Қоғам

Ауылдарға газ келді

Ауылдарға газ келді


Соңғы жеті-сегіз жылдың ішінде ауыл өмірін ажарландыруға бағытталған біршама оңды істер, халықтың көңілі жай тапты.

– Биылғы күзде ауыл тұрғындары үшін көптен бері тағатсыздана күткен игілікті іс қолға алынды. Өңірдегі тоғыз елді мекенді газдандыру ісі жүзеге асырылуда. Алматыдан арнайы жасақталған екі бригада келіп, елді мекендерде жоспарланған жұмыстарды атқаруда. Аталған ауылдардың тұрғындары алдағы қыс маусымында үйлерін газбен жылытып, ас-ауқаттарын да газбен дайындайтын мүмкіндікке ие болады, – дейді газдандыру саласына жауапты Зайсан ауданы әкімінің орынбасары Әсет Құсайынов.

– Аға ұрпақ өкілдері, біздің әке-шешеміз кезінде малдың қорасындағы қиын дайындап, тезек теріп, қараған, тал дайындап, үйді жылытып, бала-шағаларын суыққа тоңдырмай өсірді. Үлкен үйлерді жылыту үшін қыс маусымында он тоннадан артық көмір сатып алуларына тура келетін. Осы уақытқа дейін туған жеріміздің қойнауынан өндірілген байлықтың бірі – көгілдір отынды пайдалану әрбір ауыл тұрғынының арманы болған. Қазір бұрынғыдай су тасымаймыз, енді үйге көмір кіргізіп, күл шығармаймыз. Үлкен қаладағыдай заманауи талғаммен өмір сүруге барлық мүмкіндіктер бар, – дейді көпбалалы ана, зейнеткер ұстаз Риза Ыбырайқызы.

Қазан айының екінші аптасында ауылдық округтің орталығы, іргелі мекеннің бірі Қаратал ауылында газ құбырларын үйге тарту жұмыстары басталған. Мұнда үй саны 563 болса, үйіне газ кіргізуге өтініш бергендер саны әзірге 205 отбасы. Қазіргі уақытқа дейін мұнда 160 үйге газ тартылған. Жауапты шаруаны атқару жауапкершілігін Өміржан Құлболдинов басқаратын, «КазСтройХолдинг» ЖШС өз міндеттеріне алған.

– Жұмысты өткен қыркүйек айының ортасынан бастағанбыз. Кезек Қаратал ауылына келді. Қазір тоғыз бригада жұмыс атқаруда. Күнделікті 25-30 үйге дейін қамтамасыз етеміз. Біздің міндет – жер астынан шығып тұрған газ құбырына арнайы темір құбырларды (трубаларды) жалғап, үйге дейін жеткізу, – дейді Өміржан Құлболдинов.

Зайсан өңірі қазба байлықтардан кенде емес. Иә, ауылдағы тұрғындар осы уақытқа дейін қыс маусымында Зайсан көмірін пайдаланып келді. Оған да шүкіршілік айтады. Өйткені, көршілес басқа аудандарда ондай да мүмкіндік жоқ. Қатты отын-көмірді тапсырыспен қыс маусымында біздің ауданнан алғызатыны шындық.

– Ауданда газға қосылатын тоғыз ауылдың бірі – біздің Дайыр ауылдық округінің аумағындағы Жамбыл ауылы. Мұнда есепке алынған 82 үй бар, бүгінгі ақпарат бойынша 34 отбасы алғашқылардың қатарында үйлеріне газ кіргізіп алған жамбылдықтардың көңіл күйі көтеріңкі, – дейді Дайыр ауылдық округінің әкімі Болатбек Балғабайұлы.

А.Дәулет
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button