Ауылдар көк түтінге тұншығып отыр
Барқытбелдің баурайы ауасы – кәусар, суы – бал саналатын өңірдің бірі. Облысты былай қойғанда, еліміздегі экологиясы ең таза жер. Солайы солай-ау. Бірақ, осындағы жұрттың қыс бойы көк түтінге тұншығып шығатыны бар.
Оған жергілікті халықтың өзі кінәлі. Тұрғындар қорасынан шыққан шөп қалдықтары мен малдың жас тезегін қоқыс төгетін тиісті жерге апарудың орнына, ауласының алдында өртейді. Тезек пен шөп сояулары бірнеше күн бықсып жанумен болады. Ауылды басқан көк түтін тұрғындардың қолқасын қауып, тынысын тарылтып, әсіресе, кешқұрым қоюланып, мектептен қайтқан балаларды көшеде жөтел қысып, бастары айналып, үйлеріне әрең жетететін кездері соңғы уақытта жиілеп кеткен.
Тыныс жолдары ауыратын адамдар дәрігерлерге жиі шағымдануда. Бір ауылда кем дегенде 500 аула бар, оның бәрінде қоқыс өртелетінін ескерсеңіз, ауаның қаншалықты ластанып жатқанын көзге елестету қиын емес. Бұл мәселе ауылдарда әлсін-әлсін көтеріліп жүр. Әкімдер есептерінде жыл сайын әңгіме болып жатады. Алайда, айтылған сөз айтылған жерінде қалумен келеді. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
Әсіресе, Ақсуат, Екпін ауылдарының тұрғындары тымық күндері аулаға шығудан қалады. «Түтінге тұншығып отырғандар бұлар ғана емес, барлық елді мекендегілер де осындай халді бастан кешуде,- дейді тұрғындар,- ауданда айлап бықсып жататын түтіннің залалын анықтап беретін құзырлы орын жоқ».
Ауданда бұрындары экология инспекторлары болған. Қазір солардың қайда жүргенін ешкім білмейді. Шындығында, 2006 жылдан бері «Тарбағатай табиғаты» экологиялық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Міндеті – қоршаған ортаны қорғау, аудан табиғатын зерттеу, ғылыми жобалар жасау, экологиядан зардап шеккен жандарға жәрдемдесу ғана. Ендігі жердегі ауданның тазалығы мен экологиясына жауапты жалғыз мекеме – санитарлық-эпидемиологиялық станция. Мұның да атқарып отырған жұмысы шамалы сияқты. Әйтпесе, өздері де көк түтіннен көз аша алмай отырып, көше тазалығы мен ауылдарды жайлаған антисанитарлық жағдайға назар аудармауын қалай түсінеміз? Өңірдегі 17 ауылдық округтің бәріндегі ахуал осындай.
Мәселе осымен ғана шектеліп отырған жоқ. Ауданда көктем шыға күл-қоқыстың, мал өлекселерінің ауылдар сыртында шашылып жатуы үйреншікті көрініске айналып кеткен. Жергілікті әкімдер немқұрайдылық танытса, дер кезінде іске араласпаса, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, құзырлы орындармен байланыс орнатпаса, бұл олқылықтардың өзінен-өзі түзеліп кетпесі бесенеден белгілі. Ендеше «Ауыл басқарған азаматтардың құлағына – алтын сырға» дейміз де.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.