөндеуге шығып, әрқайсысы өз көшелерінің бойына тас төгіп, игілікті іске жұрт жұмыла кірісті.

бейсенғазы ұлықбек
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button