Ауылдарда жедел жәрдем қызметіне қол жетпей тұр

Облыста 522 елді мекенде тұратын 508 мыңнан астам тұрғынның жедел жәрдем қызметіне қолы жетпей отыр.Оның себебі неде? Қалыптасқан жағдайдан шығудың жолдары қандай? Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі эксперттік жұмыс тобының кезекті отырысында қаралды.
Жедел жәрдем қызметіндегі өзгерістер осыдан екі жыл бұрын, 2017 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің № 450 бұйрығымен басталған болатын. Шақыртулар жеделдігі жағынан 4 санатқа бөлініп, 1-3 категорияларды жедел жәрдем стансасы қамтамасыз етсе, 4-категория – созылмалы дерті бар науқастардың шақыртулары емханаларға берілген. Жедел медициналық көмектің дер кезінде әрі қолжетімді болуы үшін облыстық әкімдіктің қаулысымен 2018 жылдың 24 тамызында облыстық жедел медициналық көмек стансасы құрылды. Облыстық санавиация қызметі де осы құрылымға беріліпті. Қазіргі уақытта өңірде жедел жәрдемнің «Көмек» бірыңғай ақпараттық жүйесі орнатылып жатыр. Өңірдегі барлық шақыртуларды республикалық санитарлық авиация бақылап отырады. Ал үстіміздегі жылдың 1наурызынан барлық қала мен аудандағы жедел жәрдем бөлімшелері облыстық құрылымның құрамына өтті.
Ауылдағы дәрігерлік амбулаториялар көліктерін бермейді
Барлық «гәп» оты тұста басталыпты.
-Облыста 188 санитарлық көлік болғанымен, біздің қарамағымызға тек 52 транспорт берілді. Соның кесірінен ауылды жерлердегі 522 елді мекен жедел медициналық жәрдем қызметінсіз қалып тұр.Көліктердің тек 43 пайызы ғана GPS қабылдағыштармен қамтамасыз етілген. Бұрынғы Семей қалалық жедел жәрдем стансасы заңды тұлға ретінде сақталып қалды. Сол себепті бұрынғы Шығыс Қазақстан облысының ауылдары бізге қарайды. Ал Семей өңірінің ауылдарын өздері қамтамасыз етуге тиіс, – деді облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Марат Ластаев.
Қалыптасқан жағдай түсінікті болу үшін жиындамысал ретінде Глубокое ауданы қарастырылды. Оларда 65 мың тұрғынға қызмет көрсету үшін бұрыннан екі көлік болыпты. Бір пост Белоусовкада, Винное мен Предгорное елді мекендеріне түнгі шақыртуларға ғана баратын. Оларды отбасылық-дәрігерлік амбулаториялар қамтамасыз етіп отыратын. Енді олар облыстық стансаға тек Глубокое мен Белоусовкадағы бекеттерді ғана өткізіп, көліктерді бермеген. Біресе «сынып қалды» деп, не болмаса «жүргізуші демалысқа кетті» деген сылтау айтады. Қызмет көрсету аясы 100 шақырымды құрайтын Катонқарағай ауданында да жалғыз жедел медициналық жәрдем каретасы бар. Шалғайдағы науқасқа барып келгенше, екі сағаттан астам уақыт кетеді екен. Осы сәтте дәрігерлік көмекке мұқтаж басқа тұрғындар жедел жәрдемнің көмегінсіз қалады. Науқаста әр сәт қымбат инсульт немесе инфарктсияқты дерттер болуы мүмкін.
– №450 бұйрықта өтпелі кезеңде жер-жерлердегі отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың транспорттары жедел жәрдем көлігі ретінде пайдаланылсын, қызметкерлері өз тұрғындарына жедел көмек көрсете алатындай дайындықтан өтуге тиіс деп анық жазылған. Бұрын да ауылдардағы дәрігерлік амбулаториялар науқастарды аудан орталығындағы жедел жәрдем бекетіне өз көліктерімен жеткізетін. Қазір барлық бөлімшелердің қызметтері орталықтандырылған тұста олар «бұл енді амбулаторияның міндеті емес» деп бас тартуда, – деп жалғастырды бас дәрігер.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес АҚ Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры Болат Алиев әрбір үлкен ауылда медпункт немесе фельдшерлік амбулатория бар екенін, олардың әрқайсысы көлікпен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
-Облыста 1миллион 365 мың тұрғын болса, олардың 580 мыңы ауылда тұрады. Министрліктің №450 бұйрығына сәйкес ауылды жерлердегі шақыртуларды фельдшер мамандар қамтамасыз ету керек. Катонқарағай ауданындағы оннан астам елді мекендегі ауылдық дәрігерлік амбулаториялардың барлығына көліктер бөлінген. Науқастарды үнемі өздері тасып жүрген олар бүгін неге бас тартады? Онда оларға көлік не керек? Бас дәрігерлерді тасу үшін ғана ма? Қазіргі таңда республиканың әр ауданға жедел жәрдем каретасын әперетін мүмкіндігі жоқ, – деп сабақтады сөзін Болат Алиев.
Ол кісінің пікірінше, бұл тығырықтан шығу үшін жедел медициналық жәрдем қызметін бір жүйеге түсіру керек.
– Штаттағы қызметкерлерді №450 бұйрығына сәйкестендіру керек. Мен Жамбыл, Қарағанды, Павлодар облыстарының жедел жәрдем қызметтерін зерттеп, өзімізбен салыстырдым. 400 мың тұрғыны бар Тараз қаласында жедел жәрдемнің тоғызмамандандырылған бригадасы қызмет көрсетсе, 360 мың тұрғыны бар Өскеменде олардың саны – 22, дәл осынша халқы бар Семейде 25 бригада жасақталған. Неге халқының саны қарайлас Өскеменде 60 жедел жәрдем қызметкері болса, Семейде 104 маман бар? 2020 жылы медициналық сақтандыру жүйесіне толықтай өтеміз. Қор әрбір тиынды қайда жұмсағандарыңызды қатал сұрайтын болады, – деді Болат Алиев.
2019 жылы біздің облысқа жедел жәрдем қызметіне 4 миллиард 276 миллион теңге бөлінген. Бір фельдшерлік қызметтің құны 2900 теңге болса, дәрігерді шақырту бағасы – 3200 теңге. Өткен жылдан бастап 1-3 категориялы шақыртулар барлық елді мекендерде бірыңғай тарифпен есептеледі. Барлық шақыртулардың 25-30 пайызы 4-категория – созылмалы дертпен ауыратындардың үлесіне тиеді.
Санитар қызметі қысқарды
Салалық министрліктің аталмыш бұйрығында жазылған тағы бір өзгеріс – жедел медициналық жәрдем қызметіндегі санитарларды қысқарту біраз наразылық тудырғаны сөзсіз. Өйткені ауыр науқастарды жоғары қабаттардан түсіргенде олардың көмегі қажет-ақ еді. Әсіресе жалғызілікті жандарға келген кезде көтерісе қоятын ешкім болмайды.
Алайда бұл мәселеде де Болат Алиевтің пікірі біржақты.
-Өскемен мен Семей қалаларында 2018 жылы 140 санитарды ұстау үшін 140 миллион теңге жұмсаппыз. Олар не үшін керек деп анықтасам, науқастарды жоғары қабаттардан түсіру үшін керек дейді. Қарасам, санитарлардың 80 пайызы әйелдер екен. Олар соншама қайратты, күштері тасып тұрғаны ма? Ал балалар бригадаларына санитарлар не керек? Немесе көлік жууға керек деген уәжді де естідім. Ал жүргізушінің өзі жуса, несі кетеді? – деп қайран қалады сақтандыру қорының директоры.
Бүгінде бұйрыққа сәйкес бұрынғы Өскемен қалалық жедел медициналық жәрдем қызметіндегі 98 санитардың жартысы қысқартылған. Қалған 42,5 штаттық бірлікті көлік жуатындар мен еден жуушы ретінде сақтап қалыпты. Семей қаласында да 77,5 штаттық бірліктен қалған 25,5 штаттық бірлік тазалық жұмыстарымен айналысады.
Біздің тұрғындар жедел жәрдем қызметін еуропалық елдерге қарағанда төрт есе жиі шақырады екен. Өскеменде жылына 300-ден астам шақырту жасаған науқас тіркеліпті.
-Барлық мәселе қаржыны дұрыс пайдалана алмауымыздан туындайды.Өткен жылы Семейдегі жедел жәрдем стансасында қалыптасқан жағдайға байланысты сақтандыру қорының облыстық филиалының директоры ретінде прокуратураның, «Нur Otan» партиясының облыстық филиалының алдында тіпті республикалық деңгейде жауап беруіме тура келді. Былтыр министрлік бізге қосымша 400 миллион теңге бөлсе, оның 300 миллионын Семей қаласына жібердік. Жедел медициналық қызмет жүйесін бір ізге түсірмей бұл тығырықтан шыға алмаймыз, – деп қорытындылады Болат Алиев.
Жедел медициналық көмекті фельдшерлік және дәрігерлермен жабдықталған мамандандырылған бригадалар қамтамасыз етеді. Фельдшерлік бригадаға екі фельдшер мен жүргізуші кіреді. Ал мамандандырылған бригаданың құрамында дәрігер, фельдшер және жүргізуші бар. Бір фельдшерлік қызметтің құны 2900 теңге болса, дәрігерді шақырту бағасы – 3200 теңге.
Айна Ескенқызы